Қашықтан оқытқан қалай екен?

ТЖ және тәмам болған төртінші тоқсан туралы ұстаздың ойын білдік

Фото: Нағима Елтайдың жеке архивінен

Бір оқу жылы да артта қалды. Биылғысының жөні бөлек. Төтенше жағдайға байланысты төртінші тоқсанды бүкіл Қазақстан оқушылары қашықтан оқып, тәмамдады. Осы уақыт ішінде ұстаздар шәкірттерімен желі арқылы жүздесіп, мессенджер көмегімен тапсырма беріп келді. Тоқсан соңында ерекше оқу жылы жайлы ұстаз ойын білгіміз келді.

Нағима Елтай Шымкент қаласының маңында орналасқан Тоғыс ауылындағы №120 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте бастауыш сыныптарға сабақ береді. 58 жастағы ұстаз бала арманына адал болып, мақсатына жеткен. Бірақ мектеп бітірген бойда педагог мамандығына түсу бұйырмай, алдымен мәдениет қызметкері болып жұмыс істейді. Кейіннен, тәуелсіздік алған жылы арман еткен  жолы — мұғалімдікке кіріседі. Содан бері мектеп табалдырығын аттаған балаларды күлімдеп қарсы алып, әріп танытып келеді.

 

88a008f7-fa9c-42de-8c78-ce84db4fa114.jpg

«Балалармен бірлесіп жұмыс істеген өте қызық. Көбі қазіргі балаларды тәрбиелеу қиын екенін айтып, шаршамайтынымның сырын сұрап жатады. Ал негізі ойлап қарасаңыз, әр бала — жеке әлем. Әрқайсысының жан дүниесіне терең үңілуге тырысамын» дейді кейіпкеріміз.  

Кейіпкеріміздің күні таң намазынан басталады. Қазан-ошақ қасында қазір келіні жүреді. Таңғы асы дайын. Ауқаттанып алып, жұмысқа кіріседі. Қашықтан оқытуға көшкен кезде алғашында қиын болғанын айтады.

«Бірден бәрін игеріп, алып кету оңай болған жоқ. Бірақ дамыған ел болу үшін жаңа технологияның тілін білу қажет. Балалар үшін де пайдалы. Біздің мектеп қала сыртында болғандықтан, материалдық база толық емес. Ал карантин кезінде бұрын үңіле бермеген әдіс-тәсілдермен таныстық. Осы тұрғыдан ұнады. Таңертең 8-де отырғаннан кешке қарай бір тұрамын. Өйткені ізденемін, көп білуге ұмтыламын»,- дейді.

"Биыл тағы бір топ оқушыны орта буынға аттандырдым. Соңғы тоқсанды қашықтан оқығандықтан, екі ай бойы шәкірттерімді көрмедім. Дегенмен ара-тұра олар мектепті, сабақты және мені сағынғандарын айтып, хабарласып тұрады" дейді. 

50ea4f4b-5877-44e1-adf1-0cf5df84255e.jpg

Сондай жылы лебіздің бірін Алдияр Дәрібай атты оқушысы видеомен жолдапты.

 «Нағима апай, бізді мұражайға апарған кезіңіз есіңізде ме? Сол экскурсия маған қатты ұнаған. Тарихи оқиғаларды талдап, ата-бабамыздың тыныс-тіршілігін танысқанбыз. Сабақтан тыс кездегі сондай сәттер үшін сізге алғысымыз шексіз. Сізді жақсы көреміз»,- дейді Алдияр. 

Ләззат Ермекбай атты шәкірті есінде ерекше қалған сәтті есіне алыпты. Айтуынша, 1-сыныпта «Қызықты математика» сабағында тапсырма орындағанда апайының «Өте жақсы» деп бағалағанына ерекше қуанып, қанаттанған екен. Өзі нашар орындадым деп ойлап, іштей сенімсіздік пен қорқыныш бойы билегенде ұстазының көтермелегеніне дән риза болыпты. 

«Негізі бағалауға келгенде жоғары сынып ұстаздары біздің сәл көтермелеп баға қоятынымызды айтып жатады. Меніңше, баланы демеп, қолпаштаған сайын ол өзіне сенімді бола түседі. Мысалы Ләззат өз жұмысын «төртке» бағалағанымен, мен «бес» қойдым. Соған қуанған ол одан кейін үздік оқуға тырысты. Саусақтары нәзік, үлбіреп тұрған балапандардың қанатын қиюға бола ма екен?. Төрт жыл өтсе де, сол сәт оның есінде сақталыпты. Көрдіңіз бе, қолдаудың маңызы қандай?»- деп ағынан жарылды ұстаз. 

«Осы оқу жылында 4-сыныпты 7 қазақ, 2 орыс класы бітірдік. Соның ішінде жасы ең үлкені — мен. Менен кейін 49 және 46 жастағы екі ұстаз бар. Қалғандары — жастар. Олар болса, заманауи тәсілдерді қолданғысы келеді. Қазір техниканың заманы болғандықтан, мектепті ең бірінші компьютермен жабдықтау маңызды. Тіпті кеше ТЖ кезінде қанша мұғалімге жұмыс істеу қиын болды. Үйіне интернет желісі тартылмаған, ноутбугы жоқ дегендей. Кей ауылда сабақ өту үшін сай-сала мен төбе кезіп кеткен. Онлайн сабақтың дамуға жақсы әсер еткенімен, әлеуметтік ахуалың сай келмесе, өте ауыр. Жақында Елтай ауылында су тасқыны болды. Сондағы бір ұстаз «үйдегі дүние-мүлкімді тастап, қолыма ноутбугымды құшақтап, бар ойым журнал мен жұмыста болды» деп ағынан жарылды» деп ұстаздардың қызметіне қаншалық адал келетінін атап өтті Нағима Әлсейітқызы. 

Мұғалімдердің әлеуметтік мәселесінен бөлек, оқулықтардың сапасы да жиі сынға ұшырайды. Нағима Елтай бұрынғы «Әліппенің» артық тұсын айтып берді.

«Әліппе» бұрын үшке бөлінетін: «Әліппеге дейінгі кезең», «Әліппе кезеңі» және кейінгі кезең. Алдымен 14 сағат айналамен танысу өтеді. Сөз құрау, тасымалдау, дауысты-дауыссыз дыбыс және т.б тақырыптарда жеке-жеке өтетінбіз. Екінші кезеңде дыбыс пен әріпті таныстырып, екі қатар көркем жазу жүретін. Қазір жастар жазуға мән бере бермейтінін байқаймын. Каллиграфия өте маңызды. Әріптердің арасы үзілмей, бір-бірімен байланысып жазылуы керек. Ал қазіргі «Сауат ашу» оқулығында мұның бірі жоқ. Үшінші кезеңде бүкіл әріпті таныған соң, ертегілер, өлең-тақпақ берілетін. Одан кейінгі мәселе — «Ана тілі». Бала ана құрсағына жатқанда-ақ анасының сөзін тыңдап өседі. Тілге, анаға деген құрметті сіңіріп өсіруге жақсы әдіс еді. Ал қазір «Әдебиеттік оқу» болып өзгерді. Бірден көшіп кеткен ыңғайсыз. Өйткені ана тілі мен әдебиет арасында үлкен алшақтық жатқандай көрінеді. Әдебиеттің маңызы, әлбетте, өте зор. Дегенмен бастауышта төрт жыл бойы «Ана тілі» оқулығын оқып өскен сезім өзгерек деп есептеймін»,- дейді ұстаз. 

Мектебін сағынып жылаған оқушылардың аудиосын естіген боларсыз. Карантин көп нәрсенің бағасын айқындады. Соның ішінде — ұстаздың. Қағаздан көз ашпай, кейде жеке шаруасына қолын бір сілтеп, журнал толтыратын жандарға төтенше жағдай оңай болмады. Оны ата-аналар да еріксіз мойындап жатыр. Бір анық: келер жылы ұстаз да, шәкірт те мектеппен сағына көріседі. 


 

banner_wsj.gif

Биыл ЖОО-ға түсуші талапкерлер нені білуі тиіс?

Министрлік өкілдері тың ақпараттармен бөлісті

Фото: Pixabay.com

Сұхбат министрліктің желідегі парақшасында көрсетілді.

Осы жылы ҰБТ-ға қатысу үшін 131 755 өтініш келіп түсті. Бұл биылғы мектеп бітірушілердің 82 пайызын құрайды. Оның 110 мыңы онлайн түрде өтініш тапсырған. Өткен жылмен салыстырғанда тест тапсырғысы келгендер саны 12 пайызға артқан. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері осы және өзге де жаңалықтарын жария етті. Көптеген талапкерлерді және ата-аналарды әсіресе білім беру гранттарын жеңіп алатын конкурс деректері қызықтыратыны анық. 


Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, 13-20 шілде аралығында білім беру гранттарының конкурстарына өтініштер қабылданып, конкурстың өзі 21-31 шілде аралығында өтпек. 


     «Осы жылы бакалавриатқа 53 863 грант, магистратураға 13 300 грант, докторантураға 2 355 грант бөлініп отыр. Сонымен қатар: Мүгедек балаларға арналған 1 пайыз; 
Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген азаматтарға 0,5 пайыз; 
Ауыл жастары үшін 30 пайыз; 
ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін 4 пайыз; 
Жетім балалар үшін 1 пайыз; 
«Серпін» бағдарламасы бойынша 10 пайыз квота қарастырылған.     
Білім жүйесінде былтырдан бастап жаңашылдық енгізілген. Яғни, талапкерлер мамандықты емес білім беру бағдарлама топтарын да таңдай алады. Грант нақты бір мамандыққа емес, білім беру топтарына бекітіледі», - дейді Әділет Тойбаев. 


Яғни, осыған дейін нақты мамандықтар тізімі бекітіліп, соған орай мемлекеттік білім беру тапсырысы жасалса, енді мемлекеттік тапсырыс білім беру топтарына үлестіріледі. 


    «Талапкерлер конкурсқа қатысқан кезде 4-еуге дейін білім беру топтарын таңдай алады және сол білім беру тобына берілген грантты ұтып алуы тиіс. Кейін оған грант берілген кезде жоғары оқу орнына келіп сол білім беру тобына кіретін білім беру бағдарламасын таңдап, оқиды»,- дейді Әділет Тойбаев. 

 

Egov.kz порталы арқылы білім беру топтары мен ЖОО-ны таңдап, конкурсқа қатысуға өтініш жіберуге мүмкіндік бар. Өтінішпен бірге білімі туралы құжатты, ҰБТ сертификатын, 086-У формасындағы медициналық анықтаманы және жеке куәлігін қоса жолдауы міндетті. Конкурс қорытындысы бойынша талапкер грант жеңгені немесе жеңбегені туралы хабарлама алатын болады. Егер қуанышты жаңалық болса, онда грант туралы электронды куәлік жіберілмек. 


Онлайн өтініш беру мұнымен шектелмейді. Грант жеңіп алған оқушы ЖОО-ға түсу мен жатақханадан орын алуға да осы портал арқылы өтініш жолдайды. Әділет Тойбаевтың айтуынша, биыл ҰБТ-дағы өзінің шекті балынан асыра жинауға мүмкіндік беретін қосымша емтихан да ұйымдастырылады. 


Білім беру саласындағы басты жаңашылдық ретінде аталып жатқан «білім беру топтары» бекерге қолға алынып жатқан жоқ дейді мамандар. Мәселен, министрлік үшінші жыл қатарынан «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп ЖОО-лардағы білім беру топтарының рейтингін жүргізіп келе жатыр. Ол жерде студенттің оқуды бітірген соң жұмысты қанша уақытта табатыны; орташа жалақы көлемі; жұмыс тұрақтылығы; білім беру бағдарламасының сапасы; білім беру бағдарламасын құрастыруға жұмыс берушілердің қаншалықты қатыстырылғаны ескерілмек. 


     «Мысалы, былтыр ЖОО түлектері орта есеппен 3,5 – 5 ай көлемінде жұмыс іздеп жүріп қалған. 61 ЖОО-да түлектердің жартысынан азы бір жыл ішінде жұмысқа орналасқан. Көп жылдар бойы белгілі бір ЖОО-лар осы талап бойынша төменгі орындарда келе жатыр. Олардың қатарында – Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті, Орталық-Азия университеті, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университет және «Астана» университеттері бар. Ендігі кезекте ЖОО-лар өздерінің білім беру бағдарламаларын министрлік экспертизасынан сәтті өткізе алса ғана лицензия иеленбек», - дейді Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. 


Министрлік бекіткен шекті балл деңгейі:  


Ұлттық ЖОО-ға – талапкер 65 баллдан;  
Өзге ЖОО-ға – 50 баллдан; 
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринарлыққа» түсу үшін – 60 баллдан; 
«Педагогикалық ғылымдарға» - 70 баллдан; 
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыруға» түсу үшін – 65 баллдан кем жинамауы тиіс.

 

 
Еске салсақ, биыл елімізде ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында 161 белгіленген тапсыру орнында өтетін болады. Аталған орындар 38 университет, 3 колледж және 120 мектеп базасында орналасқан. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg