Енді мұғалімдер артық қағаз бен құжат толтырмайтын болды

Министр жаңа бұйрықтың күшіне енгенін мәлімдеді

Фото:shutterstock.com

Енді қазақстандық мұғалімдер артық-ауыс қағаз бен құжат  толтырып әуре-сарсаңға түспейді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің шамадан тыс есеп беру мәселесін шешетін бұйрықтың мамыр айынан бастап күшіне енгенін өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлаған. Министрдің жазуынша, 2020 жылғы 6 сәуірде қол қойған № 130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген. Ведомство басшысы құжаттың маңыздылығын былай түсіндіреді. 

«Бұдан былай мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден арылтатын заң жүзіндегі негіз пайда болды. Енді Министрлік бекіткен нақты тізім бар. «Педагог мәртебесі туралы» Заңға және Әкімшілік кодекске сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартуға болады.

96216080_10216203811024231_3807305580951896064_n.jpg

Енді пән мұғалімі күнделікті екі құжатты толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ.

Егер мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.

Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, онда оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады.

Мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да нақты тізімі белгіленді, артық құжаттың еш қажеті жоқ» деп жазады министр.

Оның сөзінше, колледж мұғалімдері толтыратын құжаттар тізімі де бекітілген. Олар жыл басында жұмыс істеуге арналған оқу бағдарламасын құрып, күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасайды, ал күн сайын сабақ жоспарын әзірлейді. Сондай-ақ теориялық, өндірістік оқыту және жеке сабақтарды есепке алу журналдарын толтырады. Егер педагог куратордың қызметін атқарса, тағы бір құжат қосылмақ. 

96859084_10216203810824226_8710066910328258560_n.jpg

«Шамадан тыс есеп беру көрсеткішін түбегейлі азайтуға қатысты нақты жұмыстар мектепке дейінгі және жоғары білім беру деңгейлері бойынша да жүргізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының оқытушылары да қажетсіз қағаз жүктемесінен арылады. Қазіргі уақытта БҒМ тарапынан нормативтік құжаттарда көрсетілген бақылаудың жүргізілуіне қатысты толтырылатын құжаттар тізімі қайта қаралып жатыр. Басым бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданды. Мәселен, кафедраның жұмыс жоспары, комиссияның хаттамасы, қызметтік оқу жоспары сынды құжаттар бізге қажет емес» дейді министр. 

Ол жоғары оқу орындары бойынша бөлек пост жазып, түсіндіретінін айтыпты. 

«Шамадан тыс есеп беруден арылту және құжаттама үлгілерін біріздендіру, ең алдымен, мұғалім жүктемесін жеңілдетеді. Оның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді, артық құжат айналымын оңтайландырып, түрлі құжаттар арқылы ақпарат жинау сияқты ескірген тәжірибеден арылтады деген сенімдемін.Барлық білім беру ұйымдарының назарында тек білім алушы болуы тиіс. Педагогтер барлық жұмыс уақытын білім беруге, білім сапасын арттыруға бағыттауы қажет және олардың балалармен жеке айналысуға мүмкіндіктерінің болуы маңызды. Сондықтан Министрлік мұғалімдерді артық жұмыстан арылту бойынша жұмыс жасап жатыр. Бұл ретте мұғалімдерге артылған артық жүктемені азайту бойынша жағдай жасап қана қоймай, педагогтерден жоғары кәсіби біліктілікті және сапалы білім беруді талап ететін боламыз. Қоғамда білім беру сапасының неге ақсап тұрғанын түсіндіру үшін, педагогтердің шамадан тыс есеп беретіні, олардың өзіне тән емес жұмыстарға тартылуы, оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы олқылықтар туралы және тағы сол сияқты мәселелер айтылады. Бірақ бұл проблеманың барлығы шешіліп жатыр және бұдан былай да шешімін таба береді» дейді. 

Министр өз мәлімдемесінде мұғалімдердің қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша есеп талап ету жағдайлары байқалса, онда оны тексерумен министрліктің білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің аймақтық департаменттері айналысады. 

Еске салсақ, 2019 жылы сәуір айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі министр Күләш Шәмшидиноваға мектеп және жоғары оқу орындары мұғалімдерін шамадан тыс есеп беруден арылтуды тапсырған еді. Президент мұғалім мәртебесін көтеру, ғалымдарға қолдау көрсету, әсіресе мемлекеттік тілде зерттеу жүргізіп жатқан гуманитарлық сала өкілдеріне көмек беру туралы тапсырған. Шәмшидинова тұсында тапсырылған міндет Аймағамбетов билігі кезінде жүзеге асты. Ел мұғалімдері осыған дейін шамадан тыс есеп беру, қажетсіз құжат толтыру, өз міндетіне кірмейтін жұмыстарды атқару бойынша қаншама рет шағым білдірген болатын. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif