Skip to main content

Таяқ жерге тасталды, қашықтан оқу басталды

Дүйсенбіден басталатын төртінші тоқсанға қатысты сұрақтарға министрден жауап

Фото: Асқар Ахметуллин

Жаңа апта жаңа форматтағы сабақпен басталады. Осыған дейін көптің көңілінде жүрген сауалдарға Білім және ғылым министр Асхат Аймағамбетов брифинг өткізіп, жауап берді. 

Сабақты кім қалай оқиды?

6 сәуірден бастап 3 миллионнан астам мектеп оқушысы қашықтан оқыту форматына өтеді. Ол мына тетіктер бойынша жүргізіледі: 

•    Телеарналар арқылы. «Балапан» және «Еларнада» орыс және қазақ тілінде күніне сегіз сағаттан эфир болады. Әр видео сабақ он минутқа жоспарланып отыр. Бүгінде 500-ге жуық сабақ түсірілді. Жалпы саны - 3360. Бәрі мемлекеттік стандартқа сай. Кейін интернетке жүктеледі. Виртуал сабақта берілген тапсырманы үйде орындай береді. Бұл тетікті көбіне интернеті жоқ оқушылар қолданады.   
•    Радио арқылы. «Қазақ радиосына» тиісті аудио сабақтар тапсырылған. Бұл тетік теледидары жоқ отбасылар үшін жасалып отыр. 
•    Пошта арқылы. Министрлік «Қазпоштамен» келісімге қол қойған. Еліміз бойынша 1200-ге жуық елді-мекенде мектеп жоқ. Ол жерлерде әрі кетсе 5-7 бала ғана бар. Осыған дейін ол балалар көрші елді-мекенге қатынап оқып жүрген. Міне, осы оқушыларға поштамен кері байланыс орнатуға мүмкіндік бар. 
•    Штаттық режимде оқу. 1080 мектепте оқушы саны жүзге жетпейді. Шалғайда орналасқандықтан ол жақта қауіп азырақ. Сондықтан олар осыған кезге дейін қалай оқыса, солай жалғастырады. Дәстүрлі режимде сабақ өткізілетін болса да, бір ауысым емес, екі ауысымда оқитын болады. Әрі санитарлық талаптар сақталуы тиіс.
•    Интернет арқылы оқу. Қалада оқитын балалары саны - 2 млн. Аудан орталықтарында 500 мыңдай оқушы бар. Бірақ интернет жылдамдығы мен оған қосылудың оңай емесі ескерілген. Компьютермен қамтамасыз ету де қарастырылып отыр. Қазір мектеп балансындағы 120 мың компьютер уақытша ата-аналарға берілген. Әлі де беріледі. Егер жетпей жатса, қосымша сатып алу қарастырылады. Жергілікті атқарушы органдар ұсынысы бойынша, 79 870 компьютер керек екен. Оған қаражат бөлінген. Интернетке қатысты айтқанда, мысалы қазір Алматының өзінде - 4220, Нұр-Сұлтанда 5583 роутер таратылған. Бұл жұмыс басқа өңірлерде де жүргізіледі. 

Қандай платформаларды қолданамыз?

Bilimland, Daryn Online, Kundelik, Opiq.kz сынды платформалар жетілдірілді. Әр мектеп біреуіне тоқталып, жұмыс істейді. Мысалы сынақ түрінде өткен сабақта «Күнделікке» 930 мың бала кіріп, дәріс алған. Daryn Online-да - 300 мың, Bilimland-те 390 мың бала тіркелген. Бүгінде Bilimland платформасында 40 мыңнан астам видео ресурс бар. Тіркелу тегін. Оған қоса, қазір түсірілетін 3360 сабақ та осы жерге салынады. Онымен қоса электронды пошта, Whats App, Telegram қолдануға болады. Бәрі бір жүйені қолдансын деген талап жоқ.   

Қашықтан оқу мен онлайн оқудың қандай айырмашылығы бар?

Жоғарыда айтылған тетіктер қашықтан оқуға негізделген. Соның ішінде интернет арқылы оқығанда бала тапсырманы алып, өзіне ыңғайлы кезде орындап, өткізе алады. Онлайн оқу болса, дәл бір уақытта өткізіледі. 1 сәуірде сынақ түрінде сабақ өткізілді. Тек онлайн режимде 1 млн 250 оқушы дәріс алып көрді. 

Неге онлайн оқымайтын болдық?

Қолайсыз тұстары көп. Желі бір сәтте миллиондаған қолданушыны көтермейді. Техникалық тұрғыдан олқылық көп. Яғни бұл тәсіл қолданылмайды. Ешкімді міндеттемейді. Одан гөрі платформалар көмегімен қашықтан оқыған ыңғайлы. 

Мұғалімдер есеп бере ме?

Бүгінде барлық тексеру жұмыстары тоқтатылған. Мұғалімдер тек сынып журналын толтырады. Басқаша есеп өткізбейді. Кей жерлерде өткізіп жатқан сабағының суретін, скриншотын сұрататын не видеоға түсіруге міндеттейтін жағдайлар бар. Бұған тыйым салынады. 

Сабақ кесте бойынша өте ме?

Дәстүрлі оқу кестесі болмайды. Бала тапсырманы өзіне ыңғайлы уақытта орындайды. Нәтиже жинақтық бақылау арқылы белгілі болады. 

Мектеп формасын киіп отыру керек пе?

Жоқ, ол талап етілмейді.  

Төртінші тоқсан созыла ма?

Ешқандай кедергі болмаса, әдеттегідей уақытында аяқталуы тиіс. 25 мамыр күні тоқсан бітеді. Көктемгі оқу демалысы созылған еді. Яғни бұрын екі апта болса, осы жолы үш апта болды. Бірақ мұғалімдер кей тақырыптарды біріктіріп оқытып, бағдарламаны қуып жетуге күш салынады. 

ҰБТ қашан болады?

Өтетін уақыты әзірге өзгерген жоқ. Маусымның соңында өткізіледі деп жоспарланып отыр. 
 

banner_wsj.gif

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында бірінші сыныпқа оқушы қабылдау тәртібі қандай?

Білім басқармасы жаңалықтарды жария етті

Фото: kursiv.kz

22 мамыр күні Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова брифинг өткізіп, оқу маусымының аяқталуына орай жаңалықтармен таныстырды. 

ТҮЛЕК – 2020

«18 мамырдан бастап барлық мектеп дейінгі ұйымдар санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтай отырып, өз жұмыстарын бірінші кезекте баланы үйге қалдыруға мүмкіндігі жоқ жұмыс істейтін ата-аналар үшін және ата-аналар қалауы бойынша кезекші топтар режимінде қайта бастады. Бүгінде балабақшаларда 4134 бала тәрбиеленуде. 1 маусымнан бастап барлық балабақшалар және қосымша білім беру ұйымдары өз жұмысын штаттық режимде қайта бастайды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы даярлық топтар балалары 1 тамызға дейін балабақшаға барады. Орта білімге келер болсақ, 25 мамырда барлық мектептерде кезекті оқу жылы аяқталады. Пандемия кезінде мемлекеттік қорытынды емтихандар өткізілмейді. 22 мамыр күні сағат 15:00-де «Балапан» және «Еларна» телеарналарында бітіруші түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру бойынша бірыңғай телесабақ көрсетілді. Осы жылы мектеп бітіру шарасы «Біргеміз, түлек 2020» ұранымен өтеді. 

25 мамыр күні барлық мектептерде мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі. Телеарналар арқылы министр Асхат Аймағамбетов түлектерді құттықтайды. 

3 маусым күні 11-сынып түлектері үшін барлық мектептерде аттестат және «Алтын белгі» тапсыру салтанаты өтеді. Іс-шара мектеп аумағында, ашық аспан астында ұйымдастырылады. Мектеп бітірушілердің мектеп формасымен қатысуы қатаң түрде ескертіледі. Салтанатты шарадан соң түлектер аллеясында ағаш отырғызылады. Мектеп әкімшілігіне мектеп бітіру шараларын өткізу кезінде: 
•    Құқық бұзушылыққа; 
•    Мейрамхана мен кафелерде кеш өткізуге жол бермеу тапсырылды. 

Ағымдағы жылы елорданың жалпы білім беретін мектептерін 6515 түлек бітіріп шыққалы отыр. Оның ішінде 6199 оқушы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. ҰБТ 25 маусым мен 5 шілде аралығында барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра өткізілетін болады. Ұзақтығы – 3 сағат 50 минут. Екі блоктан тұрады: 3 негізгі, 2 бейіндік пән. ҰБТ сұрақтарында 11 сыныптың 4 тоқсан бағдарламасы қамтылмайды».  


ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС

«Осы жылы балаларға арналған жазғы демалыс қала сыртындағы лагерлерде ұйымдастырылады. «Арман» туристік сауықтыру кешені, «Боровичок» сауықтыру лагері, «Батыр» шағала лагері және «Тұлпар» киіз үй лагері демалушыларды қабылдайды. Жазғы демалысқа: 
•    Жетім балалар; 
•    Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар; 
•    Көп балалы және аз қамтылған отбасындағы балалар қабылданады.

Сонымен қатар Оқушылар сарайы жанындағы жазғы демалыс академиясы да жұмыс істейді. Балаларды қорғау күніне орай (1 маусым) «Барлығы балалар үшін» акциясы өтеді. Сол күні Инстаграм әлеуметтік желісінде балалар психологы, ішкі істер органының өкілі, заңгер, білім беру және ғылыми өндірістік өкілдерінің қатысуымен тікелей эфир ұйымдастырылады. Онда ата-аналар мен балалар құқықтық мәселелер бойынша консультация алады. «Ашық спорт» мектеп алаңы ұйымдастырылып, онда бестас, асық ату, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, қазақ күресі бойынша жарыстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады». 

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР КЕРЕК?

«Балаларды 1-сыныпқа қабылдау, сыныптан сыныпқа, мектептен мектепке ауыстыру қызметі egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Ата-аналар порталдағы «Білім беру» бөлімінде «орта білім беру» бөлімін таңдау арқылы өтініш бере алады және қажетті құжаттарды тіркейді: 
•    Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; 
•    Бала денсаулығының паспорты; 
•    026/у-3 формасы;
•    063/у нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы құжаты;
•    3x4 көлеміндегі фото (2 дана).
Мектептің қабылдау комиссиясы оқуға өтініш берген кезде басқа қосымша құжаттарды талап етпеуі тиіс. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқуға қабылдау үшін психологиялық, медициналық, педагогикалық консультацияның қорытындысы электронды түрде заңды өкілдерінің келісімімен ұсынылады. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталады. 
Жаңа оқу жылына дайындық мақсатында 17 тамыздан бастап мектептерде ата-аналар өтініші бойынша ақысыз негізде жазғы мектеп жұмысы ұйымдастырылады. Кез-келген өзгерістер туралы ақпарат ресми сайтта және әлеуметтік желіде хабарланады. Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау емтихандары 18 маусымнан бастап өткізіледі. Құжаттарды қабылдау 15 мамыр – 17 маусым аралығында электронды форматта жүзеге асырылады. Қажетті құжаттар: 
•    Үміткердің ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің өтініші; 
•    Үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі; 
•    3x4 фото. 
•    Құжаттардың түпнұсқасы талап етілмейді. 

Техникалық және кәсіптік білім беру саласы бойынша: 21 колледже 3602 орынға экономиканың келесі салалары бойынша орналастырылды: 
•    Білім
•    Медицина
•    Фармацевтика
•    Сервис және қызмет көрсету
•    Маркетинг
•    Энергетика
•    Көлік 
•    Өндіру 
•    Монтаждау
•    Пайдалану және жөндеу 
•    Байланыс
•    Телекоммуникация және ақпараттық технологиялар
•    Құрылыс
•    Коммуналдық шаруашылық
•    Экология
  
Колледждерге құжат қабылдау да egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png