«Қаза тапқан әскерилерге көмек. Айыппұл мен өсімақы есептемеу». ТЖ кезінде банк секторының жағдайы қандай?

Жарияланды
Бірқатар банктер жұмысын бастап кетті

Елде болған және жалғасып жатқан төтенше ахуалға қарамастан екінші деңгейлі банктер қалыпты жұмысын жалғастырып жатыр және банк секторының жағдайы тұрақты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазір сектор активі – 36,7 трлн теңге. Меншік капиталы – 4,6 трлн теңге. Өтімділігі жоғары активтер – 12,3 трлн теңге. 

Агенттіктің мәліметінше, азаматтардың банктегіне салымдарына еш қауіп төнбейді. Бұл ретте азаматтар жинағына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік береді. 

Қор депозиттер бойынша максималды ставканы көтерді. 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап стандартты өтеу мерзімі 3 және 6 ай жинақ салымдары бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызға, ал 12 ай стандартты өтеу мерзімі бар жинақ салымдары бойынша 1 пайызға ұлғайтылды. 

«ҚДКБҚ төтенше жағдайға байланысты агент банктердің кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініштер қабылдауы осы агент банктердің бөлімшелерінің жұмыс режіміне байланысты болатындығын хабарлайды» делінген хабарламада. 

Сонымен қатар бірқатар банк өздерінің қызметі, алдағы күнге жоспары және қолға алған шаралары туралы қысқаша мәлімдеме жасады. 

Halyk Bank

Кешеден бері (10 қаңтар) бұл банктің 297 бөлімшесі ел аумағында жұмысын бастады. Өңірлердегі ахуалға байланысты жұмыс уақыты таңғы 9:00-ден кешкі 17:00 немесе 18:00-ге дейін жалғасады. Банк қызметіне қатысты нақты ақпаратты 7111 нөміріне хабарласып алуға болады. Банк филиалдары әзірге Алматы облысы мен Алматы қаласында және Талдықорғанда жұмыс істеп тұрған жоқ. 

«Банк Хоум Кредит»

Банк сервисіне қолжетімділік ашылды. Банктің мобилді қосымшасы интернетсіз жұмыс істей береді. Банк картасы арқылы да кез келген төлемді төлеуге мүмкіндік бар. 9:00-21:00 аралығында 7373 және 7979 нөмірі арқылы контакт-орталық жұмыс істейді. 

«Банк ЦентрКредит»

Бұл банк те ел бойынша 71 бөлімшесінің жұмысқа кіріскенін хабарлады. 9:00-16:00 аралығында жеке және заңды тұлғаларға қаржылық қызметтердің кең спектрі ұсынылады. PR-қызметінің хабарлауынша, Алматыда банктің 7 бөлімшесі, 9 банкоматы және 9 төлем терминалы бүлінген. Оларды жөндеп, тез арада іске қосу үшін қаржы институты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Соған байланысты банк әзірге бизнес-клиенттерге ғана қызмет көрсетеді. Банк қызметіне қатысты жеке тұлғалар 505, заңды тұлғалар 605 нөміріне хабарласып, ақпарат алуына болады. 

«ТЖ кезінде барлық несие бойынша айыппұл мен өсімпұл есептемейміз. 19 қаңтарға дейін ниет білдіруші азаматтардың несие төлемін кейінге қалдыру өтінішін орындаймыз. ШОБ кәсіпкерлері үшін несие төлемін ұзақ мерзімге кейінгі қалдыру көмегін ұсынамыз және несие бойынша әрбір ұсынысты жеке қарастырамыз. Қызметін орындау кезінде қаза тапқан барлық әскерилердің несиелері кешіріледі. Олардың отбасына банк атынан 1 млн теңге көлемінде өтемақы төлейміз» дейді банк басшысы Ғалым Құсайынов. 

«Сбербанк» 

Мобилді қосымша интернетсіз жұмыс істеп тұр. СМС-хабарламаны жеткізудің бөгелуіне байланысты аударым операцияларын растауға шектеу алынып тасталған. ТЖ кезінде СМС растаусыз бір реттік аударым сомасы 49 999 теңгені құрайды. Алматы мен Алматы облысынан өзге аймақтардағы бас кеңселерде банкоматтар толық жұмыс режимінде. Антитеррорлық операция кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметкерлердің несиелерін кешіреді. Сонымен қатар ай соңына дейін жеке және заңды тұлғалардың барлық несиесі бойынша айыппұл мен өсімпұлдар есептелмейді. 

Freedom Finance Bank

Freedom Finance Bank-те осындай шараларды қолға алғанын мәлім етті. Мобилді қосымша жұмысы қалыпқа келтірілді, қазіргі кезде картадан жеке тұлғалар картасына аударым жасауға толық мүмкіндік бар. Интернеттің жоқ екеніне қарамастан сауда орындарында POS-терминалдарда банк картасымен төлем жасауға болады. Тиісінше, банктің кез келген банкоматынан ақша шешіп алу тұрғысынан да қиындық жоқ. Банктің хабарлауынша, филиалдар мен банкоматтар жұмысын толық қалпына келтіру жақын арада аяқталмақ. Мазалаған сауалдарға жауап алу үшін 5595 нөміріне хабарласу жеткілікті.  

Kaspi

Kaspi-дің ең алғашқы болып интернетсіз мобилді қосымшаны іске қосқаны белгілі. Банктің мобилді қосымшасынан қаржылық қызметтерді жүзеге асырып һәм тұтынып қана қоймай, мемлекеттік жаңалықтарды да оқып отыруға болады. 

ТЖ кезінде банктің 20 бөлімшесі зардап шекті. Ел бойынша банктің 1990 банкоматы болса, қазір соның 1435-і жұмыс істеп тұр. 

«Альфа-Банк» 

«Альфа-Банк»-те 10 қаңтардан бастап филиалдарды ашты. Банктің хабарлауынша, қаржы институты өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігі үшін күшейтілген күзетпен жұмыс істейді. Клиенттер мобилді қосымшаны қолдана алады, интернет-банкинг пен карта төлемі де қолжетімді. Банкоматтар ақша беруге дайын. Банк қызметіне қатысты сұрақпен 2051 нөміріне хабарласуға болады. 

Bank RBK 

«Әкімшілік ғимараттың бүлінгеніне қарамастан клиенттер қаржысына зиян келген жоқ. Жаппай тәртіпсіздік кезінде банктің сенімді қорғалған депозитарийі зардап шекпеді. Штатты режимдегі жұмысқа тез оралу үшін банк бар күшін салып еңбек етуде» деп хабарлады банктің баспасөз қызметі. 

Алматыдағы Республика алаңында орналасқан Bank RBK-ның бас кеңсесі террорлық әрекет кезінде қатты зардап шеккен. Бас кеңсе тоналып, алты қабатты ғимараттың әуелгі үш қабаты жанып кеткен. Сондай-ақ Алматыдағы «Нұрбанктің» екі бөлімшесі, банкоматы және төлем терминалына залал келген. 

Айта кету керек, «Еуразиялық банк» және Jusan Bank те қаза тапқан әскерилер несиесін кешіретінін, ТЖ кезінде азаматтарға  айыппұл мен пеня есептемейтінін жеткізді. 

Сондай-ақ оқыңыз