Қандай банктер клиенттер қамын көбірек ойлайды?

Жарияланды
Тұтынушылар үшін күресте қай қаржы институтының бәсі биік?

Нарықта клиент үшін күрес қызу. Несие өнімдерін мейлінше тарату үшін банктер түрлі маркетингтік қадамдарға барады. Оның ішінде карта мүмкіндіктерін кеңейту де бар. Дәл қазір Қазақстанда 40 миллионнан астам банк картасы айналымда екен. Тиісінше төлем қабілеті бар әрбір қазақстандыққа карта өнімдері қызық болары түсінікті. 

Қазір банктер түрлі өнімдер ұсынып отыр, соның ішінде көпфункционалды өнімдер көп. Ең бір танымал нұсқа ретінде – бөліп төлеу карталарын айтуға болады. Біздің елде 10 банк қана бөліп төлеу карталарын ұсынып отыр. Соның ішінде 9 банктің картасымен Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бөліп төлеу мүмкіндігін пайдалануға болады. Ал бөліп төлеу картасын пайдаланып, одан ақша шешіп алуға 8 банк мүмкіндік береді. 

Тек екінші деңгейлі 5 банк бүкіл әлем бойынша бөліп төлеуді комиссиясыз және онлайн атқара алады: 3 айға дейін – «ForteBank», «Сбербанк», «Jusan Bank» және «Altyn Bank», 6 айға – «Альфа-Банк». Бұл ретте «ForteBank» бөліп төлеуді постфактум рәсімдеуге, яғни сатып алуды аяқтаған соң ғана істейді. Сондай-ақ картаға алғашқы жыл ғана емес, одан кейін де тегін қызмет көрсету тұрғысынан «ForteBank», «Jusan Bank» және «Altyn Bank» өзгелерден озық тұр. 

Үздік үштіктегі бір банк ғана картаны әмбебап етіп жасапты. «ForteBank»-тың ForteBlack картасын әдеттегі дебетті карта ретінде де пайдалана беруге болады. Бұл картаны қолдану арқылы ҚР-дың кез келген картасына 1 млн теңгеге дейін тегін аударым жасай аласыз және бүкіл әлем бойынша комиссиясыз 500 мың теңгеге дейін ақша аудара аласыз. 

Тағы екінші деңгейлі 3 банк тек серіктестер желісі үшін артық төлемсіз бөліп төлеуді жүзеге асырады. Олар – «Еуразиялық банк», «Halyk Bank» және «Банк ЦентрКредит». Бұл банктердің картасымен серіктестерден 3 айдан 12 айға дейін артық төлемсіз сатып алу жасауға болады. Алайда серіктестер желісі аясында «Банк ЦентрКредит» және «Halyk Bank» клиенттері – айына 1 пайыз, «Еуразиялық банк» клиенттері айына 1 мың теңге немесе карталық өнім мен пайдаланылған лимитке байланысты 2-5 мың аралығында комиссия төлейді. Ал Kaspi Bank өздерінің серіктестік желілері аясында бөліп төлеу сатылымын жасауға мүмкіндік бермейді. «Банк Хоум Кредит» бөліп төлеу механизмі бойынша нақты деректерді көрсетпеген. 

«Forte Bank» пен «Jusan Bank» стандартты бонустар жүйесінен бөлек клиенттерге сүйікті категория таңдау мүмкіндігін ұсынады. Онда бонустар максималды 15 пайызға дейін жетеді. Бұдан бөлек Forte картасымен серіктестер желісінде 30 пайызға дейін бонус алуға болады. Бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша елде 54 млн төлем картасы қолданыста жүр. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 0,6 пайызға, бір жылғы көрсеткіштен 34,4 пайызға көп.  

Әлбетте, карта тек ақша шешіп алуға мүмкіндік беретін құрал ғана емес, карта арқылы түрлі кешбэктер мен бонустар иеленуге болады. 

Банктер клиент аудиториясын кеңейту үшін түрлі жобалар мен жеңілдіктер ұйымдастырады. Елдегі 25 банктің 17-сі жеке тұлғаларға арнап карта ұсынып отырса, соның 9-ы – үздік ондық қатарындағылар. Finprom Gold классына дейінгі карталардың мүмкіндігін зерделеп көрген. 0,5-2 пайыз аралығындағы кепілдендірілген кешбэкті Bank RBK ұсынады. Егер клиентте депозитіндегі қаржы 1 млн теңгеден жоғары болса 1 пайыз кепілді кешбэкке тағы 1 пайыз қосылады, картадағы 100 мың теңгеден астам қалдық үшін – 1 пайыз және тағы контактісіз төлем үшін 1,5 пайыз беріледі. Нәтижесінде 4,5 пайыз кешбэк жиналады. 

4 пайызға дейін шектеулі мерзімде «Еуразиялық банк» картасы бойынша алуға болады. Онда кепілді кешбэк небәрі 0,5 пайызды құрайды, алғашқы үш айда ол екі еселенеді. Сомасы 1 млн теңгеден асса депозит үшін де 1 пайыз қосылады, контактісіз төлем үшін 2 пайыз есептеледі. 

«Банктерден аса ірі кешбэкті сүйікті категориялар арқылы алуға болады (супермаркет, жанар-жағармай бекеті, аптека, спорт тауарлары, т.б.) Сүйікті категорияң үшін ең үлкен кешбэк – Bank RBK-да – 20 пайызға дейін. Одан соң 15 пайызға дейін кешбэк беретін ForteBank пен Jusan Bank, 10 пайызға дейін беретін – «Банк ЦентрКредит» келеді. Kaspi Bank ондай категория аясында 3 пайызға дейін береді, өйткені категорияны банктің өзі таңдайды. Ал «Еуразиялық банк» сүйікті категория үшін небәрі 1 пайыз қосады» деп жазады Finprom. 

«Альфа-Банк» клиенттерге 50 мың теңге көлеміндегі кепілді кешбэк ұсынуға дайын. Бірақ бір жыл толған соң ғана. Тағы бір талабы – сол бір жылда карта арқылы 1,2 млн теңге жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ «Банк Хоум Кредит» те 33 пайызға дейін кешбэкпен жарылқайды. Алайда оның талабы да – таудай: валюталық депозитте 25 мыңнан 100 мың долларға дейін аралықта ақша жатуы тиіс және карта арқылы ай сайын 125-500 доллар көлемінде сауда жасалуы керек. 

Банктердің карталар бойынша ұсынып отырған жеңілдіктері мен жобалары әр алуан екенін байқаймыз. Бірінікі расымен тиімді болса, ал бір банктің бонус-кешбэгін алу үшін айына миллиондап сауда жасап, депозитті мыңдаған доллармен толтыру керек. Ал бұған қарапайым халықтың мүмкіндігі жете бермейді. Тиісінше, қаншама бонус та, кешбэк те жәй ғана көз алдау сияқты болып қалады. Бағасын халық берер. 

Сондай-ақ оқыңыз