Қазақстандық банктер артық өтімділікті қалай басқарып отыр?

Жарияланды
Қаржы редакторы
«Курсив» несие ұйымдары активтерінің соңғы 3 жылдағы құрылымын зерттеп көрді

Қазақстан кредит нарығының көлемі банк жүйесіндегі былтыр локдаун жағдайында да жоғары қарқынмен өскен клиент қаражатына ілесе алмай келеді. Нәтижесінде банктер артық  өтімділікті баламалы құралдарға көбірек орналастыруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде сектор табысын еселеп арттыруына ықпал етіп отыр. 

Екінші деңгейлі банктердің тоқсан сайынғы есептілігінен (700-Н нысаны) байқайтынымыз, соңғы үш жылда (2018 жылғы маусым  мен 2021 жылғы маусым аралығы)  AQR-дан өткен 14 банктің тек үшеуі ғана бүкіл активтерінің құрылымындағы кленттік несиелеу үлесін арттыра алған. 

kak-kazaxstanskie-banki-upravlyayut-svobodnoj-likvidnostyu (3).jpg

Қарастырылып отырған кезеңде Альфа-Банктің клиенттерге артқан міндеттемелерінің үлесі (провизия, түзету, дисконттар және сыйақылар шоттары) актив көлемінің 46,5%-нан 47,6%-ға дейін немесе 1,1 п.т. өскен.   Өзге екі банкке келер болсақ, бұл қаржы ұйымдарында салыстырмалы көрсеткіштің өсуін бастапқы базаның төмендігімен түсіндіруге болады. Алтын банкте кредиттердің үлес салмағы соңғы үш жыл ішінде 28,4  пайыздан – 36,8%-ға дейін (+8,4 п.т.), Bank RBK-те 28,7-ден –  32,8%-ға дейін (+4,1 п.т.) артты. 

Аталмыш көрсеткіштің соңғы үш жылда 76,2-ден 72,9%-ға дейін (-3,3 п.т.) төмендегеніне қарамастан, Банк Хоум Кредит  берген кредиті басым банк болып қала береді. Хоум кредитте ақша қаражаты мен оның баламасының үлесі (кассадағы қолма-қол ақша, корреспонденттік шоттардағы ақша, Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктердегі салымдар) 5,7 п.т. өсті.

Цеснабанктің осыдан үш жыл бұрынғы активтеріндегі несиенің үлес-салмағы – 71, пайыздық көрсеткішпен банк секторындағы екінші орынды иеленген еді. Алайда, жаңа акционерлер жүргізген тәуелсіз аудит Цеснаның соңғы есебін қабылдамады.

«Қосымша тіркелген есеп банктің қаржылық жағдайын, сондай-ақ оның қаржы нәтижелерін және 2018 жылғы ақша қаражаты қозғалысының барлық елеулі аспектілерінде дұрыс, нақты көрсетпейді»  делінген аудиторлық қорытындыда.

Атап айтқанда, аудиторлар банк берген кредиттердің едәуір бөлігі құнсызданғанын байқататын көрсеткіштер бар екенін (бірақ оларды банк осындай деп көрсетпеген) және кредиттердің құнсыздануына арналған резерв айтарлықтай төмендетілгенін атап өткен. 

2018 жылдың соңы мен 32019 жылдың басында мемлекет Цеснабанктің жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын қайтарымсыз кредиттерін екі бөліп сатып алды. Бұған қоса, былтыр және биыл Jusan Bank (Цеснабанктің құқықтық мирасқоры) жалпы сомасы 460 млрд теңгеден асатын жұмыс істемейтін қарызын есептен шығарды. Нәтижесінде  биыл 1 шілдеде бұл банк активтеріндегі клиент  міндеттемелерінің үлесі 19,3%-ға дейін төмендеді. Бірақ қазір Jusan банкте өтімділік жоғары: ақша қаражаты мен оның баламаларының үлесі банк активтерінің 38,4%-ын құрайды.

Kaspi Bank активтеріндегі кредиттің үлесі үш жыл ішінде дәл 10 пайызға (63,9-дан 53,9% – ға дейін) төмендеді. Оны банк әділ құны бойынша есепке алынатын бағалы қағаздар үлесіндегі өзге жиынтық кірісінің(19,6-дан 31,9%-ға дейін ) өсуімен өтеді. Банктің аудиттелген есептілігіне сәйкес, бұл қағаздарға Ұлттық Банктің дисконттық ноталары (номиналды мөлшерлеме жылдық 9,4-тен 10,2%-ға дейін), тәуелсіз облигациялар (3,9-дан 10,2%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша) және корпоративтік облигациялар (2,3-тен 13%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша) жатады. 2020 жылдың соңында Kaspi портфеліндегі бұл құралдардың құны 866 млрд теңгені немесе жалпы актив көлемінің 31,2%-ын құрады.

Kaspі-дің бұл қағаздардан бірінші жарты жылдықта тапқан табысы  47 млрд теңгені құраған. Ал үш жыл бұрынғы көрсеткіш 12 млрд теңге болған. Салыстырар болсақ, клиенттік кредиттеуден түскен кіріс тиісінше 154 млрд және 78 млрд теңгені құраған.  Осы кезеңде банктің таза пайдасы 47 млрд теңгеден 135 млрд теңгеге дейін өсті. Осылайша, банк пайдасы 88 млрд теңгеге өскен үш жыл ішінде борыштық қағаздар үлесі 31 млрд теңгені немесе 35%-ды құрады.

Халық банк активтерінің құрылымында клиенттерге берілген қарыздың үлесі 3 жылда 47,8-ден 45,1%-ға дейін (-2,7 п.т.) төмендеген, есесіне борыштық қағаздар үлесі 18,3-тен 27,7%-ға дейін (+9,4 п. т.) өсті.  Биыл 1 шілдеде банк активтерінің 11,2%-ын амортизацияланған құны бойынша ескерілетін қағаздар құрады, ал үш жыл бұрын банк портфелінде  бұлай жіктелген құрал болған жоқ. Аудит деректеріне сүйенсек, мұндай қағаздарға Қаржы министрлігінің қазынашылық вексельдері (9,3% мөлшерлемемен) және корпоративтік облигациялар (3,3% мөлшерлемемен) жатады. 2020 жылдың соңында олардың құны сәйкесінше 1045 млрд және 170 млрд теңгені, ал жалпы актив көлемі 10 трлн теңгені құраған.

Биыл бірінші жартыжылдықта Халық банк бұл қағаздардан 49 млрд теңге табыс тапты. Әділ құны бойынша ескерілетін қағаздар тағы 46 млрд табыс әкелген. Клиенттерге жүктелген міндеттемелер сыйақысынан түсетін кіріс үш жыл бұрынғы 157 млрд болса, биыл 283 млрд теңгені құрады. Банктің пайдасы үш жыл ішінде 96 млрд теңгеге өсті, жаңа құралдың пайда өсіміне қосқан үлесі 48 пайызды құрады.

Активтеріндегі кредит үлесі азайған 11 банктің ішінде үш ойыншы ерекшеленіп тұр. Бұл банктерде несиелеу көлемі күрт төмендеген. Бұл үштікке ВТБ (соңғы үш жылдағы көрсеткіш 21,8 п.т. төмендеген), АТФ (-21,5 п. т.) және Еуразиялық банк (-19,8 п. т.) кірді.

Осы үш жылда ВТБ банктің ақша қаражаты және олардың баламасы түріндегі жоғары өтімді активтерінің үлесі 13%-дан 56%-ға немесе 4 есе өскен. Бұл банк кірісінің құрылымында берілген қарыздар бойынша сыйақы басым бөлігін құрайды. Ал әкелген табысы жағынан екінші орында Ұлттық банкке салған салымдары тұр. Одан 5,2 млрд кіріс келген. ВТБ-ның  кірісі 3 жылда 1,5 млрд теңгеге өскен. 

Еуразиялық банк активтеріндегі ақша қаражатының үлесі айтарлықтай өскен.  (11,9-дан 24,5%-ға дейін немесе 12,6 п.т.), ал бағалы қағаздардың үлес салмағы 2,1 п. т. (19,8-ден 21,9-ға дейін) өсті. Несиелік қызметтен түскен кіріс  2018 жылғы 45 миллиардпен салыстырғанда,  биыл 51 млрд теңгені құраған, бағалы қағаздар бойынша сыйақы 11,1 млрд теңгені құрады.  Ал 2018 жылы 8,3 теңге болған. Жалпы банктің соңғы үш жылдағы пайдасы аса өзгере қоймаған: бірінші жарты жылдықта 4,9 млрд табыс тапса, үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,8 млрд болған. 

Аталмыш үштіктегі ең ерекше банк –АТФ, оның ескі есебі де бірқатар сұрақ тудырады. 
 Иесі өзгергеннен кейін және портфелін егжей-тегжей тазартқан соң бұл банктің кірісі керемет көрсеткішке жеткен: 2018 жылғы кірісі 5 млрд құраса, биыл 85 миллиардқа бірден жеткен. 

 АТФ активтеріндегі ақша қаражатының үлесі үш жыл бұрын 14,1%-дан 39,3%-ға немесе үш есеге жуық өскен. Бағалы қағаздардың үлесі 15,9 пайыздан 18,8%-ға дейін өсті (+2,9 п.т.).
АТФ-тің кредиттік қызметтен түскен кірісі биыл 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 41,7 млрд теңгемен  (-12,4 млрд)  салыстырсақ,  29,3 млрд теңгені құрады. Бағалы қағаздар бойынша кірістер – 13,7 млрд теңге, ал 2018 жылы 9,4 млрд теңге (+4,3 млрд) болған.  700-Н есебінде  биыл банктің негізгі пайда көзі провизияларды қалпына келтіруден түскен табыс (95,3 млрд теңге) пен резерв қалыптастыруға жұмсалған шығын (31,5 млрд) арасындағы оң айырма болғаны, ол шамамен 64 млрд теңгені құрайтыны жазылған. 
kak-kazaxstanskie-banki-upravlyayut-svobodnoj-likvidnostyu (2).jpg

Сондай-ақ оқыңыз