«Жақын арада банкрот болғандар көбейеді». Пандемия банк секторына қандай әсерін тигізді?

Жарияланды
Almaty Investment Forum-2020 қатысушылары пікірлерін ортаға салды

Алматыда өткен Almaty Investment Forum-2020-да қаржы нарығы сарапшылары, қаржылық институт өкілдері мен басшылары коронавирус пандемиясының банк секторына әкелген өзгерістері мен қиындықтарын сөз етті. 

«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, бұл жолғы дағдарыстың экономикалық мазмұны тым әлсіз. 

«Ол экономикалық тұрғыдан емес, денсаулық тұрғысынан келіп отыр. Адамдарға бірінші кезекте өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігін ойлауға тура келді. Мемлекет локдаун кезінде дер уақытында бизнес пен халыққа қолдау жасады. Қазір бізде (Халық банк) несие портфелінің 16 пайызында несие төлемі шегерілді. Олардың тең жартысы үш айдан кейін шегеру мерзімін ұзартуды сұрады. Бөлшек несиелеу секторында төлем қабілетінің төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Жалақы қысқарды, адамдар ақысыз еңбек демалысына кетті. Көпшілік 42 500-ге мұқтаж болып қалды» дейді Шаяхметова. 

Әрине, осыншама қиындықтың нарық пен банк секторына әсер етпей қоймауы мүмкін емес. 10 ай ішінде проблемалық несиелер 3 пайызға көбейген. 

«Әртүрлі секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлер өз компанияларын жабуға мәжбүр болды. Біз жақын уақытта банкротқа ұшырағандарды да көреміз. Кәсіпкерлер жыл соңында қайтадан локдаун енгізіле ме деп қауіптеніп отыр. Өйткені жыл соңында табыс әдеттегіден 30 пайызға артады. Сондықтан олардың алаңдауы орынды» дейді Халық банк басшысы. 

Осыған дейін қазақстандық банктер ішінде Bank RBK-ның несие портфелі бойынша көш бастап келе жатқаны айтылып еді. Коронавирус пандемиясына байланысты экономика өсімінің баяулап қалғанына қарамастан банк портфелі қыркүйек айының қорытындысы бойынша 9,5 пайызға өскен. Жыл басынан бері есептегенде 29,5 пайызға көбейген. Былтырмен салыстырғанда 35 пайызға артық өсімге жеткен. Мұндай деректі Ranking.kz аналитикалық агенттігі ұсынған. 

Бұл ретте барлық қазақстандық банктердің жиынтық портфелі бір айда небәрі 0,8 пайызға, жыл басынан бері – 3,8 пайызға, былтырдан бер 7,4 пайызға ғана көбейген. Жалпы, 2020 жылдың қазан айында отандық қаржы институттарының портфелі 15,31 трлн теңгені құрапты. 

Bank RBK-дан кейінгі екінші орында ForteBank тұр. Олардың өсімі 8,3 пайыз, несие портфелі ақшалай мөлшерде – 773,6 млрд теңге. Үздік үштікті Сбербанк түйіндейді. Олар қыркүйек айында 4,6 пайызға өскен. Жиынтық қаржысы – 1,62 трлн теңге. 

Сарапшылардың зерттеуінше, отандық банк секторында 90 күннен артық төленбеген несиелер 4 пайызға қысқарған. Екінші орында Халық, үшінші орында Сбербанк орналасқан. 
 
 

Сондай-ақ оқыңыз