Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық валютаны енгізу мәселесін зерттеуде

Жарияланды
Елімізде цифрлық валюта енгізілуі мүмкін

Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасындағы орталық банктің цифрлық валютасын (ескертпе: Central bank digital currency – CBDC) енгізу туралы мәселені зерттеуді қолға алды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі баспасөз қызметі хабарлады.

Халықаралық есеп айырысу банкі жүргізген сауалнаманың деректері бойынша, 2020 жылдың басында зерттеу жүргізуден бастап, пилоттық жобаларды іске асыруға дейін CBDC бойынша жұмысқа сұралған орталық банктердің 80%-ы тартылды.

Әлемдегі көптеген орталық банктер үшін төлем жүйелерін цифрлық трансформациялау өте өзекті саналады. Қазақстан Ұлттық Банкі басқа елдердің 28 орталық банкімен бірге цифрлық валюталар бойынша негізгі халықаралық зерттеу тобының жұмысына қатысады.

Ұлттық Банк мамандары Халықаралық есеп айырысу банкімен және Халықаралық валюта қорымен бірлесе отырып, цифрлық валютаны реттеу тәсілдерін зерделей бастады.

Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Банкі Қытай Халық Республикасында, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінде, Канадада, Сингапурда және Еуропалық Одақта цифрлық валютаны енгізу жөніндегі пилоттық жобаларда бақылаушы болып табылады.

Қазір әр түрлі технологиялық инфрақұрылым мен реттеу тәсілдері ескерілетін Қазақстан Республикасында цифрлық валютаны енгізудің әр түрлі сценарийіне арналған баяндама әзірленіп жатыр. Баяндама 2021 жылдың екінші жартысында жарияланады.

Бұдан кейін құжат мүдделі мемлекеттік органдармен, халықаралық қаржы ұйымдарымен, нарық қатысушыларымен және сарапшылармен талқыға түсіп, содан кейін Қазақстан Республикасында орталық банктің цифрлық валютасын кезең-кезеңімен енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылады.

 

 

Сондай-ақ оқыңыз