1 view

Несие нарығы: карантин қалай әсер етті?

Биыл ипотекамен үй алғандардың қатары көп

Фото: Shutterstock

Жаз айлары банк секторына оңай тиген жоқ. Несие нарығы екі ай қатарынан кері кетті: маусым айында – 0,5 пайыз, ал шілдеде 0,9 пайызға кеміген. Тек тамыз айында ғана оңалып, 2,2 пайызға өсті деп хабарлайды Ranking.kz. Қазір бұл саланың қозғаушы күші ипотека болып тұр, нарықтағы дағдарысқа қарамастан, мемлекеттік бағдарламалар бірқатар қазақстандықтардың баспаналы болуына ықпал етті. 

1 қыркүйектегі жағдай бойынша,  Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің жиынтық несие портфелі 15,18 трлн теңгені құрады, ал 1 маусымда бұл көрсеткіш 15,07 трлн теңге болған. Нәтижесінде күзге қарай банк берген қарыз жаз айларымен салыстырғанда 0,8 пайызға өскен. 

Ең ірі кредитор-банктердің арасында жоғары көрсеткіш Тұрғын үй құрылыс банкіне тиесілі: қаржы институтының қарыз портфелі үш айдың ішінде 13,3 пайызға өсіп, күзге қарай 1,19 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, ТҚЖБ-ның несие портфелі бір жылдың ішінде 33,4 пайызға  артқан. Бұл – сектордағы ең жоғары көрсеткіш. Көшбасшылардың үштігіне Bank RBK (+8%, 485 млрд теңгеге дейін) мен Халық Банкі (+4,5%, 4,74 трлн теңгеге дейін) кірді.

Яғни біршама қиындықты бастан кешіріп жатқан несие нарығында тек ипотека бағыты тұрақты. 

Айта кетейік, ҚР президентінің тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» жобасы іске қосылған болатын. Бұл жоба бойынша, 20 жылға 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Тұрғын үй құнының 10 пайызы алғашқы жарна ретінде құйылуы керек. 

Жоба операторы – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Осы жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық банктің еншілес компаниясы 210 млрд теңге бөлуді жоспарлаған. 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы транш Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне аударылды. 
17 тамыз –16 қыркүйек аралығындағы алғашқы кезеңде банк тұрғын үйге мұқтаж ретінде 1986-2010 жылдар аралығында кезекке  тұрған азаматтардан өтініш қабылдады. 

Ал 17 қыркүйекте өтініш қабылдаудың екінші кезеңі басталды. 1986-2005 жылдар аралығында кезекке тұрған азаматтар банкке өтініш берді. Осы жоба бойынша үй алу үшін табыс 101 мың теңгеден аспауы шарт.

17.08.2020-07.10.2020 аралығында ТҚЖБ-ға 36,573 мың өтінім беріліп, оның19,88 мыңы жобаның шарттарына сәйкес келген.

Ипотека несие нарығындағы драйвер екені анық. Айталық, карантиндік жазда банктердің қарыз портфелі 0,8 пайызға өссе, тікелей экономикаға бағытталған несие көлемі бар-жоғы 1,6 пайыз өскен. Ал ипотека нарығы бірден 8,8 пайыз өсім көрсеткен.

Жылдық мерзімде қарастырсақ, тіптен айқын байқалады, бір жылда қазақстандық банктердің қарыз портфелі 9,6%-ға өссе, ипотека 27,2 пайызға артқан. Ипотекалық несие рекордтық деңгейге жетіп отыр: 14,3%. Былтыр бұл көрсеткіш 12 пайыз болса, 5 жыл бұрын тек 7,9 пайызды құраған. 

Ипотеканың басым бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берген. ТҚЖБ-ның несие портфелі Қазақстанда берілген ипотеканың 58,7 пайызын құрайды. 5 жыл бұрын ол 33,2 пайыз болған. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif