Жансая Мұратбекова вайн, қазақша StandUp және жастарға арналған сериалдар туралы

Жарияланды
Әлеуметтік желі арқылы танылған стэндап-комикпен сұхбат

Осыдан бірнеше жыл бұрын Instagram желісінде вайн түсіру сәнде болды. Аудиторияны 15 секундтық видео арқылы жинап, шынайы қаралым мен ықылыс сол кезде басымырақ болатын. Кейін келе вайнерлер дәуірі біртіндеп «гивщиктер» мен блогерлер заманына ауысты. Әрі Instagram бұрынғыдай қысқа видео ғана емес, ұзақ минуттық бейнематериалдарды жариялауға рұқсат берді. Осы орайда отбасылық тақырыпта вайн түсіріп жүрген жас вайнер әрі стэндап-комик Жансая Мұратбековамен сұхбаттасқан едік. 

Жансая қалай вайнер болды?

Кейіпкеріміз 1995 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Тарбағатай ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы — агрохимик. Бірақ осы күнге дейін консультант-сатушы, call-орталықта оператор болып та істеп көрген. Соңғы жылдары вайнерлікке ауысқан. Сұхбат кейіпкерін таңдауымыз да кездейсоқ емес. Әдетте ел арасында блогерлерге қатысты екіұшты ой қалыптасқан. Соның ішінде контенті мен аудиториясына байланысты. Мәселен, кейіпкеріміздің 350 мыңнан астам оқырманы бар. Жансая аудиториясын лото мен байқау өткізіп жинаған «блогерлер» қатарына жатпайды. Әрі вайн түсіруден бөлек, ол стэндапқа шығып, бірнеше отандық жобаның сценариін жазған. 

 

Локдаун елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсер бергенімен, халыққа жаңа дем берді. Соның бірі мысалы — кейіпкеріміз. Карантин кезінде үйде түсіре бастаған видеоларын ел лезде жақсы қабылдап, аудитория жинап алған.

«Алдымен қалай вайнер болғанымнан бастасам. Мен бірнеше жерде сценарист-автор болып істедім. Сол жерде жүргенде біраз вайнерге сценарий жазып бергенбіз. Шыны керек, бастапқыда сценарий әзірлеуді ғана ойлап, басқа жағынан қарауға мән бермегем. Бірақ 2020 жылы карантин жарияланды. Сөйтіп жолдасым Дидар екеуміз үйде бос жаттық. Кино көреміз, тамақ ішеміз, ұйықтаймыз. Күндегі режим осындай болып кетті. Құдды күнделікті күйбең тоқтап, айнала сүреңсіз болып кеткендей күйде болдық. Ақыры мұнымыз болмас, бірдеңе істеу керек деп шештім. Бастапқыда видео түсіріп жүргенімді көрген күйеуім «Бұл не керек? Бәрібір ешкім көрмейді» деген еді. Сонда мен «Жұртқа жазғанда жақсымын, өзіме вайн жаза алмаймын ба?» дедім. Осылайша өзім жазып, сол вайнға өзім түсе бастадым. Аудитория біртіндеп жиналып, оқырмандарға видеоларым ұнағанын көрдім. Сөйтіп демде вайнер болып кеттім десем болады» дейді Жансая.  

Гив, лото және онлайн-ойындар жарнамасы туралы

Блогер болғандықтан, оның айнасы — аудиториясы. Ал әлеуметтік желінің қарқыны қазір өте қатты.

«Әлеуметтік желінің күші қаншалықты мықты екенін біреуге көмектесу үшін жиналғанда, мешіттер құрылысына ақша жинағанда өте мықты білінеді. Ал енді материалдық жағдайды реттеп алуға келсек, ол әр блогердің бастапқы мақсатына байланысты деп ойлаймын. Өзім ақша табуды көздемедім. Өйткені инстаграм алаңын мен шығармашылық үшін қолданамын. Соның ішінде вайн түсірумен айналысамын. Әлбетте, қомақты қаражат табатын блогер жетерлік. Арасында жарнама аламын. Оның өзінде барынша сүзгіден өткізіп, оқырмандарға пайдалы болады-ау деген ұсыныстарды ғана қабылдаймын. Өзгелер секілді үй салып, көлік алмасақ та, жыртығымызды жамауға жеткілікті. Бәлкім, әу баста ақшаны қуалау үшін ашқанда, ендігі үйлі болып отырар ма едік?!».

Инста-блогерлер десек, гив пен лото еске түседі. Себебі кейбірі айына бір, енді бірі аптасына бір ұтыс ойынын өткізіп жатады. Жарнамасын әр жерге тықпалап, демеуші іздейді. Кейде ұтыс ойынының соңы дауға ұласып, әділ өтпегеніне қатысушылар наразы болып жатқан кездер де аз болмайды. Жансая ешқашан гив өткізіп көрмеген. Айтуынша, бүгінде өзектілігі төмендеп бара жатыр.

«Әрине, гив өткізгені үшін ешкімді сөге алмаймыз. Әрі басында көбі ұйымдастырды. Әркімнің ақылы өзіне. «Неге ұйымдастырасың?» деуге болмайды» дейді блогер. Жансаядан гивтен бөлек, онлайн ойындар жарнамасына қатысты ойын сұрадық. Түрлі құмар ойындарын жарнамалауға әжептәуір қаражат беріледі. Бірақ мұндай жарнаманың түбі алдау әрі ақшаны қағып алу ғана. Бәс тігетін ойындардың дұрыс емес екенін біле тұра жарнамалау — ақшаға құнығу. Естуім бойынша, блогерлерге өте жақсы төлейді. Өзіме мұндай ұсыныс түсіп көрмеді. «Осы ойынды мен ойнап көрдім, мынанша ақша ұттым» деп салатындар ойлануы керек. Өйткені сол сөзге сеніп, басқалар қалтасындағы соңғы ақшасын салуы мүмкін. Сондықтан құптамаймын. Ұйқыны тынышын бұзатын жарнама деп санаймын». 

Стэндап-комик Жансая

2018 жылы Алматыда қазақша стэндап байқауы өткен. Сол байқауға қатысқан Жансая жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге ұтып алған. Өзінің айтуынша, әрмен қарай дамыту туралы бастапқыда мүлдем ойламаған. Кейін келе жолдасы ой тастап, бағыт берген. Бұл сала Қазақстанда енді-енді дамып келеді. Десек те, шетелде әлдеқашан ойып тұрып орнын алып үлгерген. Алысқа бармай, өз жерлесіміз Нұрлан Сабуровты мысал етсек болады. Былтыр комик Forbes рейтингінде YouTube жарнамасы арқылы ең көп табыс тапқандар кө¬¬¬шін бастаған еді. Соның ішінде қазақша стэндаптың да оқырмандары бүгінде қалыптаса бастады. «Қазақша стэндап енді шыға бастаған кезде күйеуімнің ұсынысымен материалдардымды тексертуге жібергем. Сөйтіп сахнаға шығып, оқып бердім. Оған дейін аса акцент қоймасам да, көрермен алдына шыққанда қатты жігерлендім. Тағы да шыққым келетінін түсіндім. Осылайша жалғасып кетті» деп есіне алдына кейіпкеріміз. Айтуынша, бастапқыда хейт көп болған.

«Көпшілігі түсінбеді, қыз баланың шыққанын қабылдағысы келмеді. «Осы не керек?» дегендер болды. Алғашқы монологым жолдасым туралы болған еді. Оны да қабылдай алмай, «неге күйеуін жамандайды?» десті. Мұндай негатив әсер етпей қоймайды. Дегенмен жолдасым тарапынан мықты қолдау болып, әрмен қарай жалғастыратын болдым. Ал қазір мені іздейтін көрермендерім бар».

Жансаяның ойынша, стэндап — басыңдағы мәселені әзіл арқылы жеткізудің бір әдісі. Осылайша көрерменнің ойымен үндесу, үстінен дөп түсу. Әрі бұл саланы жынысқа бөлу дұрыс емес деген пікірде. Стэндапқа шыққысы келетін қыздарға қорықпай, бекем кірісуге кеңес береді. Өзімді болашақта осы салада көбірек елестетемін. Жеке концертімді беріп жатқан сәттерді көз алдыма келтіріп, қиялдайтыным бар.

Жастарға арналған сериалдар нарығы жайлы

Айтқандай, Жансая — сценарист. Жастар арасында жақсы бағаланған «Сүйкімді stories» сериалының сценариін жазған. Осы саланың маманынан қазіргі нарықтағы ахуал жайлы да сұрадық.

«Қазір Youtube-тан қазақша біраз сериал табуға болады. Айталық, «Сержан братан», «5:32», «Сәке» сынды жақсы сериалдар шығып жатыр. Режиссерлік жұмысы да, сценаристер шеберлігі де көңілден шығады. Ал енді телеарналардан берілетін сериалдар ұнаңқырамайды. Тым қазақы секілді. Ешкім шынайы өмірде олай сөйлеспейді, тым театрландырылатын сияқты. Ал Youtube-жобалар шынайылау болғандықтан, жастарды қызықтырады деп ойлаймын. Сценарий жазу жағынан әлі де ақсап жатыр, мұны мойындау керек. Алда мықты авторлар шықса екен деймін. Осы ретте тағы бір мәселені атап өтпесе болмайды. Ол — қаламақыға байланысты. Біздегі ұсынылатын сома аз. Жақсы жазатын жастар бар, бірақ оларда тәжірибе болмағандықтан, өте аз ақша ұсынады. Бізге жастарға өтімді тілмен жазатын жастар қажет. Әрі сценарист жұмысының тағы бір қиын тұсы жұмыс ақысының соңында берілуінде. Сценарийді түгел жазып біткенше қарызданып, ақыры тапқаныңды сол қарызды жабуға жұмсайсың» дейді Жансая нарықтағы мәселе туралы.

Жансая болашақта автор-сценарист ретінде көп туындыны өмірге әкелуді армандайды. Бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста жүрген кейіпкеріміз тың идеялармен ел көңілінен шығатын дүниелерді көп күттірмей ұсынады деп үміттенеміз. 

Сондай-ақ оқыңыз