Үкімет инфляцияға қарсы шаралар әзірледі. Елімізде азық-түлік бағасы төмендей ме?

Жарияланды
Коммуналдық қызметтер тарифі көтерілмейді

Президент тапсырмасын алған Үкімет елде баға өсімін тежеу шараларын әзірлеуге кіріскен еді. 18 қаңтар күні болған Үкімет отырысында министрлер инфляцияға қарсы шаралардың дайын болғанын мәлімдеді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров инфляцияның өсуі негізгі макроэкономикалық үрдістердің бірі екенін, пандемиядан кейін логистикалық тізбектердің қалпына келуінің әлі де жалғасып жатқанын айтады. 

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 2021 жылы инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары негізгі үлес қосты. Бағаның өсуін тежеу мақсатында өткен жылдың қыркүйегінде 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені қабылданды. Ол 2 бағыт бойынша асырылатын іс-шаралардан тұрады – жедел және орта мерзімді шаралар. 

«Бұл шаралар бағаның өсуін тежеуді, сондай-ақ бекітілген нысаналы дәлізде инфляция қарқынын ұстап тұруға бағытталған жүйелі шараларды көздейді» деді ұлттық экономика министрі. 

Шаралар кешенін іске асыру қорытындысы бойынша экономикаға инфляциялық қысымды төмендетуге қол жеткізілді, соның нәтижесінде 2021 жылғы желтоқсанда инфляция 0,5 пайызға баяулады. Ал басқа елдерде инфляция қарқыны өсу үрдісін жалғастырды. 

2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған еді. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет келесі шараларды қабылдап отыр:

•    Коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі тоқтатылды; 
•    Қазақстан Республикасының аумағынан кейбір тауарларды экспорттауға тыйым салынды;
•    Жанар-жағармай материалдарына шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынды. 
•    Мемлекет басшысының тапсырмаларын әрі қарай орындау шеңберінде тауарлардың нақты қолжетімділігін жақсарту, бағалық реттеу, мемлекеттік бақылау шараларын енгізу бойынша бірқатар шараларды, сондай-ақ инфляцияны төмендету бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыру ұсынылады. 

Бірінші бағыт шеңберіндегі шаралар:
    Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтуды; 
    Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдіруді; 
    Бірқатар салаларда импорт алмастыратын жобаларды іске асыруды және басқа да іс-шараларды қамтиды. 

Екінші бағыт шеңберіндегі шаралар:
    Көмір бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды қолдануды;
    Коммуналдық қызметтер бағасын көтеруге мораторийді;
    Шекті бағалардың болжамды дәлізін айқындауды қамтиды. 

Үшінші бағыт шеңберіндегі шаралар:
    Белгілі бір нарықтардағы бағалар мониторингінің нәтижелері бойынша монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдауды;
    Мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы делдалдық буынды қысқартуды; 
    Биржалық сауданы дамытуды қамтиды. 

«Жүйелі шаралар шеңберінде тұтыну қоржынына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін және басқа да азық-түлік тауарларын тұтынудың/өндірудің болжамды теңгерімін құру, мониторинг нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қабылдау жоспарлануда» деді Қуантыров. 

Қабылданған шаралар сәтті жүзеге асар болса, инфляция және оның компоненттері мақсатты дәрежеден аспайды деген сенім бар. 

Мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізудің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында оларды алушылардың қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесі қайта қаралатын болады. Қабылданып жатқан шаралар бағаны біртіндеп тұрақтандыруға және бизнес ахуалды, оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етпек. 

Премьер-министрдің орынбасары Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрлігінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды енгізу әдістемесін бекіткенін айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін бірінші кезекте азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылмақ. 

«Қазіргі уақытта негізгі азық-түлік түрлерінің бес айлық қоры қамтамасыз етілген деуге болады. Бұл нарықтағы тапшылықты болдырмауға кепілдік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өндіріс-тұтыну балансын айқындайды және қажет болған жағдайда экспорттық шектеулерді енгізеді» деді Сұлтанов. 

Екіншіден, сауда үстемелері мен сыйақыларға мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ шекті бағаларды уақытылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеу шаралары қабылданбақ. 

Үшіншіден, бағаның жоғары өсу тәуекелі туындаған жағдайда, монополияға қарсы органның құзыреті шегінде, нақты тауар нарықтарында мемлекеттік бағалық реттеу енгізіледі. 

Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндер мен шекті рұқсат етілген бағаларды енгізу әдістемесін бекітті. Жаңа әдістеме инфляцияның белгіленген дәлізінде сөрелердегі баға өсімін шектеуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың I тоқсанына шекті мәндер бекітілген. 

«Әкімдіктер тарапынан сауда үстемесінің сақталуына және сауда желілерінің сыйақы алмауына күшейтілген мониторинг пен бақылау жүргізіледі. Осы жұмысқа жұртшылық қатысады. Үстеме бағаны көтеретін сауда желілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады» деді министр. 

Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов мынаны атап өтті:

1. Мұнай өнімдері мен сұйытылған газдың бағаларын бекіту бойынша қабылданған шаралармен қатар, Энергетика министрлігі жанар-жағармай материалдары, электр энергиясы және оларды тасымалдау бағаларын ұстап тұру бойынша қосымша шаралар әзірледі. 

2. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмір бағасының өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда. 

3. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бизнес субъектілерінің монополиялық жағдайды теріс пайдалануы немесе сөз байласу белгілері болған жағдайда монополияға қарсы ден қою шараларын дереу қабылдайтын болады. 

Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардың жұмысы жедел іс-қимыл жоспарында көзделген барлық шараларды сапалы орындай отырып, жоғары инфляция проблемаларын шешуге бағытталады. Апта сайын барлық ұсынылған шаралардың орындалу барысы қарастырылып отырмақ. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында Агенттік мынадай жедел шаралар қабылдағанын жеткізді. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарында: 

  • Бағаны ұстап тұру және 10%-ға дейін сауда үстемесін белгілеу бөлігінде өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 189 актісі жасалды;
  • Биылғы 5 қаңтардан бастап күн сайын өңірлер бөлінісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық позициялары бойынша бағаларға мониторинг жүргізіледі.

Бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерімен: 

  • Тауық жұмыртқасын өндірушілерге қатысты 6 тергеу; 
  • Қант бойынша 1 тергеу;  
  • Тауық еті бойынша 1 тергеу, жалпы 8 тергеу жүргізілуде. 

«Тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылды. Бүгінгі таңда Агенттіктің сенім телефонына 2000-нан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде қоңыраулардың 50%-ға жуығы Алматы қаласының тұрғындарынан, 30%-ы елордамыздан, 20%-ы басқа өңірлерден келіп түсті. Бұл ретте, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның асып кету фактілері бойынша – 70% көрсетті» деді Жұманғарин. 

Көп жағдайда тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері көтереді, атап айтқанда – «үйдің жанындағы дүкендер». Осы дүкендер көбіне 15%-дық сауда үстемесін сақтамайды. Соның нәтижесінде, монополияға қарсы орган, келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады.
 

Сондай-ақ оқыңыз