«Азық-түлікті тонаған. Тоңазытқыштарды көтеріп әкеткен». Сауда желілеріне келген залал көлемі белгілі болды

Жарияланды
Кәсіпкерлер мемлекет көмегіне иек артпақ

Алматыда ұйымдасқан қарақшы-терроршылар тобы қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасаған және полицияның қаруларын тартып алған. Олар полиция бөлімшелеріне, әкімшілік мекемелерге, телеарна кеңселеріне, сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындарына шабуыл жасады. Мұның барлығы миллиардтаған шығынға әкеліп соқты.

Қалада әсіресе, Magnum, Small, «Технодом», Sulpak, Alser, «Эврика», «Спортмастер», «Интертоп», Mon Amie және Kimex сауда желілері қатты шығынға ұшыраған. 

 2022 жылдың 10 қаңтарынан бастап қана бірқатар ірі сауда желілері қайтадан жұмыстарын жалғастыра бастады. 

Алматыда арнасынан асып түсіп, тізгін бермей кеткен жойқын шабуыл кезінде бұзық ниетті террорлар «Магнум» дүкендерін де аяусыз қиратып кеткен. Есік-терезелерді шағып, сөрелер мен ішкі құрылымдарын бұзып, айналасы бірер сағаттың ішінде адам танымастай күйге түсірген. Компания өкілі Дмитрий Шишкиннің айтуынша, қазір компанияға келген шығын 11 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр. 

«Жалпы ел бойынша 15 дүкеніміз тоналды. Соның ішінде 11 дүкен ішінара шығынға батты. Бұзақылар кассаларды қиратып, техникаларды ұрлап кеткен. Оның бәрін өз күшімізбен қалыпқа келтіру өте қиын. Сондықтан бұл ретте мемлекеттің көмегін күтеміз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Сауда және интеграция министрлігі тиісті қолдау жасайды деген үміттеміз. Әзірге Алматыдағы қор жеткілікті. Жақын күндері тауар тасымалы қалпына келтіріледі» дейді Дмитрий Шишкин. 

Оның айтуынша, қазір сауда желісі кезең-кезеңімен дүкендерді ретке келтіріп, жұмысты қайта бастаған. Компания өкілі шабуыл кезінде қызметкерлерге де үлкен қауіп төнгенін жоққа шығармайды. «Әзірге қайғылы жағдай туралы дерек жоқ. Бұзақылар келген мезетте қызметкерлерді барынша тезірек қауіпсіз мекенге жеткізуге тырыстық» дейді ол. 

«Осыншама қиындыққа қарамастан ахуалды бақылауда ұстап тұрған полицейлерге, әскерилерге, өрт сөндірушілерге көмектесіп, ауруханаларға да азық-түлік жеткізіп жатырмыз. Жұмыс орындары толық сақталып, қызметкерлерге жалақы толық беріледі. Әзірге дүкендердің жұмыс режимі бірқалыпты емес. Көп өзгеріс болатыны сөзсіз. Сондықтан кез келген адамның қажетті ақпаратты компанияның ресми сайтынан қарағаны жөн. Қауіпті аймақтағы дүкендерді әлі ашпадық» дейді Magnum Cash&Carry сауда желісінің өкілі.

Ал «Белый ветер» дүкені өкілінің айтуынша, келген шығын көлемі 2 млрд теңге шамасында. 

«Алматыдағы 13 дүкеніміздің 12-сі тоналды. Бірнеше дүкенде өрт болды. Бағымызға орай, бірде-бір қызметкеріміз зардап шекпеді. Бұл дер кезінде жабылып, бәрін үйіне жіберудің арқасында. Қызметкерлеріміздің өмірі мен денсаулығы бірінші орында. Біздің дүкендерімізде негізінен ұсақ, бірақ қымбат тұратын ноутбук, телефон, колонка және аксессуар сияқты құрылғылар тұрған еді» дейді компания өкілі Ян Новохацкая. 

Өзге қалалардағы дүкендерге залал тимеген. Сондықтан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Рудный, Павлодар және Қостанайдағы «Белый ветер» көпшілікке қызмет көрсете бастайды. 

Sulpak желісінің де 12 дүкені қарақшылық шабуылға ұшырапты. Бұзақылар мобилді телефоннан бастап тоңазытқыш, теледидар сияқты техникаларды да қолды еткен. Өрт салдарынан сигнал жүйесі іске қосылып, дүкен іші малмандай су болған. Дүкеннен бөлек, сервис орталық пен контакт-орталық іші де қиратылыпты. 

Sulpak өкілінің сөзінше, дүкендердің бірнеше күзетшісі шабуыл салдарынан дене жарақаттарын алған. 

Mon Amie парфюмерлік дүкен желісі де содырлар әрекетінен зардап шеккендерін мәлімдеді. Бөлшек сауда желісі департаментінің директоры Игорь Силантьевтің айтуынша, Алматыда 10 дүкен тоналған. Әсіресе Сәтбаев пен Назарбаев (бүлік бастау алған Республика алаңының маңы) көшелерінің қиылысында орналасқан сауда нүктелері марордерлер шабуылына алғашқылардың бірі болып ұшыраған. Asia Park пен Maxima сауда ойын-сауық орталығында орналасқан Mon Amie дүкендері де қарақшылар назарынан тыс қалмапты. 

«Тек ұрлап қана қоймай, таза дүниенің бәрін жойып жіберген. Бір қызығы, тонаушылар тек танымал брендтерді алған» дейді компания өкілі. 

Алдын ала есептеу бойынша 1,2 млрд теңге көлемінде шығын келген. Mon Amie дүкендерінің қашан ашылары әлі белгісіз. 

Елде ТЖ режимінің енгізілуіне және интернеттің болмауына байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 5-19 қаңтар аралығын техникалық ақау деп мойындау туралы хаттамаға қол қойды. Қажет болған жағдайда салық төлеуші шот-фактураны қағаз күйінде шығара алады. Ол үшін айыппұл санкциясы қолданылмайды. 

Сондай-ақ кәсіпкерлер фискалды чек орнына тауар чегін басып шығарып, тұтынушыға ұсынуға құқылы. Бұл ретте Ақорда экстремистер әрекетінен зардап шеккен шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне қолдау көрсететінін мәлімдеді. 

Бас прокуратураның хабарлауынша, тәртіп бұзушыларға 8 жылдан бастап өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Сонымен қатар олар азаматтықтан да айырылады. 

Сондай-ақ оқыңыз