Тоқаев экономикалық форумда қандай мәселе көтерді?

Жарияланды
Форумға Ресей және Моңғолия президенттері де қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Шығыс экономикалық форумының планерлық мәжілісіне қатысып, Қазақстан үшін өзекті экономикалық мәселелерді көтерді. Сонымен қатар бұл форумның экономикалық ынтымақтастықтың мейлінше өзекті проблемалары бойынша, шын мәнінде, беделді халықаралық диалог алаңына айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін бұл аймақтың стратегиялық серіктес ретінде маңызы зор екенін айтты. Өйткені өңір географиялық жағынан Еуразияны қарқынды дамып келе жатқан Азия Тынық Мұхит аймағымен түйістіреді.

«Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел ретінде өзінің аталған аймақпен қарым-қатынастарын күшейтуді жоспарлап отыр. Мұндай қадам еліміздің Азиядағы серіктестерімен арадағы байланыстарға зор мән беретінін көрсетеді. Біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз, ұлы еуразиялық алпауыт ел – Ресей Федерациясымен жан-жақты ынтымақтастық орнату Қазақстанның еуразиялық стратегиясының негізгі элементі болып табылады» деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы өзара ықпалдастықты күшейту үшін бірқатар бағытқа егжей-тегжейлі тоқталды. Соның ішінде бірінші болып көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі айтылды: Транзиттік тораптарды дамытудағы Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктері жөнінде, соның ішінде, осы саладағы ұлттық жоспарларды Еуразиялық экономикалық одақтың қызметімен және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштастыру туралы кеңінен айтты.

«Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа теміржол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады» деді Президент. 

Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы: 
•    Тау-кен; 
•    Металлургия; 
•    Цифрландыру; 
•    Коронавирус індетіне қарсы вакцина әзірлеу; 
•    Қаржы; 
•    Ғарыш; 
•    Мұнай-газ; 
•    Жаңартылатын энергия көздері; 
•    Автомобиль жасау салалары бойынша табысты жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар жөнінде және жыл сайын өтетін Өңіраралық ынтымақтастық форум туралы айтты.  

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР мен Оңтүстік Корея арасындағы ықпалдастыққа бағытталған осыған ұқсас бірлескен жобалар жайында мәлімет берді.

«Жалпы, шетел инвестициясын тарту – еліміздің экономикалық саясатының сөзсіз басымдығы. Қазақстанға 365 миллиард доллардан астам шетелден тікелей инвестиция тартылды. Тіпті былтырғы дағдарыстың өзінде Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 35 пайызға артты» деген президент Азия Тынық Мұхит аймағы елдерімен іскерлік байланыстарды нығайтудың перспективаларына тоқталуды да ұмыт қалдырмады. Тоқаевтың айтуынша, бұл өңірмен арадағы тауар айналымы былтыр 43 миллиард доллардан асқан. Соның 94 пайызы Ресей, Қытай және Корея елдеріне тиесілі екен. 

«Сауда-саттықты одан әрі дамытып, оның географиясын кеңейту үшін әлеуетіміз жетеді деп санаймын. Осы ретте, әлемдік сауда-экономикалық қоғамдастықта маңызды орын алуға уәде беріп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың рөлін ерекше атап өту керек» деді. 

Азық-түлік қауіпсіздігі және оны экспорттауға қатысты жоспарын да жеткізді. 

«Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР-ға экспорттау үшін номенклатураны кеңейту мәселелері бойынша Қытаймен жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік тасымалдау саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық көлік-транзит саласы сияқты өңірлік кооперацияны дамытудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады» деді мемлекет басшысы.
 

Сондай-ақ оқыңыз