Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Енді елдегі несие ставкасы көтеріле ме?

Жарияланды
Инфляция қарқыны тағы үдей түсуі мүмкін

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жария етті. Ақша-несие саясаты жөніндегі комитет елдегі инфляция қарқынының үдеуін ескере келе базалық мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдаған. 

Ұлттық банк таратқан хабарламада базалық ставканы көтеру – теңгелік активтердің тартымдылығын қолдайды, валюта мен ақша нарықтарында баға белгілеудің тиімділігін арттырады делінген. 

«Жалпы әлемдік деңгейде азық-түлік бағасы көтеріліп жатқан шақта азық-түлік тауарларының жекелеген топтарына бағаның өсуі секілді елеулі факторлар, жеткізу тізбегіндегі іркілістер, шикізат пен материалдар бағасының ұлғаюы кезінде өндірушілер бағасының өсуі, сондай-ақ реттелетін бағалардың сақталып отырған өсу әлеуеті ұсыныс жағында шоғырланған. Ақша-кредит саясатындағы трансмиссиялық тетіктің ұсыныстың күтілмеген өзгерісіне ықпалы шектеулі болатынын, ал инфляцияның бұл өзгерістерге бейім келетінін халықаралық тәжірибенің өзі көрсетіп отыр. 2021 жылғы маусымның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,9% (2021 жылғы мамырда 7,2%) болды. Азық-түлік инфляциясы 2021 жылғы маусымда 10,6%-ға дейін жылдамдап, жалпы инфляцияға негізгі үлес қосуды жалғастырды. Бұл – көкөністердің, атап айтқанда, картоп, сәбіз бен қызылшаның күрт қымбаттауына байланысты. Жалпы алғанда, азық-түлік бағасының көтерілуі бүкіл әлемде байқалып отыр. Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын компоненті 2021 жылғы маусымда 6,9%-ға дейін үдеді. Өндірушілер бағасының өсуі, сондай-ақ сұраныстың қалпына келуі жағдайында бензин бағасының жылдық өсу қарқыны үдеуін жалғастырды. Қалпына келе бастаған тұтынушылық сұраныс киім-кешектің, аяқ киімнің, автомобильдердің, тұрмыстық техника мен жиһаздың қымбаттауына ықпал етті. Сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуі және шикізат пен аралық материалдарға әлемдік бағаның өсуі жағдайларында импорттық жеткізілімдер бағасының өсуі азық-түлікке жатпайтын тауарларға қосымша проинфляциялық қысым көрсетуде» делінген хабарламада. 

Сонымен қатар қызмет көрсету саласында да – әуе сапарлары, туристік қызметтер, тұрғын үйді жөндеу қызметтері – баға көтерілді. Дегенмен ҰБ экономиканың нақты секторында ахуал тәуірленді деп есептейді. 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта нақты ІЖӨ өсуі жылдық мәнде 2,2%-ға жеткен. Карантин талабы мейлінше жеңілдеген сайын экономикада да соғұрлым өсім болары түсінікті. 2021 жылғы қаңтар-маусымда өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат пен байланыс және ауыл шаруашылығы салалары тұрақты өсім көрсеткен. Әрине, елдегі жағдайдың оң нәтижеге жете бастауы – жаһандық экономиканың ықпалынан. Халықаралық валюта қорының дерегінше, биыл әлемдік экономиканың өсу қарқыны 6 пайызға жетеді. Алайда келесі жылы қайтадан 4,6 пайызға дейін құлдырауы ықтимал. Күтпеген жерден дельта-штаммының пайда болуы, соның салдарынан карантин шектеулерінің қайтадан күшеюі – өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларындағы іскерлік белсенділікке теріс әсер етіп отыр. Дельта штамм мұнай нарығындағы ахуалды да тұрақсыз етіп тұр. 
 
«Маусым бойы Brent сұрыпты мұнайдың орташа айлық бағасы өсіп, бір баррель үшін 70,3 – 76,2 АҚШ доллары ауқымында құбылды. Алайда, шілдеде ОПЕК+ елдері биылғы жылғы тамыздан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 400 мың баррельге ай сайын арттыру және альянстың кейбір қатысушылары үшін 2022 жылғы мамырдан бастап өндіру квотасын қайта қарау туралы уағдаластыққа қол жеткізгеннен кейін баға ауқымы бір баррель үшін 68,6 – 77,2 АҚШ долларына дейін кеңейді. Мұнайға сұраныстың артуына және оның қорларының азаюына қарамастан, коронавирустың дельта штаммының одан әрі таралуы әлемдік нарықтардағы құбылмалылықты күшейтудің негізгі көзі болып табылады, бұл бағаның бұдан кейінгі серпініне қатысты болжамдардың дәлдігін төмендетеді және әлемдік экономиканың қалпына келуін баяулатуы және тиісінше мұнайға сұранысты төмендетуі мүмкін» деп жазады ҰБ. 

Бұл ретте Ұлттық Банк инфляцияға қарсы факторлар ұлғайған жағдайда ақша-кредит талаптарын одан әрі күшейту бойынша шаралар қабылдауға дайын екенін мәлімдейді. «2021 жылғы екінші жартыжылдықта өткен жылғы шілде мен тамыз айларындағы азық-түлік инфляциясының маусымдық төмен базасы мен  кейінге қалдырылған сұраныс әсерін іске асыру аясында инфляция одан әрі үдеуі мүмкін» деп жазылған таратылған хабарламада. Яғни, келесі отырыста ҰБ тағы да базалық пайыздық ставканы жоғарылатуы бек мүмкін. 

Базалық ставканың көтерілуі өз кезегінде елдегі екінші деңгейлі банктердің де несиелеу пайызын арттырады. Осыған дейін экономикалық сарапшылар ҰБ барынша базалық ставканы төмендетуі тиіс, сонда банк несиесіне тәуелді болып отырған заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлер) мен жеке тұлғалардың қалтасына ауыр салмақ түспейді деген пікірлерін айтқан еді. Алайда 9 пайыз жағдайының өзінде Ұлттық банк елдегі ауыр инфляциялық ахуалға тосқауыл бола алған жоқ. Сондықтан араға тоғыз ай салып базалық мөлшерлемені 9,25 пайызға көтеріп отыр және алдағы уақытта оның тағы да өсе түсуін жоққа шығармайды. Алдағы бірер ай көлемінде жаңа базалық ставкаға банктердің қандай реакция жасайтынын байқайтын боламыз. 
 

Сондай-ақ оқыңыз