Банктер сыйақысы жоғары депозиттерді жарнамалап жатыр. Оларға сенуге бола ма?

Жарияланды
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозитке қатысты маңызды сұрақтарға жауап береді

Банктер жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,5 және одан да жоғары пайыз болатын депозиттерді жарнамалап жатыр. Бұл қандай салымдар? Оларға сенуге бола ма? 

Бұл жинақ салымдар. Мерзімі – бір жылдан екі жылға дейін. Үстіне қосымша ақша салуға және мерзімінен бұрын ақша алуға болмайды. Белгілі бір мақсаттарға арналған мұндай ұзақ мерзімді салымдарды күнделікті шығындарына жетіп артылатын ақшасы бар адамдар таңдайды.

Ақшаны екі жылға салу міндетті емес. Банктер мұндай салымдарды жарнамалайтын себебі, олар бойынша ең жоғары сыйақы төленеді. Банктерде мерзімі бір айдан бастап үш жылға дейін болатын салымдар бар. Ең жоғары сыйақы әрине, толықтыруға болмайтын осы жинақ салымдарда болады.

Жалпы жинақ салымдар елімізде 2018 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілген. Мерзімі – үш жылға дейін. Үстінен қосымша ақша салуға болатын және ақша салуға болмайтын түрлері бар. Бірақ жинақ салымдардың бір ерекшелігі – оларды мерзімінен бұрын жартылай алуға болмайды. Тек толығымен ғана алуға болады. Бұл жағдайда салым жабылады. Сәйкесіше банк сізге салым бойынша сыйақы мөлшерлемесін 0,1 пайыздан аспайтын көлемде беруі мүмкін.

Мерзімінен бұрын алуға болмайтын депозит не үшін керек?

Жинақ салым – мерзімі аяқталғанша алынбаса жоғары табыс әкеледі. Бұл – мақсатты салым. Мысалы, сол арқылы ипотека бойынша алғашқы салымға, балаларға білім беруге, үйге күрделі жөндеу жүргізуге ақша жинауға болады. Тәуекелі төмен, «құнсызданып кетеді» деп уайымдамайсыз.

Жинақ салымдарды мерзімінен бұрын алуға шектеу қоймайтын банктер бар ма?

Ондай банктер жоқ. Жинақ салымдар бойынша қызмет көрсетудің жалпы шарттары, оның ішінде мерзімінен бұрын ақша алу жағдайы Азаматтық кодексте көрсетілген. Сондықтан мерзімінен бұрын ақша алуға қатысты талаптар барлық банктер үшін ортақ.

Егер жинақ салымдағы ақша мерзімінен бұрын қажет болып қалса не істеу қажет?

Әрине, жинақ салымыңызды ала аласыз. Бірақ сыйақыдан айырыласыз әрі уақыттан ұтыласыз. Біріншіден, банк шотқа қанша ақша салсаңыз, сонша ақшаңызды қайтарып береді. Бірақ жинақталған пайыздар берілмейді. Берілсе де ол жылына 0,1 пайыздан аспайды. Екінші, «ақшамды аламын» деп банкке хабарлағаннан кейін кемінде 30 күнтізбелік күн күту керек. Осылайша жинақ салымды мерзімінен бұрын алуға болмайды. Алсаңыз толығымен беріледі. Сөйтіп шот жабылады.  

Сыйақы мөлшері нақты белгіленген. Оның үстіне бұл салым бойынша кепілдік берілген шекті сома – 15 миллион теңге.

Есесіне салымды мерзімінен бұрын алуға болмайды. Сондықтан салымшы жинақ салымды ашқанда мерзімінен бұрын жартылай да толғымен де алмау жөнінде өзіне міндеттеме алады.

Алдағы уақытта ақша керек болып қалуы мүмкін болса, қандай салым түрін таңдаған жөн?

Депозиттен керек кезінде мерзімінен бұрын ақша алып тұру үшін толықтыруға және мерзімінен бұрын ақша алуға шектеу қоймайтын салымды таңдау қажет. Мұндай үйреншікті, қарапайым салым қомақты табыспен қамтамасыз етпесе де ақшаңызды инфляциядан қорғайды. Бұл салымның сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзімі аяқталғанша сақталады. Бірақ ақша керек болса, мерзімінен бұрын ала беруге болады.

Сондықтан «ыңғайлы», «жеңіл» немесе «шектеусіз ақша ала беруге болады» деген сипаттамасы бар салымдарды таңдаңыз. 

Банкпен арада даулы мәселе туындаса не істеу керек?

Ондай жағдайда «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-на хабарласа аласыз. Ол жерде қор мамандары сізге депозиттерге кепілдік беру, есептелген сыйақы немесе депозиттер бойынша қызмет көрсету мәселелері жайында ақыл-кеңес беруге қашанда дайын. Бірақ банкпен арадағы дауды өз бетіңізбен ғана шеше аласыз. Ол үшін банктің байланыс орталығына хабарласаңыз немесе басқарма төрағасына не болмаса филиал директорының атына хат жазып, оны банктің жергілікті филиалының кеңсесіне тапсырыңыз. Банк сізге 15 күн ішінде ресми түрде жауап береді. Банктің мекен-жайын, қажетті деректемелерін және басқа да керекті апараттарды оның ресми сайтынан іздеңіз.

Егер банк көмектесе алмаса немесе жауабына көңіліңіз толмаса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жергілікті қоғамдық қабылдауына жазылыңыз. Байланыс телефондары finreg.kz сайтында көрсетілген. 

Жаңа сыйақы мөлшерлемесі ескі салымдарға әсер ете ме?

Жаңа мөлшерлемелер тек жаңа салымдарға ғана тиесілі. Мысалы, жинақ салымға 14,6 пайызбен ақша салдыңыз делік. Ал келесі айда қордың ұсынған ең жоғары сыйақы мөлшерлемелері 14,5 пайызға дейін төмендетілді. Бірақ соған қарамастан банк шотыңызға мерзімі аяқталғанша немесе ұзартылғанша сыйақыны 14,6 пайызбен есептейтін болады.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» ең жоғарғы мөлшерлемелерді жариялап тұратыны белгілі. Бұл банктер үшін ең жоғарғы шама ма, әлде одан да жоғары пайыздармен салым қабылдай ма?

Теория жүзінде барлық банктер салымдарды кез келген пайызбен қабылдай алады. Ал іс жүзінде банктерде депозиттер бойынша мөлшерлемелер ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерден аспайды.

Депозиттерді нақты қандай заң қорғайды?

Салымшылардың депозиттер бойынша өтем алу құқығы және банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу міндеттемесі «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңда (61–1 бап) бекітілген.

Бұл туралы «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңынан толыққанды оқып білуіңізге болады. Бұл заңда әртүрлі депозиттер бойынша кепілдік берілген ең жоғары сомалар, төлем мерзімі, қордың жұмыс істеу қағидалары және төлемдерді қаржыландыру көздері жазылған.

 

Сондай-ақ оқыңыз