Пандемия өнеркәсіп пен индустрияға қалай әсер етті?

Жарияланды
Дағдарысқа қарамастан дамудың оң үрдісі байқалады

Пандемия бизнеске, оның жекелеген салаларына ауыр тигені анық. Алайда кейбір салалар пандемия кезінде де жұмысын тоқтатқан жоқ. Осы орайда «Өнеркәсіптік грант» жүйесінің енгізілгенін айта кету керек. 

Жобаны үшінші индустрияландыру бағдарламасына сәйкес индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі QazIndustry компаниясымен бірлесе отырып қолға алған. Жоба жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және жаңа өндірістерді құруға бағытталады. 

«Грант кәсіпорындарға құрал жабдықты сатып алу және оны өндіріске енгізу үшін 50% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру шарттары негізінде ұсынылады. Бұл негізгі қорлардың жаңартылу пайызын арттыруға және нәтижесінде ішкі нарықта қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігі үшін база қалыптастырады» дейді Берік Бекенов. 

Былтыр дәл осы «QazIndustry» сауда және интеграция министрлігінің отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі операторы бола отырып, 487 өтінімнің ішінен жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге 216 кәсіпорынның шығыны өтелген. 

Өңірлік бөліністе өтініштердің басым бөлігі ШҚО (11,9%), Қостанай облысы (10,7%), Қарағанды облысы (10,2%), Алматы қаласы (8,7%) және Алматы облысынан (8,2%) келіп түскен. Әсіресе, пандемия уақытында тамақ өнеркәсібінің өкілдері белсенділік танытқан. Металлургия, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, электр жабдықтары өндірісі салалары да осы тізімге енді. 

«QazIndustry» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов атап өткендей, өңделген тауарларды экспорттаушыларға шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелерге, фестивальдарға қатысу, шетелде өнімді сертификаттау, қоймаларды, сауда үй-жайларын жалға алу және тауарларды жеткізуге байланысты шығындар өтелді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қолдау шараларын алған тауарлар экспортының географиясы әлемнің 29 елін құрады, соның ішінде Кувейт, Оман, Сауд Арабиясы, АҚШ және Оңтүстік Корея сияқты жаңа экспорт елдері пайда болды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбек өнімділігін арттыру мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде 58 кәсіпорынның жалпы сомасы 420 млн теңгеге 179 өтінімі бойынша шығындар өтелді. 

2021 жылдың қаңтар айынан бастап экспорттаушыларды қолдау бойынша «бір терезе» құру аясында сыртқы нарықтарға тауарларды жылжыту бойынша шығындарды өтеу функциялары «Qaztrаdе» АҚ-ға беріліп отыр. 

Отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету шеңберінде 2020 жылы 51 кәсіпорынға жалпы сомасы 93,1 млн теңгеге шығындар өтелді. Берік Бекенов атап өткендей, жоғарыда аталған шығындардың бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шаралары отандық бизнеске шетелдік мамандарды тартуға, өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, шеф-монтаж жүргізуге, жабдықты іске қосуға, басқарудың автоматтандырылған жүйелерін, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге, аудит жүргізуге, өнімді сертификаттауға және т.б. мүмкіндік береді.

Қолдау тапқан жобалардың мысалы ретінде «QazIndustry» басшылығы «AlumConstruction» ЖШС-ны атап көрсетті. Компанияның жабдықты шеф-монтаждаумен және іске қосу-жөндеумен байланысты шығындары өтелді, бұл шыныны қайта өңдеу көлемін 2 есе арттыруға, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуге және оны өндірісте қайта пайдалануға мүмкіндік бермек. 

Сондай-ақ, шетелдік маманды тартқаны үшін «KARLSKRONA LC AB» ЖШС қолдау көрсетті, соның арқасында өндірістік процестерді оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілген. 

«SAMHAT аяқ киім фабрикасы» ЖШС-не пішу, тігін және созылмалы учаскелердің жұмыскерлерін оқытуға қолдау көрсетілді, бұл аяқ киім тігу сапасын 20% – ға арттыруға мүмкіндік бермек. 

Индустрияландыруды одан әрі дамыту үшін кешенді, жүйелі тәсілдің қажеттілігін назарға ала отырып, мемлекет басшысы өз жолдауында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырған еді. Аталған заң жобасы дайындалып, 2020 жылы желтоқсан айында мәжіліске түсті. 

«Заң жобасының мақсаты қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті жедел дамыту арқылы ұлттық экономиканың әлеуетін арттыру болып табылады. Заң жобасында экономикалық, әкімшілік, құқықтық, институционалдық және басқа жағдайларды қамтитын өнеркәсіптік климат ұғымын енгізу көзделген» деді ҚР ИИДМ өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Лаура Садықова. 

Оның айтуынша, өндіріске қатысты функциялар әртүрлі ведомствалар арасында бөлінген. Сол себепті, өнеркәсіптік саясатты тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету үшін заң жобасында үкімет басшысы орынбасарының жетекшілігімен өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру қарастырылған. 

Сондай-ақ, комиссия құрамына мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар және басқа да мүдделі тұлғалар кіретін болады. 

Жалпы алғанда, пандемияға қарамастан индустриялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң үрдіс тіркелді дейді мамандар. Еңбек өнімділігі 4,4%, инвестициялар 3%, қосымша құны жоғары өнімдер экспорты 4,9% өсті. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,9% өсіп, кәсіпорындар 13,1 трлн теңгеге өнім шығарды, бұл индустрияландыру басталғанға қарағанда 4,4 есе көп екен. 

«Өзгертілген жағдайлар мемлекеттік саясатты іске асыруда жаңа тәсілдерді ұсынуды қажет етеді. Осы жылдың басында еліміздің 2025 жылға дейінгі  Ұлттық даму жоспары қабылданды. Онда еліміздің жаңа экономикалық бағытының негізгі міндеттері мен параметрлері, оның ішінде отандық өнеркәсіпті дамыту бағыттары анықталған. Ол, отандық кәсіпорындардың дағдарыстан кейінгі жаңа шындыққа бейімделуін, бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру үшін жағдайлар жасау болып табылады» деді Садықова. 
 

Сондай-ақ оқыңыз