Қазақстанға жеміс-жидек өңдеу зауыттары керек пе?

Жарияланды
Ауыл шаруашылығын дамыту – басты назарда

Сарапшылар ме мамандар Қазақстанның тез арада ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсібін дамыту керектігін жиі айтады. Мұнай мен газ дәуірінің мәңгі тұрмайтыны, сондықтан ауыл шаруашылығын алға шығару жайлы да жиі естиміз. Әзірге еліміз өз шаруашылығын өзі толыққанды игере алар емес. Бұл сала да инвестицияға аса мұқтаж салалар қатарында. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, біздің жерге түрік инвесторлары қызығушылық танытып отыр. 

«Жамбыл облысының әкімдігі Түркиямен келіссөздер жүргізді. Өңір Қазақстан тарапынан шарт жасасады. Оның негізінде 5 мың га жерге жеміс егіледі. Нәтижесінде, елімізге түпнұсқа көшеттіктер әкелінеді. Одан ары олар ҚР Қазақ жеміс, көкөніс шаруашылығын ҒЗИ базасында көбейтіледі. Соның арқасында оңтүстік өңірлер көшеттікпен толық қамтамасыз етіледі» дейді Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің бас сарапшысы Бағдат Рүстемов. 

Жоспар көп. Алдағы бес жылда 40 бау-бақша отырғызып, алма шырыны, мал азық өнімдері және биотыңайтқыштар өндіріліп, алма және жеміс-жидек өңделетін зауыттар салынбақ. Осыншама еңбектің құны 198 млрд теңге есептелген.  

«40 жоба бойынша өсірілетін өнім қарқынды бау өсіру бойынша жоспарланған. Мысалы, алма басым дақыл болып табылады. Оған қоса, алмұрт, шие, алхоры, жүзім, өрік және шабдалы секілді басқа да дақылдар егіледі. Жеміс-жидектер оңтүстік өңірлерде өсіріледі. Атап айтқанда, Алматы, Жамбыл облыстарында, Түркістан және Шымкент қалаларында. Негізінен, 2024 жылға дейінгі жоспар бойынша 6600 мың га алма қарқынды бау егу жоспарланған. Одан бөлек, баулардың өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» дейді министрлік өкілі. 

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуынша, мемлекет бау-бақша егемін деп білек сыбанып отырған азаматтарды қолдауға дайын. 

«Бағбандарды қолдаудың арнайы шараларының ішінде көшеттерді субсидиялау, тамшылатып суаруға және қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалатын шығындардың жартысын өтеу, техника сатып алуға да, сондай-ақ бақша отырғызуға арналған инвестициялық субсидиялар бар. Сондай-ақ, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаумен қаржыландыру бағдарламалары бар. Бұдан басқа, тәлімбақшылардың өтініші бойынша өткен жылы АШМ көшеттер өндірісін субсидиялау бойынша жаңа бағдарлама әзірледі, тәлімбақтар мен аналықтарға арналған техниканы сатып алуға инвестициялық субсидиялау енгізілді» деді ол. 

Маманның айтуынша, Батыс Қазақстан облысы – бау-бақша өсіруге қолайлы өңір емес. Сондықтан бұл сала бойынша Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарына баса назар аударылады. 

Сандарды сөйлетсек: 

  • Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5,6 пайызға артты; 
  • Өнім құны 6,3 трлн теңгені құрады; 
  • Азық-түлік өндірісі 4 пайызға өсті; 
  • 350 млрд теңге субсидия берілді; 
  • шаруашылығы өнімдерінің экспорты 22 пайызға артты (1,3 млрд доллар); 
  • Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 113 елдің ішінде 32-орынға ие болды. 

Қазақстан: 

  •  Жылына 20 млн тонна дәнді және бұршақты дақыл өндіреді; 
  • 7-8 млн тонна бидай экспортталады;

Азат Сұлтанов  құс еті, шұжық, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық сынды азық-түлік бойынша импортқа тәуелді екенімізді айтады. 

Импорт үлесін азайтып, өндірісті ұлғайту бойынша министрлік 2021-2023 жылдарға арналған импортты алмастыру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруда: 3 жыл ішінде: 

  • 19 құс фабрикасын; 
  •  9 ет өңдеу кәсіпорнын; 
  • жаңа қант зауытын іске қосу; 
  • тауарлық балық өсіру бойынша 8 жобаны іске қосу; 
  • 6,6 мың га  бақша (негізінен алма) салу жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз