Балаңызға банк картасын ашуға қалай қарайсыз?

Жарияланды
Қазақстанда қай банктерден рәсімдеуге болады?

Қазіргі дәуірдің балаларына қаржылық сауат қажет-ақ. Өйткені нарық заманында барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Демек, балаңыз кішкентайынан ақшаны қалай жұмсау керегін, қай зат қанша тұратынын біліп, жалақының қандай келетіні жайлы ақпаратты біліп өссе, болашағына оң әсер береді. Әсіресе, бюджетті басқаруды бала кезден миына құя бергеніңіз дұрыс. Осы ретте бірден-бір көмекші ретінде балаларға арналған банк картасын айтуға болады. Оның үстіне қазақстандық банктің біразында мұндай қызмет түрі қосылды. Ендеше, банк картасының кішкентайларға арналған түрі туралы ақпарат бере кетейік. 

Картаның қандай пайдасы бар?

Кей ата-аналар балаға кішкентайынан ақша ұстатқанға қарсы болады. Ондағысы — дүниеқоңыз болып өседі деген қорқыныштан. Әйтсе де, балаларға арналған төлем картасын ашып беру арқылы өміріңізді біршама жеңілдетуге болады. Соның ішінде, баласына күнделікті тиын-тебен беретін ата-аналарға таптырмас тәсіл. Біріншіден, мектепке барарда не жалпы сыртқа шығарда қалтасына салып жіберуге ақша іздеудің керегі болмайды. Бүгінде қолма-қол ақша ұстау сирегендіктен, карта болса, аудара саласыз. Қалтасына ақша салып жібергендегі келесі бір мәселе — оны жоғалтып алу. Балалар алаңғасарлықпен қалтасынан түсіріп алып жатады. Сондықтан картаның осы тұста да пайдасы тиеді. Дүкеншілер алдайды деп қорықпасаңыз болады. Балаңызға сауда жасаған соң чек алып жүруді үйретіп қойыңыз. Сонда нақты қанша сома төлегенін де, тауардың бағасын да біліп отырасыз. Картаны ересектер басқара алады. Қай жерден, не алып жатқанын көріп отырасыз. 

Картаны қалай ашуға болады?

Балаларға арналған төлем картасын рәсімдеу үшін аса көп құжат қажет емес. Бар болғаны баланың ата-анасының не заңды өкілінің жеке куәлігі, баланың ЖСН-і көрсетілген туу туралы куәлігі қажет. Сондай-ақ, 16-18 жас аралығындағы балалар жеке куәлігін апаруы керек. Банк картасын банкке барып немесе мобайл қолданба арқылы ашуға болады. Карта баланың атына жазылғанымен, ата-анасы не қамқоршысының қосымша картасы есебінде жүреді. Ашылған соң оларға төлем картасын бақылау мүмкіндігі беріледі. Бұл дегеніміз сізге:

•    Карта бойынша жүргізілген операциялар туралы дерек жіберіліп тұратынын;
•    Төлем картасында қанша ақша қалғанын қарауға;
•    Бұғаттап не қайта ашуға мүмкіндік берілетінін;
•    Ақша жарату лимитін азайтып не көбейтуге болатынын білдіреді.    

Қанша жастан бастап рәсімдеуге болады?

Отандық банктердің балаларға арналған карталар ашуға қатысты жас шектеулері әр түрлі. Мәселен:
•     Jysan Bank  5-16 жастағы балаларға;
•    Сбербанк 6-14 жас аралығындағыларға;   
•    ЦентрКредит банкі 6-18 жастағы балаларға;
•    Halyk Bank 6-18 жас аралығындағыларға;
•    Kaspi Bank 10-16 жастағыларға;
•    Altyn Bank кез келген жастағы балаларға арнап төлем картасын ашуға мүмкіндік береді.

Балаларға арналған Kaspi Gold

Картаны мобайл қолданба арқылы ашуға болады. Рәсімдеген соң банк бөлімшесіне барып, сол жердегі картоматтан шығарып аласыз. Ол үшін сізге банкте тіркелген нөмір салынған ұялы телефон және жеке куәлік керек. Картаны бас-аяғы 1 минутта шығарып алуға болады. Картадан жасалған әр саудадан 0,5 пайыз бонус түсіп тұрады. Акциялар кезінде 3 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бір жылдық қызмет көрсету және мерзімі аяқталған соң қайта шығару тегін. Уақыты бітпей жатып қайта шығару құны — 1995 теңге. Балаға карта рәсімдеген ата-ананың картасынан ақша аудару тегін. Ал басқа Kaspi Gold-тан аударатын болса, айына 50 мың теңгеге дейін ақысыз. Айына 10 мың теңгеге дейін қолма-қол шешіп алғаны үшін комиссия ұсталмайды.     

 Altyn–i картасы

Мобайл қолданба арқылы рәсімдеп, тіркеуден өткен соң есепшот ашылады. Қызмет көрсеткені үшін ақы алынбайды. Балаларға арналған картаның кэшбегі жақсы. Мысалы кинотеатр, ойын-сауық орталықтарында — 20 пайыз, жедел тамақтану орындарында — 10 пайыз кэшбек бар. Бонустар мың теңгеден көп сомаға жасалған сауда үшін түседі.  

Jysan Bank-тің мультивалюталық картасы

Бұл банктен балаларға арналған картаны Қазақстан резиденттері ғана емес, бейрезиденттері де аша алады. Қазақстан азаматтары балаларына карта ашу үшін мобайл қолданбаны пайдалана алады. Қалауыңызға қарай картаны жеткізу қызметі арқылы алдыруға болады. Курьер сізге ыңғайлы жерге, уақытта әкеліп береді. Сонымен бірге банк бөлімшесінен де ала аласыз. Ал енді шетел азаматтары үшін мұндай жағдай жасалмаған. Ашу үшін банкке бару міндетті. Рәсімдеуге керек құжаттар: ЖСН-і бар құжат, шетелдік төлқұжат, тіркеу туралы анықтама, уақытша не тұрақты тіркеуде тұрғанын дәлелдейтін, ХҚКО-дан берілген анықтама. Бұл банктің бір ерекшелігі — картаның дизайнында. Кәмелетке толмаған клиенттер төрт дизайынның ішінен көңілі қалағанын таңдай алады. Картаны шығарғаны үшін де, екі жылдық қызмет көрсеткені үшін де ақыл алыбайды. Смс-хабарлама бірінші жылы комиссиясыз. Балаңыз Jysan Junior қолданбасы арқылы қаражатын басқара алады. Бір қызығы, үй жұмысын не басқа да тапсырылған істі орындаса, ата-анасынан қаржылай сыйақы ала алады. Қолма-қолсыз сауда жасау арқылы бала 2 пайыз бонус алады.      

Сбербанк Қазақстанның «Балалар картасы»

Бұл картаның кэшбегі — 1 пайыз. Алғашқы жылы қызмет көрсету тегін. Одан кейінгі жылдары айына 210 теңгеден ұсталып отырады.  

ЦентрКредит банктің Junior Card-ы 

Бұл банктің картасының пластик түрін де, виртуал түрін де рәсімдеуге болады. БЦК-нің кез келген картасы бар клиент Junior карта аша алады. Яғни жиеніңіз, немереңіз не аға-әпкелеріңіздің балаларына ашып бере аласыз деген сөз. Шығару және қызмет көрсету ақысыз. Сондай-ақ, бала мен ата-анаға жіберілетін Push немесе sms-хабарламалар да тегін. Балаларға арналған арнайы қолданба Junior Bank деп аталады. Ол жерде бала шығындары туралы ақпарат алып, кэшбек жинап, төлем жасай алады. Бұл картамен 18 + санатына жататын тауарлар алуға болмайды. Сауда жасаған сайын картаға 1 пайыз көлемінде бонус түсіп тұрады. Мобайл қолданбада аударым жасау үшін карта нөмірімен де, телефон нөмірімен де болады.

Halyk Easy картасы

Картаны рәсімдеу үшін міндетті түрде банк бөлімшесіне бару керек. Пластика картаны шығаруға 3-7 күн кетеді. Дайын болған картаны рәсімдеген адам алып кетуі керек. Сонымен бірге 16-18 жастағы жасөспірімдер жеке куәлігін көрсетіп ала алады. Бір жылдық қызмет көрсету және мерзімі біткендіктен қайта шығаруға ақы ұсталмайды. Ал егер ата-ана қайта шығармын деп шешсе, құны 1000 теңге болады. Бонустың максимал көлемі — 1 пайыз. Ал егер Halyk Club серіктестерінен сауда жасайтын болсаңыз, 25 пайыз бонус алуға мүмкіндік бар.    

Ескерту жағын да ұмытпаңыз

Балаңызға карта ашып берген соң, ПИН-код тергенде басқалардың көрмеуі керегін, карта бар деп мақтануға болмайтынын, басқа адамдарға беруге болмайтынын, картаның алды-артын суретке түсіріп желіге жүктемеу керегін, белгісіз сайттардан сауда жасамауды, егер картасын жоғалтып алса, дереу сізге хабарласу керегін ескертіп қойыңыз. 
 

Сондай-ақ оқыңыз