Қазақстан экологиялық міндеттемені орындамай отыр. Биоалуантүрлілікке көңіл бөлмеудің зардабы қандай?

Жарияланды
Қазақстанда жеті жылда биоалуантүрлілікті қаржыландыруға 1,2 млрд доллар жұмсалған

Қазақстан биологиялық алуантүрлілік бойынша БҰҰ конвенциясына қосылған. 2010 жылы Нагояда тараптар биоәртүрлілікті сақтау мен орнықты пайдаланудың стратегиялық жоспарын қабылдады. Конвенцияға қатысқан елдер екі жыл ішінде биоәртүрлілікті сақтау бойынша ұлттық стратегия мен жоспар қабылдауы тиіс еді. 

Energyprom мәліметі бойынша, Қазақстан мұндай стратегияны әлі күнге қабылдамаған. 

«Экологиялық кейс бойынша халықаралық міндеттемелерді орындамау ұлттық экономиканы бәсекеге қабілетсіз етеді. «Қара» брендті «экологиялық улы экономикасы бар елдің тауарларын» кез-келген маркетингтік бюджеттер жасырып жаба алмайды» деп жазады мониторингтік агенттік. 

EPI – экологиялық нәтиже индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 128-орында. Биоалуан түрлілікке жұмсалған мемлекеттік және жеке шығындар анализі қаржыландырудағы басты көз – мемлекеттік бюджет екенін анықтаған. 2008-2014 жылдары био алуан түрлілікті мемлекет есебінен қаржыландыру 86 пайызды құраған. Дегенмен бұл бүкіл мемлекеттік шығынның 0,4-0,8 пайызы екен. 

БИОФИН бастамасы сарапшыларының зерттеуінше, Қазақстанда жеті жылда биоалуан түрлілікті қаржыландыруға 1,2 млрд доллар жұмсалған. Бұл жалпы ішкі өнімнің 0,1 пайызымен тең.  

Қазақстанның экожүйесі бай әрі ерекше. Табиғаттағы кез-келген жаратылыстың өзіндік мәні, қоршаған ортаға, тіпті адамзат дамуына әсері бар екені белгілі. Бұл орайда мәселеге кіші деп қарамай, ерекше назар аудару қажет-ақ. Дәл қазір еліміздің аумағында өсетін 500-ге жуық өсімдік түріне жоғалып кету қаупі төніп тұр. Қазақстанда ұя салатын құстардың 14 түрі жаһандық маңызы бар құстар саналады. Елде тіркелген омыртқалылардың 236 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. 

Орнықты даму бойынша халықаралық эксперт Болат Есекиннің айтуынша, елімізде экологиялық аспектілер бойынша ешқашан прогресс болған емес. 

«Тәуелсіздік алғалы бері тек регресс жүруде. Ауаға шығарылатын зиянды заттар көбейді, деградацияланған жер аумағы ұлғайды, тағысын тағы проблемалар. Мұның себебі – қазіргі қысқа мерзімді мемлекеттік басқару. Айналдырған 2-4 жылда әкімдер мен министрлер экологиялық мәселемен толыққанды айналыса алмайды. Қоршаған ортаны қорғау проблемасы ұзақ мерзімді инвестицияны талап етеді. Сондықтан бұл мәселе біздің елде екінші планда қалып келеді. Мемлекеттік органдар жұмыс жүйесі өзгермей, жағдай да өзгеріссіз қала бермек. Жерде өмір жалғассын десек, табиғи экожүйені барынша сақтауымыз керек. Экожүйенің бұзылуы ғаламдық су айналымы мен климаттың апатқа ұшырауына, тіршілік етуді жалғастырудың шарттары болып табылатын биоәртүрліліктің жоғалуына қауіп төндіреді» дейді сарапшы. 

Биология ғылымдарының докторы Наталья Огарь бірыңғай бағдарламаның, өңірлерде шешілуі тиіс нақты проблемалардың көрсетілмеуі ахуалды одан әрі қиындатып тұр. 

«Бізге экожүйенің түсінікті әрі кең құрылымды картасын жасау керек. Бізде қазір ондай карта жоқ. Әртүрлі жылдардағы карталарды зерттей келе XX ғасыр басындағы карта қазіргіге қарағанда бай әрі нақты деген тоқтамға келдім. Бұл біздің елде қазір осы салаға тиісті мән берілмегендігін көрсетеді. Тағы бір айта кетерлік мәселе – бізде деградацияланған жерлерге өсімдік егеді. Сосын ол тамыр жаймайды. Өсіп-өнбейді. Сондықтан әр өңірдің климаттық ерекшелігін зерттеп, зерделеп, түсіну қажет. Көп ретте табиғат өз-өзін қалпына келтіреді. Тек оған кедергі келтірмеу қажет. Жерді стресске түсіретін факторларды туындатпау керек» дейді Огарь.

Сарапшы сондай-ақ ерекше қорғауға алынған территориялар мәселесіне де мән берді. Оның айтуынша, қазір ондай аумақтар туризм және демалыс аймақтарына айналып жатыр. Ал әу бастағы ерекше қорғауға алынған аумақтардың мақсаты – биоалуан түрлілікті, сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан түрлерді қорғау болатын. 

«Ерекше қорғауға алынған аумақтарда кәсіби мамандар өте аз. Жалақының аздығы және жеткілікті білімнің болмауы осыған әкеліп жатыр. Ал біліктілігі жоқ қызметкерлер табиғатқа залал келтіретін әрекеттер мен бастамаларды іске асыруда» дейді сарапшы. 
Биоалуан түрлілік саласында БҰҰ даму бағдарламасы жобалар портфелінің менеджері Талғат Кертешев те елімізде әлі күнге биоалуан түрлілікті сақтау бойынша ұлттық стратегия жоқ екенін растады. 

«Экожүйеге көзқарас экологиялық кодекстің 8-бабындағы негізгі қағидалардың бірі болғанымен, іс жүзінде еш жерде қолданылмайды. Экологиялық кодекстің тағы бір жағымсыз жағы экономикалық механизмдер бөлімінің болмауы. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айтқан ұран өнеркәсіптік секторды үрейлендіруі мүмкін. Сондықтан мен бұл ұранның орнына «экономикалық механизмді» енгізуді ұсынамын. Экономикалық механизм биоәртүрліліктің жоғалуын өтейді. Мұндай шаралар қазірдің өзінде халықаралық стандарттар шеңберінде қолданылып келеді, бірақ Қазақстанда әлі жоқ» дейді эксперт.

 

Сондай-ақ оқыңыз