Алтай. Шығыс Қазақстандағы шағын қаланың бүгіні мен болашағы

Жарияланды (жаңартылды )
Қаладағы тіршілік, кәсіп пен қаржы жайлы

Қала жастары қай жақта тұрғысы келеді, қандай мамандар жетіспейді, пандемияда кәсібі алға басқан кімдер? Журналист Жанар Асылханова «Курсив» пен «Шеврон» компаниясының «Нағыз Қазақстан» жобасы үшін Алтай (бұрынғы Зырян) қаласына арнайы барып, шығыстағы шаһардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. 

Аспанмен тілдескен тау мен шоқылардың арасында жатқан  бұл мекен қала мәртебесін алғалы бері, 2019 жылы атауы Алтай боп өзгергенге дейін «Зырян» деп аталатын. 1791 жылдары шағын қыстақ болған ол 1937 жылы жұмысшы селосына айналып, 1941 жылы қала мәртебесін иеленді. Алтай  Бұқтырма су қоймасына келіп құятын Березевка өзенінің  бойында орналасқан. Алтай ауданындағы 13 ауыл мен елдімекеннің әрқайсысы – туристерді тартатын көрікті мекен. Бұл жаққа ресейлік туристер көп  келеді. 

Әкімдік берген мәлімет бойынша, ауданда 63 776 адам тұрады, оның жартысынан көбі Алтай қаласының тұрғыны –  35 136 адам. Ашық дереккөз дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жылда қаладан 4,5 мыңнан астам тұрғын көшіп кеткен. 

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (2).jpg

Алтай мақтанышы 

Қаладағы көрікті тарихи ғимараттың бірі – 1953 жылы салынған «Горняк» Мәдениет үйі. Бұл ғимарат тарихын елдің бәрі біле бермейді. Қайта құру кезеңінде ол да жеке меншікке өтті. Содан бері басынан өткермегені жоқ. 1991-2001 жылдар аралығында қолдан-қолға өтіп, біресе қоймаға, біресе казиноға айналған. Сау-тамтығы қалмаған мәдениет үйі 2001 жылы қайтадан мемлекет қарамағына өтеді. Есік-терезесі мен шатыры жоқ, түгі қалмай тоналған ғимаратқа 4 жылдан кейін тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесі беріледі. 2011 жылы бюджеттен қаражат бөлініп, қайта жөндеу жұмыстары басталды. 2013 жылғы күрделі жөндеуден соң, орталық жұмысын қайта бастады. 

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (4).jpg

Құрылысшылар қолдан келгенше ғимараттың алғашқы кейпін қалпына келтіруге тырысқан. Айталық, бағаналарынан сол замандағы кеңестік атрибуттарды байқауға болады. 

«Қазіргі жастарға бұл нәрсе бейтаныс, жат  шығар бәлкім, алайда біз оны мақтан тұтамыз. Би залында да кеңестік республикалардың рәміздері сақталған. Бұл – біздің өткен тарихымыз, сондықтан оны сақтау керек деп санаймын. Мәдениет үйі – Алтай ауданындағы жалғыз  тарихи ғимарат-ескерткіш. Концерттік залы шағын, есесіне өте жайлы. Бұл жерде бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді, олардың арасында атағы ауданнан ары асқан «Зыряночка» би ансамблі де бар. Сонымен қатар, «Скрепка» балалар театр студиясы, ардагерлер хоры, акробаттар үйірмесі жұмыс істейді», – дейді Алтай ауданы «Горняк» мәдени-демалыс орталығы» КМҚК директоры Елена Коробейникова.

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (3).jpg

Білікті мамандар және бизнес

Ауданда білікті мамандар жетіспейді. Жұмыспен қамт орталығының мәліметі бойынша, қазіргі кезде  250 маманға сұраныс бар. 

«Бізге мектеп мұғалімдері мен дәрігерлер: анестезиолог, ревматолог, инфекционист, терапевт, ангиолог және  т.б. мамандар қажет. Барлығы 250 бос жұмыс орны бар, соның 35%-ы  – білім беру, 25%-ы денсаулық сақтау саласына тиесілі.  Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да мамандар қат. Механизатор, малшы, сауыншы, агроном, ветеринар-дәрігерлер қажет», – дейді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Берікжан Бекбосынов.
 

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (6).jpg

Алтайдағы кәсіпорындар мен мекемелер ұсынатын жалақы – 65-120 мың теңге аралығында. Ағылшын тілі, музыка, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне бос жұмыс орындары бар. Сондай-ақ электр дәнекерлеуші, токарь, кітапханашы, медбике, терапевт-дәрігерлер мен механизаторлар қажет.

Алтай ауданында ұсынылатын айлық жалақы 65 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін жетеді. Айталық, Среднегорненский ауылдық округінде ветеринар-дәрігерге 150-200 мың теңге айлық төлеуге дайын. 

«Егер қоныстандыру бағдарламасы бойынша көшіп келсе, тура автостанциядан күтіп алып, ең алдымен жұмыс тауып береміз. Қолды-аяққа тұрғызбай алып кетеді. Мәселен, «Бородино» шаруа қожалығы жақсы маманға үй беруге әзір», – деп атап өтті Берікжан Бекбосынов. 

2018 жылдан бері ауданға негізінен Шымкент қаласы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан 89 отбасы қоныс аударған. Олардың барлығы өздеріне тиесілі субсидиясын алған. Жұмыспен қамту орталығының мамандары қоныс аударушылардың 60%-дан астамы егіншілік, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығымен айналысқанда жөн көреді дейді. Көшіп келген тұрғындар жылдар бойы бос жатқан жерді игеріп жатыр. 

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (5).jpg

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Алтай аудандық филиалының деректері бойынша, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 2020 жылы жалпы сомасы 721 млн теңгеге 13 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 301,4 млн теңге болатын 6 жоба, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 22 млн теңгеге 2 жоба қаржыландырылған. Аудан бойынша барлығы 3333 бизнес субъектісі тіркелген, оның 2519-ы Алтай қаласында жұмыс істейді. 

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Алтай аудандық филиалының директоры Руслан Чамойевтің айтуынша,  кейінгі кезде кәсіпкерлік нысандардың азаю үрдісі байқалады. Бұған себеп – бақылау-кассалық аппаратының жаппай енгізілуі. 

«2019 жылдың 1 қаңтарында ауданда 4500 кәсіпкер тіркелсе, 2020 жылы олардың қатары 3800-ге дейін азайды. Ал қазіргі кезде олардың саны – 3333. Мәселен, адамдар зейнетке  шығар алдында зейнатақым көбірек болсын деп, ИП ашып, жарна құйып отыратын. Декреттік демалысқа кеткелі жүрген келіншектер де сөйтетін. Ал кассалық-бақылау аппаратын қолдану міндеттелгелі бері, кімнің нақты жұмыс істейтіні, кімнің істемейтіні анықтала бастады. Оған қоса, расында жұмысы тоқтаған кәсіпкерлер де бар. Ол да көрсеткіштің төмендеуіне әсер етеді. Әлеуметтік аударым туралы заңға да өзгерістер енгізілді. Жұмысы тоқтап тұрған дара кәсіпкерлер де МӘМС жарнасын төлеуі тиіс. Яғни, ИП қызметін тоқтата тұрған тиімсіз, сондықтан тұрғындар оны бірден жауып тастауға тырысады», – дейді Руслан Чамойев.

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (7).jpg

Руслан Чамойевтің айтуынша, кәсіпкерлер көбінесе карантин кезінде жұмысы жанданатын мониторингтік топтардың іс-әрекетіне шағымданады. 2020 жылдың қарашасынан бері осындай 50-60 шағым түскен, оның басым бөлігі кәсіпкелердің пайдасына шешіліпті. 

Кәсібі алға басқандар да бар

дКәсіпкер Сәуле Бахтиярова кәсіпкерлік нысандардың карантинге жабылуы, керісінше, кәсібінің алға басуына ықпал етті деп тұжырымдайды. Ол бизнес жүргізудің басқа қырын бағамдап, бір айдың ішінде киім дүкенін  – интернет-дүкенге,  жазғы кафені жеткізу қызметіне айналдырған. 

«Пандемия кезінде кәсібімізді жауып, сатушыларды қысқартқан жоқпыз. Бүкіл әлеуметтік желілерде парақша ашып, желі арқылы сата бастадық. Бұл бізге жақсы табыс әкелді. Облыс аумағында киім-кешек жеткізіп, тіпті Ресейге де жібердік. Өстіп жағдайға қарай бейімделдік. Дәл карантин кезінде кафе ашқан едік, кешенді түскі ас жеткізумен айналыстық. Пандемия қатты соққы болды деп айтпас едім. Жұмыс істегісі келетін кәсіпкер әркез тығырықтан шығар жол іздейді. Мойнымда несие қарызым бар, сондықтан бар мүмкіндікті қарастырдым. Өйткені ешкім сен үшін несиеңді төлеп бермейді, қарызды уақытылы жауып отыру керек. Қымбат құрал-жабдық, сөре, мұздатқыш, түрік пешін сатып алуға 1,5 млн несие рәсімдеген едім. Одан кейін 4 млн теңгеге жеткізу қызметіне қажет көлік алдық. Қарызды кейінге қалдырғымыз келмеді, сол себепті интернет-дүкеннің жұмысын жүргізуге барымызды салдық. Бір ай бойы жарнама жапсырдық, студенттерге еңбекақысын төлеп, сабақтан тыс уақытта жарнамамызды таратқыздық», – дейді кәсіпкер. 

Нәтижесінде 3 айдың ішінде кәсіпкер несиесін толық төлегенін айтады. Қазір дүкенде жөндеу жұмысы жүріп жатыр. 

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (8).jpg

Кәсіпкер тағы да 10 адамды жұмысқа алуға әзір. Аспаздардың айлық жалақысы 150 мың теңге болса, бармен мен официанттарға 80 мың теңге төленеді. Сәуленің айтуынша, пандемия кезінде тапсырыс көбейген. Тағамды бар ықыласымен пісіріп, бағасын аса қымбаттатпай, азық-түліктен де үнемдеуге тырыспайды. Нәтижесінде клиенттер ағыла бастады. Құны 500 теңгелік кешенді асқа  жергілікті аурухана, қонақ үй, мектеп басқа да мекемелер тапсырыс бере бастады. 

Осы ретте айта кетсек, қаладағы қонақ үйлердің бағасы таңдандырады. Қонақ үйдегі қызмет сапасы ақсап тұрғанын ескерсек, бөлме бағасы арзан емес. Мысалы, бір жатын орын бағасы 2500 теңгеден басталып, 12500 теңгеге дейін жетеді. 2500 теңгелік бөлмеде ештеңе жоқ, жуынатын бөлмесі дәлізде. Консьерж бөлмедегі екі орынның тек біреуіне жатуға болатынын ескертеді. Ал бағасы 6 мың теңге болатын бір орындық бөлменің дәретханасы мен ваннасы ішінде болғанымен, бөлме суық та жайсыз. 

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (9).jpg

Қаланы дамыту және бюджет жайлы

Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша, 2019 жылы Алтай қаласының бюджеті 804,9 млн теңгені, 2020 жылы – 1,18 млрд теңге, 2021 жылдың басынан бері  369,9 млн теңгені құраған. 

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (11).jpg

 Былтыр қалада 10 150 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп (5452 шаршы метр).

Сонымен қатар, 2020 жылы қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі шешілді. Қала мектептерінің бірі 40 жылдан бері көшкін жүру қаупі жоғары  аймақта тұрған еді. 

«49 млн теңге бөлінген жоба жүзеге асырылып,ол қар көшкіні қаупін азайтуға мүмкіндік берді. 10-шағын аудандағы Зубовка тауында көшкінге қарсы құрылыс салынды. Барлығы 200 қалқан орнатылып, 420 түп көшет отырғызылды», – деді Алтай ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Маматаев.

Сондай-ақ, курсанттарды  оқытатын автодром құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Құрылыс құны 308 млн теңгені құрайды. Ерлан Маматаев жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, қазір қаржыландыру мәселесі шешілуде дейді. Автодром  4 гектар жерге салынбақ. Онда курсанттардың мемлекеттік емтиханды тапсыруына арналған павильон және емтихан тапсыруға қажетті 20 конструкция элементтері болады.
Алтай ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы аясында, 2021 жылы қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешен құрылысы, 60 пәтерлі үй құрылысы, сондай-ақ бұрынғы тігін фабрикасының қараусыз қалған жатақханасын тұрғын үй етіп қайта жөндеу жоспарланған.

«ДСК құрылысы бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып қалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны – 620 млн теңге. Жеке құрылыс салушылар есебінен жыл соңына дейін 36 жеке тұрғын үй салу жоспарланған, оның 16-сы Алтай қаласында бой көтереді. Құрылыс аяқталғаннан кейін олар коммуналдық меншікке сатып алынады. Тұрғын үй бір шаршы метрінің құны 140 мың теңгеден аспайды. 11 үйді сатып алуға  жалпы сомасы 138,6 млн теңге,  соның ішінде аудандық бюджеттен  – 108,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 29,9 млн теңге қарастырылған»,– дейді Алтай ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Маматаев.

altaj.-budni-i-plany-nebolshogo-goroda-na-vostoke-kazaxstana (12).jpg

Сонымен қатар, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы да басталған. Жобаның жалпы құны – 631 млн теңге.

Сондай-ақ, жалпы ауданы 5727 шаршы метр болатын 100 пәтерлі тұрғын үй құрылысы ЖСҚ-ын әзірлеу қолға алынған, құрылыстың болжамды құны 1 млрд теңгеден асады.

Аудан бойынша тұрғын үй  кезегінде 989 адам тұр, оның ішінде 803-і тұрмысы төмен тұрғындар,  оның ішінде 539-ы – жетім балалар мен кәмелеттік жасқа дейін ата-анасынан айырылған балалар.

Айта кетейік, Алтай қаласында балалар үйі мен тәрбиесі қиын балаларға арналған мамандандырылған мектеп бар. Тек арнайы мектепте 1 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге сотталған 11-18 жас аралығындағы 21 бала тұрады. Оның 8-і – ШҚО-дан, 13-і Павлодардан келген.

Сондай-ақ, бюджеттік ұйымдардың 177 қызметкері, 18 көп балалы отбасы, жалғыз баспанасы апатты деп танылған 12 азамат тұрғын үй кезегін күтіп жүр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз