«Спутник V» вакцинасы бедеулікке шалдықтыра ма?

Жарияланды
Ғылыми орталық маманының пікірі

Елімізде 1 ақпаннан бері жаппай вакцина салу  басталғаны белгілі. Қазірге дейін вакцина алғандардың бойында теріс әсер байқалмаған. Осы орайда фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығының профессоры Ләззат Ералиева коронавирусқа қарсы вакцина бедеулікке шалдықтыруы мүмкін деген пікірге қатысты көзқарасын білдірді. 

«Вакцинаны халыққа қолданбас бұрын жануарларға зертханалық көптеген клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізіледі. Бедеуліктің пайда болу қаупі – вакцина қауіпсіздігінің маңызды өлшемдерінің бірі. Бұл міндетті түрде зерттеледі. «Спутник V» де басқа вакциналар сияқты және «Kaz-Covid-in» де репродуктивті функцияға әсер етпейді. Егер біздің қазақстандық вакцина туралы бөлек айтатын болсақ, оның технологиясы 80 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Осылайша тұмауға, полиомиелитке, кене энцефалитіне қарсы вакциналар әзірленді. Олардың жыныстық бездер функциясына ықтимал әсері баяғыда зерттеліп қойған. Олар бедеулікке апармайды» деді сарапшы.

Ал ҚР ДСМ ҚДСҰО санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы Лена Қасабекованың пікірінше, тұмауға қарсы вакцина, керісінше, адамдарды тұмаудан қорғап, коронавирус пен тұмаудың асқынуларының қатар жүруінен сақтайды.

«Коронавирус инфекциясы пандемиясына дейін елімізде жыл сайын тұмауға қарсы егіліп жүрген қауіпті топ халықтың 10 пайызын құраған. Ал пандемия басталғалы ДДСҰ бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін көтеру керек деген ұсыныс жасады. Себебі, КВИ кезінде қауіпті топтар арасында жоғары сырқаттанушылық белгілері, асқынулар және өлім-жітім көп болды. Тұмауға қарсы егілмеген адамдар тұмаумен ауырып, қосымша коронавирус жұқтырғанда, бұл көсеткіштер артты. Меніңше, бұл екі жұқпалы аурудың қауіп топтары бірдей: медицина қызметкерлері, 65-тен асқан ересек адамдар, созылмалы аурулары бар адамдар. Сондықтан керісінше, тұмауға қарсы вакцина адамдарды тұмаудан қорғап, КВИ мен тұмаулық асқынулардың қатар жүруінен сақтайды. Сондай-ақ барлық зерттеулер тұмауға қарсы вакцинаның КВИ-ге қарсы иммунитетті төмендетпейтінін дәлелдеп отыр» деді маман өз жауабында.

Сондай-ақ, ол қастандық пен вакциналардың зияны туралы қауесеттерді жақсы қаржыландырылатын вакцинацияға қарсы қозғалыстар тарататынын айтты. Олардың белсенділігі, әдетте, бүкіл әлем бойынша қосымша иммундау кезеңінде байқалады. Бұл кез келген профилактикалық егулерге қатысты. Айта кетейік, жыл сайын екпе жасатудан «бас тартушылар» саны түрлі себептермен көбейіп келеді.

Жаппай вакциналаудың үшінші кезеңі наурызда басталады. Адамдар емханаға баруы керек пе, әлде вакцина салатын арнайы орталықтар жұмыс істей ме? Бұл сауалға елордадағы №2 емхана директоры Ләззат Руспекова айтып берді. 

«Адамдардың бәрі қайда тіркелгенін біледі. Қазіргі кезде емханалардың дайындық жұмысы  – тізімді дұрыс құру. Бірінші кезекте, әрине, аурудың жоғары қаупі бар пациенттер – бұл диспансерлік топтар, есепке алынған пациенттер. Кесте жасалады. Адамдардың топтасуына жол бермеу керек. Тіпті вакцинацияның өзі жалпы емес, міндетті түрде жеке егу кабинетін қажет етеді. Тізім жасалып, біртіндеп халыққа екпе жасау басталады. Егер мұндай қажеттілік болса, әрбір емхана тіркелген халықтың жүктемесі мен санына байланысты 3-5 егу кабинетін ұйымдастырады» деді дәрігер.

Сондай-ақ ол егу паспорттарын қолдан жасауға немесе сатып алуға болады деген қауесетті жоққа шығарды. «Бұл мүмкін емес. «Вакцинация» деп аталатын ақпараттық жүйе бар. Бұл құпия ақпарат, ол қолжетімсіз. Оның үстіне, электронды анықтамалар мен паспорттарды қолдан жасау мүмкін емес» деп жауап берді Рүспекова.

Екпе жасамас бұрын пациенттің мәліметтері тіркеу нысандарына, «Вакцинация» АЖ енгізіледі, ерікті келісім және келесі 3 күн динамикалық бақылау үшін чек–парақ толтырылады.

«Вакцинадан кейінгі кезеңде егілгендерді белсенді бақылау процесінде немесе медициналық көмекке жүгінген кезде кез келген қолайсыз салдардың даму фактісі анықталған кезде дәрігер иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің барлық жағдайлары туралы мәліметтерді медициналық құжаттамаға енгізеді. Қалай болғанда да, вакцинацияға жалпы немесе жергілікті реакция пайда болған кезде, ешқандай жағдайда: дүрбелеңге түспеңіз, динамикалық бақылау кезеңінде қашықтан қоңырау шалыңыз, сұрақтарға нақты жауап беріңіз және субъективті сезімдерді дұрыс айтыңыз. Дәрігер сіздің жағдайыңызды анықтап, қажетті ұсыныстар береді» Руспекова.

Мамандардың айтуынша, вакцина дәрі емес. Ол адамдарды емдемейді. Ол тек адам бойында вирусқа қарсы күш қалыптастырады. 

«Тарих көрсеткендей, вакцинацияның арқасында әлем бірқатар қауіпті және ауыр инфекциялардан арылды. Бүгінгі таңда COVID-19 вакцинациясы туралы мифтер көп, мен сенімді ақпарат алуға, сондай-ақ халықаралық және отандық сарапшылардың пікірін тыңдауға шақырамын» деді Ералиева.

Сарапшы түсіндіріп өткендей, КВИ вакцинасы, басқа вакциналар сияқты, иммунобиологиялық препарат және қолданған кезде оның қарсы көрсетілімдері, енгізілгеннен кейін мүмкін болатын реакциялар және оны қою шарттары бар. Қазіргі уақытта әлемде әзірленіп жатқан КВИ қарсы вакциналардың құрамы әртүрлі – бұл өлтірілген вирустың бөлшектері немесе вирустың РНҚ бөлшектері, мысалы, аденовирус немесе SARS-CoV-2 коронавирусының рекомбинантты ақуыздарының қоспасы сияқты басқа вирустар болуы мүмкін.

«Адам ағзасына енгізген кезде бұл вакциналар оның бойында антиденелер қалыптастырады, иммунологиялық реакция пайда болады, ол әртүрлі адамдарда әртүрлі болуы мүмкін. Жағымсыз реакцияларды бірден айту мүмкін емес, иммунды жауаптың қалыпты көріністері мен иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністерді ажырату қажет» деп атап өтті маман. 

Оның айтуынша, көп жағдайда вакцинациядан кейін адам ештеңе сезбейді. Қалыпты реакцияларға вакцина енгізілген жердің қызаруы немесе ісінуі, дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы жатады. Кейбір жағдайларда гиперреакция болуы мүмкін – бұл жоғары температура мен аллергиялық белгілер. Бұған көп жағдайда созылмалы және өткір аурулардың асқынуы себеп болады. Айта кетейік, мұндай реакция вакцинацияланған адам екпеден кейін белгілі бір режимді сақтамағанда болады.

1-11 ақпан аралығында елімізде «Спутник V» вакцинасын 14 мыңнан астам адам қабылдап үлгерген. КВИ-ға қарсы егілгендер арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелмеген. Дегенмен қызару, инъекция орнындағы ауырсыну, температураның жоғарылауы, қан қысымының қысқа мерзімді жоғарылауы сияқты реакциялар бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. 
 

Сондай-ақ оқыңыз