Қызметі тоқтаған «АзияКредитБанк» салымшылары депозиттегі ақшасын қайдан және қалай алады?

Жарияланды
Банк клиенттер алдындағы міндеттемесін орындамаған

Бүгін, 12 ақпаннан бастап қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімімен,  «АзияКредитБанк» қызметі тоқтатылды. Агенттіктің хабарлауынша, банк клиенттер алдындағы міндеттемесін орындай алмаған. Сарапшылардың айтуынша, банктің шаруасы 2018 жылдан бері шатқаяқтай бастаған. 

Ресми дерек бойынша, лицензия айырылған күні банк активтері 45,4 млрд, ал несие қарыз портфелі 45,0 млрд теңге болған. 90 күннен астам уақыт бойы төленбей қалған несие көлемі 31,6 млрд теңгені құрапты. Бұл барлық несие портфелінің 70 пайызын құрайды. 

Банк жабылғанымен, қаншама жеке тұлғаның банкке салған ақшасы бар. Яғни, депозиттегі қаражат. Енді бұл қаржыны банк емес, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қайтарады. Бұл туралы қор ресми мәлімдеме жасады. 

«AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болғандықтан, жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің салымдарында, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақшаларына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ, Қор) кепілдігі қолданылады.

«Агенттік банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке бір мезгілде беру операциясын жүргізуден бас тартқан жағдайда, ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады. Қор өтем төлеуді бастау күнін заңнамада бекітілген мерзімде хабарлайды. Төлемдерді жүзеге асыру шарасы ресми хабарлама Қор сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде басталады» делінген қор хабарламасында. 

Еске саламыз, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемді банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, депозиттегі қалдық сома шегінде төлейді:

• теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
• теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
• шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).

Жеке тұлға немесе дара кәсіпкердің банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттің 5 млн теңгеден аспайтын кепілдендірілген қалдығы бойынша шектеу ескеріледі.

«Кепілдік берілген шекті сомадан асатын депозиттер бойынша қор жоғарыда атап көрсетілгеніндей, тек бекітілген соманы ғана өтеді. Ал өтелмей қалған артық ақша бойынша салымшылар банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң, банктің тарату комиссиясына өтініш бере алады.

ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу үшін конкурстық негізде агент банкті таңдайды. Салымшының өтініші бойынша оның ақшасы агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен немесе қолданыстағы банк шотына қолма-қол ақшасыз аудару арқылы берілуі мүмкін. Салымшы кепілдік берілген өтемді алу үшін агент банкке барған кезде жеке басын куәландыратын куәлігі болса жеткілікті» делінген хабарламада. 

Мына сілтемеге кіру арқылы нұсқаулықпен толық танысып, депозит бойынша кепілдік сомасын есептей аласыз. Сондай-ақ ақыл-кеңес алу үшін 460 нөміріне қоңырау шалуға немесе қордың әлеуметтік желідегі парақшаларына жазуға болады. 

Еске салайық, қызметін тоқтатқан банк депозиттеріне кепілдік беру  – әлемде қалыптасқан стандарт. Қазақстанда да жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің депозиттері қорғалады. Егер банк лицензиясынан айырылса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) оның міндеттемелерін өз жауапкершілігіне алып, салымшылардың ақшасын төлейді.

Бұл ретте ҚДКБҚ теңгеде және шетел валютасында ашылған барлық депозиттерге: салымдардағы, банк шоттары мен төлем карточкаларындағы ақшалардың сақталуына кепілдік береді. Кепілдік берілген ең жоғары соманың көлемі депозиттің түрі мен қай валютада ашылғандығына тікелей байланысты.

Қор әр кезеңде еріксіз таратылған Астана Банкі, Qazaq Banki, Валют-Транзит Банк және басқа да банк салымшыларына өтем төледі. Салымшылардың өтініш беруіне қарай өтем төлеу жалғасып жатыр. Күні бүгінге дейін орындалған міндеттемелердің көлемі  77 миллиард теңгеге жеткен. 
 

Сондай-ақ оқыңыз