Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

Жарияланды
Жеке сектордағы фирма аралық берешектердің үлесі басым

Жақында Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызының салыстырмалы көрсеткіштері туралы маңызды мәліметті жариялады. Елдің сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімге шаққанда 90,7 пайызға тең келген. 

Ұлттық банк төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың айтуынша, елдің сыртқы қарызы 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 160,9 млрд долларды құраған.. Көрсетілген көлем бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленуге жатпайды, өйткені сыртқы борыштың шамамен 80 пайызы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі екен. 

«Мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының бар жоғы 8,2 пайызын немесе 13,2 млрд АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5 пайыз немесе 20,1 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл жалпы алғанда ЖІӨ-ге шаққанда 18,8 пайыз және халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады. Қазақстанның тікелей және шартты сыртқы міндеттемелері соңғы үш жыл ішінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыртқы борышын өтеу есебінен 6,2 млрд АҚШ долларына немесе 15,7 пайызға азайып, 2020 жылдың 1 қазанында 33,3 млрд АҚШ долларын құрады» дейді Азат Өскенбаев. 

Елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп бөлікті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр (101,3 млрд АҚШ доллары немесе 62,9 пайыз) екен. Оның маңызды бөлігі шетелдіктердің қатысы бар үш ірі жоба – Қашаған, Теңізшевройл және Қарашығанаққа тиесілі. Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыланырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да елдің сыртқы қаызы болып саналады.

«Халықаралық тәжірибеде сыртқы қарыз көрсеткіштерін талдау кезінде фирмааралық берешекті алып тастау қабылданған, себебі ол ең аз тәуекелді болып есептеледі. Өйткені үлестес кредиторлар қарыз алушылардың сәтті қызмет етуінің жалғасуына қызығушылық танытады және көбіне, бұл міндеттемелер шартты болып келеді. Қазақстанның сыртқы қарызы Үкімет пен Ұлттық Банк тарапынан тұрақты түрде мониторингке және бақылауға алынып отырады. Осылайша, жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасымен және Ұлттық қор қаражаттарын қалыптастыру мен қолдану тұжырымдамасымен елдің борыштық тұрақтылығын анықтайтын индикаторлар орнатылған» дейді Ұлттық банк өкілі. 

Ол индикатор көрсеткіштері мынадай болуы тиіс: 

  • Мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың (сыртқы және ішкі) ара-қатынасы – ІЖӨ-нің 60 пайызыан аспауы тиіс (2020 жылғы 1 қазанда 46,5 пайыз);
  • Елдің сыртқы борышының ара-қатынасы – ІЖӨ-нің 100 пайызынан аспауы тиіс (2020 жылғы 1 қазанда 90,7 пайыз);
  • Үкімет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызының көлемі – Ұлттық қордағы валюталық активтердің жалпы мөлшерінен аспауға тиіс (2020 жылғы 1 қазанда 59,1 пайыз).

Аталған көрсеткіштерді ұстану Қаржы министрлігінің (мемлекеттік борыш үшін) және арнайы ведомствоаралық комиссияның (квазимемлекеттік борыш үшін) сырттан қарыз алудың рұқсат етілетін көлемдерін (шектерін) жыл сайынғы орнатуымен қамтамасыз етілмек. 

«Сыртқы борыш – бұл міндетті түрде экономикаға және елдің халқына салынатын жүктеме емес екенін есте ұстаған жөн. Сыртқы міндеттемелер оларды рационалды түрде өтеуге мүмкіндік бар болған кезде (кірістердің тұрақты деңгейі, өтімді активтердің бар болуы) инвестициялардың қосымша көзі болып табылады. Сырттан қаржы тарту – жаңа технологиялар ағынын қамтамасыз етеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады, тікелей салық түсімдерін қамтамасыз етеді, әлемдік өндірістік тізбектерге интеграциялануға және өткізу нарықтарын кеңейтуге септігін тигізеді» деді түсініктеме берген Ұлттық банк өкілі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз