Шенеуніктерге сыйланған сыйлық арасында қымбат телефон да, пластмасса гүл де бар

Жарияланды (жаңартылды )
2020 жылы мемлекеттік қызметшілер мемлекетке 245 сыйлық тапсырған

Былтыр мемлекеттік қызметшілер  мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменттеріне 245 дана сыйлық тапсырып, оның 18-і 159 937 теңгеге сатылған. Сондай-ақ, осы сыйлықтардың жалпы құны 967 971 теңгеге бағаланған 30 данасы мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілсе, 12-і жойылды, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

2020 жылы есепке алынған ең қымбат сыйлық –  Iphone 12 Pro ұялы телефоны (2020 жылдың желтоқсанында есепке алынған). Ол 617 991 теңге сомасында бағаланды. Ең арзан сыйлық – 800 теңгеге бағаланған ақ түсті пластмасса гүл мен «Dream» шоколады екен.

Аукционға шығарылған сыйлықтардың  ең қымбатқа өткені – «Tom Ford» Lost cherry EAU Parfum хош иісі.  50 мл  иіссу аукцион арқылы 59 467 теңгеге сатылған (бағалау құны 118 934 теңге), ең арзанға өткені –  ақ түсті гүлдер мен «Dream» шоколады, Олар 800 теңгеге бағаланғанымен, 205 теңгеге өткен.

Естеріңізге сала кетейік,  мемлекеттік қызметшілердің сыйлық алуына  толық тыйым салынған. Сонымен қатар, заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін қызмет көрсетуіне болмайды. Бұл жөнінде мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында жазылған.

Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар сыйлықты алған күннен бастап,7 күн ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріне тапсыруға міндетті.

Сондай-ақ оқыңыз