1 view

Ресейлік нөмір таққан автокөлік туралы деректерді онлайн түрде қалай білеміз?

Ел азаматтары арзан бағаға шеттен көлік сатып алуды жөн көреді

Фото: Shutterstock

Соңғы жылдары елімізде шетелдік нөмір таққан көліктер саны көбейді. Бұл бірінші кезекте шетелдік көліктер бағасының арзандығымен байланысты. Қазақстанның ішінде 1992 жылғы автокөліктің өзін иесі 2-3 миллионға бағалайды. Оған мүмкіндігі жетпеген қарапайым тұрғын көп жағдайда Ресейден арзан бағаға жағдайы тәуір көлік мініп келуді жөн санайды. 

Қазір ЕАЭО аясында кеден бекеттері жоқ, тек паспорттық бақылау ғана бар. Сатып алушы сақтандыру полисіне ғана қаржы жұмсайды. Дегенмен соңғы уақытта заңсыздықтардың да шеті көріне бастады. Мәселен, үкімет 2020 жылдың қараша айында бірдей ресейлік мемлекеттік нөмір таққан үш көлікті анықтаған. Қазақстан жолдарында нөмірлері бірдей үш Toyota Estima мен үш Toyota Alphard жүйткіп жүрген. Бұл туралы koleso.kz жазады. 

Егер көлік иесі бұл заңсыздық туралы алдын ала білген болса онда ҚР ҚК 385 бабы негізінде оған 160 АЕК (444 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал осындай қиындыққа тап болмас үшін автокөліктің есептен шығарылғанын, тіркеуге тыйым салынған-салынбағанын қалай анықтауға болады? Мұндайда бізге ГИБДД (жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясы) сайты көмекке келеді. 

Деректер базасының арқасында көлік құралының тіркеу тарихын, қанша қожайыны болғанын, көліктің қашан қайта сатылғанын білуге болады. Сол жерден тіркеуге шектеу қойылған ба, жоқ па; іздеуде емес пе; көлік бұрын утилизацияға жіберілген бе деген сауалдарға да жауап табасыз.

Инспекция сайты апаттық жағдайды да көрсетеді. Бірақ бір ескере кетер жағдай – егер көлік 2015 жылға дейін жол апатына түскен болса, онда сервис оны білмейді. Осы тексерістердің барлығына тапсырыс беру үшін, сайтқа кіріп, арнайы жолаққа көлік құралының VIN-кодын немесе шанақ нөмірін жазу керек. 

Көлік туралы ақпаратты тек бұл жерден ғана емес, федералдық нотариалдық палатаның жылжымалы мүлік кепілі туралы хабарламалар тізілімінен де табуға болады. Ақпарат алу үшін бұл жерде де VIN немесе шанақ нөмірін білу маңызды. 

Ал Федералдық сот орындаушылар қызметінің порталында әртүрлі жазаға тарту деректері туралы ақпарат сақталады. Ең айқын мысал – несие бойынша төлемнің кешіктірілуі. Өзге сервистерден айырмашылығы мұнда іздеу көлік бойынша емес, иесі бойынша жүргізіледі. Яғни, сатып алушы сатушы деректерімен танысады, ең маңыздысы – осыған дейін көлікті жүргізген адамдар туралы да біліп шығады. 

Сонымен қатар «Автокод» деп аталатын ресурсты да атап өткен жөн. Жалпы, мұндай сервис екеу. Оның біріншісі Мәскеу басшылығының құзырында. Онда көлік иелерінің санын, көліктің қанша шақырым жүргенін, жол апаты туралы мәліметтерді, көлік іздеуде ме, жоқ па дегенді, бұрын такси болып қызмет еткенін де шығарып береді.  Бірақ толық ақпарат алу үшін алдымен тіркелуді сұрайды. Екіншіден, аталған сервис тек Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында тіркелген көліктер туралы ақпарат береді. 

Ал екінші Автокод бірнеше қызметтің басын біріктіре отырып, ақылы қызмет ұсынады. Ол жерден көлік құралының паспорты туралы ақпаратты, такси жұмысының тарихын, кепіл, сатылым туралы хабарлама, сақтандырудың болуын, айыппұлдар, басқа да толып жатқан маңызды қызметтерді біле аласыз. Қызмет құны – 349 рубль, теңгеге шаққанда 1982 теңге. 

Егер сіз бәрібір ресейлік нөмір таққан көлік аламын десеңіз, онда бірнеше маңызды нәрсені ескеруге тиіссіз. Біріншіден, техбайқау жойылған жоқ, алайда оны тек көлік тіркелген ел аумағынан ғана өте аласыз. Талон әркез өзіңізбен бірге болуы тиіс. Екіншіден, сенімхат арқылы шетелдік көлікті жүргізуге елімізде бір жылдан аспайтын уақытқа рұқсат етілген. Бұл «жол қозғалысы туралы» заңның 63 және 65 бабында жазылған. Мерзім біткен соң автокөлік тіркеуін ауыстырып, оған жергілікті нөмір тағу керек немесе 30 күн ішінде елден шығару қажет болады. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Telegram және Facebook


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер