Оңтүстік Корея тәуелсіздік күні құрметіне Қазақстан азаматтарына көмектесті

Жарияланды
Қайырымдылық акциясы Инчхон қаласында ұйымдастырылды

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні құрметіне сол қаладағы Қазақстан азаматтарына арнап көмек ұйымдастырылды. Шараны қалалық туризмді дамыту жөніндегі ұйым Тәуелсіздік күнін мерекелеу және медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту құрметіне жүзеге асырып отыр. 

Көмек пандемия кезінде Оңтүстік Корея аумағында тұрып, қаржылық қиын жағдайға тап болған және шұғыл медициналық тексеруден өтуді қажет ететін қазақстандықтарға көрсетілмек. 

Көмекке мұқтаж қазақстандықтардан келіп түскен өтінімдерді Инчхон қаласының әкімшілігі жанындағы тәуелсіз комиссия, сондай-ақ КМК КАЗМЕДИКОР Қазақстан-Корея компаниясының өкілдері қараған. Төрт адам іріктеліп, олардың екеуі бүгін толық медициналық тексеруден өтіпті. Ал қалған екеуі 18 желтоқсанда өтеді. Осы орайда Инчхон әкімшілігі мен Инчхон қаласының туризмді дамыту ұйымы көлік пен медициналық аудармашыларды тегін қамтамасыз еткен. 

«Өткен жылы Инчхон қаласының әкімшілігі Моңғолия, Вьетнам және Филиппин азаматтарына емдеу және операциялар жүргізу үшін тегін медициналық қызмет көрсетті. Сондай-ақ, 32 дәрігер Қытай мен Моңғолиядан өз біліктілігін арттыру бойынша тегін оқудан өтті. 2021 жылы біз Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуға басымдық бағыт береміз. Қазірдің өзінде біз медициналық персоналды оқыту бойынша онлайн платформаны дайындап жатырмыз. Егер COVID-19 жағдайы жақсаратын болса, онда оқыту Инчхон ауруханалары негізінде өтеді»,– дейді Инчхон қаласының Денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Ким Хе Гьен. 

Келесі жылы емделуге келетін (ауыр хирургиялық науқастар) Қазақстан азаматтары үшін қала әкімдігі COVID-19-ға тегін тексеру,  1:1 ауруханада емделу кезінде тегін ауызша және жазбаша аударманы ұсыну, 1 күндік тегін тур, операциядан кейінгі қауіпсіздік қызметтерін ұсынбақ. (егер операциядан кейін 6 ай ішінде қайта емдеу қажет болса, медициналық шығындардан басқа барлық шығындар өтеледі).

«Инчхон әкімшілігі біздің азаматтарымыз үшін осындай іс-шараларды өткізу туралы өтінішке жауап бергеніне қуаныштымыз. Келесі жылы біз осы қайырымдылық акцияны қайта өткізгіміз келеді, бірақ ауыр науқастарды Қазақстаннан алып келеміз. Ұшу, тұру, көлік, тамақтану және емдеу бойынша барлық шығындарды біз серіктестеріміз Инчхон қаласы әкімшілігімен бірге өз тарапымыздан өтейміз»,– дейді  КМК Казмедикор директоры Жанәділ Талдыбаев. 

 

Сондай-ақ оқыңыз