Еуропа Ресейге тағы бірнеше санкция салды

Жарияланды
Экономикалық және спорттық шектеулер

Еуроодақ Ресейге салынатын экономикалық санкциялардың күшін тағы жарты жылға созыпты. Санкция мерзімі негізінде 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатын еді. Бұл туралы БелТА ақпарат таратқан. 

«Бүгін Кеңес Ресей экономикасының жекелеген секторларына қатысты қолданыстағы шектеу шаралары мерзімін 2021 жылдың 31 шілдесіне дейін созу туралы шешім қабылдады. Санкциялардың қолданыс мерзімін ұзарту туралы шешім Украинадағы қақтығыстарды реттеу бойынша Минск келісімдерінің орындалмауына байланысты қабылданып отыр. Ресейдің Минкс келісімдерін толық орындамауына байланысты ЕО лидерлері экономикалық санкцияларды созу жайлы саяси шешімді бірауыздан қабылдады»,– делінген мәлімдемеде. 

Еске салсақ, Еуроодақ 2014 жылы Украинадағы ахуал бойынша Ресейге санкция салған. Аталған шектеу шаралары осы күнге дейін бірнеше рет созылды және аясы кеңейіп отырды. Ресейдің лауазымды тұлғаларының ЕО елдеріне кіруі шектеліп, олардың активтері бұғатталды. Сонымен қатар сауда, қаржы және әскери мазмұндағы бірнеше шектеулер салынды. Оған жауап ретінде Ресей ЕО елдерінен азық-түлік өнімдерін импорттамауға шешім қабылдаған. 

Сондай-ақ Ресейдің алдағы екі жылда ірі халықаралық жарыстардан (Әлем чемпионаты мен Олимпиада) шеттетілгені де белгілі болды. Аталған жарыстарда Ресей спортшылары бейтарап ту астында өнер көрсетеді. Бұл уақыт аралығында Ресей өз жерінде ешқандай ірі халықаралық турнир де өткізе алмайды. Осылайша спорттық арбитражды сот (CAS) Мәскеу допингке қарсы лабораториясындағы өзгерістерге байланысты Ресейді екі жылға спорттық жарыстарға қатыстырмау жайлы WADA шешімін қолдап отыр. Бұған дейін WADA Ресейді төрт жылға бәсекелерден аластатқан. Алайда кейінірек CAS екі жылды қысқартты (2022 жылдың 16 желтоқсанына дейін). 

2019 жылдың желтоқсан айында WADA атқарушы комитеті Ресейді олимпиада ойындарына және ірі халықаралық жарыстарға қатысудан төрт жылға шеттетті. Осыдан соң Ресей CAS-ға аппелляция берді. 

Алайда Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) мен халықаралық мұздағы хоккей федерациясы (IIHF) WADA шешіміне бағынбайтындықтан, аталған шектеулерді ескермеуі мүмкін екен.  
   
 

Сондай-ақ оқыңыз