Ауыл кәсіпкерлері үшін сүйінші жаңалық: «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қандай өзгеріс енгізілді?

Жарияланды
Бағдарлама бойынша қазірге дейін 1328 өтініш келіп түскен

 

Желтоқсан айының орта шенінде өткен үкімет отырысында қозғалған негізгі тақырып экономика мәселесі болды. Оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы туралы. Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, бұл бағдарлама қазірде өз тиімділігін дәлелдеп отыр. 

«Бағдарлама отандық өндірісті дамытудағы басты инвестициялық құрал ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Осыған байланысты президент тапсырмасымен бағдарламаны қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайды» деді Мамин. 

Карантин шектеулеріне қарамастан, бағдарлама аясында (10 қаңтар – 10 желтоқсан) жобалар саны 2,5 есе – 900-ден 2600-ге артқан. Ал сомасы 3,5 есе – 216 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге көбейген. 

Бағдарлама аясында тауарлардың кеңейтілген тізімі мен несиелеу үшін қызметтер де анықталған. Қарыз алу үшін шекті мөлшер 8-ден 6 пайызға дейін азайтылған. Негізгі қарыз және 2 жылға дейінгі пайыздық мөлшер бойынша жеңілдік кезеңі де қосылған. Бағдарламаның арқасында 1,5 мыңнан астам отандық кәсіпорын қолдау тауып, жаңа жұмыс орындары құрылған. Маминнің айтуынша, бағдарламаның барлық мақұлданған жобаларын дер кезінде іске қосу бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарының алда екенін айтты. Ал Қызылорда, Атырау облыстарында мақұлданған жобалардың өзі әлі субсидияланбаған. 

Ұлттық Банк (ҰБ) дерегінше, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша қазірге дейін кәсіпкерлерден 909,0 млрд теңгеге 1328 өтініш келіп түскен. 

«Банктер олардың 873-ін мақұлдады. Құны 472,6 млрд теңге болатын 737 займ берілді. Қазан айымен салыстырғанда берілген қарыздар өсімі 44,7 млрд теңгеге көп» деген еді ҰБ төрағасы Ерболат Досаев. 

Жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 469,5 млрд теңгеге 4736 займ беріліпті. Соның 1707-сі бұрын берілген несиелерді өтеген қаражат есебінен ұсынылған. Досаев бас қаржылық қадағалаушы тұрғын үй құрылысын да белсенді қолдап жатыр дейді. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 359 (3 желтоқсандағы жағдай) өтініш мақұлданған. Соның 20 975-іне 244,9 млрд теңгеге несие берілген. 

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында салаларда өнім шығару көлемі артқан. 

«Соңғы үш жылда дайын, өңделген өнімдер өндірісінде белсенді өсу байқалады. Өсім биыл да жалғасты. 10 айда физикалық индекс көлемі 104 пайыз болды. Дайын, өңделген тауарлар өндірісінің өсімі арқасында импорттың үлесі азайды. Қазақстандық тауарларды халық жиі тұтынып жатыр. 2020 жылы отандық өнімдерді тұтыну үлесі 2,5 пайызға көбейді. Сонымен қатар тамақтану, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, жиһаз, көлік және құрылғы өндірістері де біршама артты» деген еді министр Руслан Дәленов. 

Министрдің айтуынша, 2020 жылы бағдарламаны жетілдіру бойынша үш негізгі шара жасалған. 

«Мемлекеттік кепіл мөлшері ұлғайды, кепілді беру мерзімі 2 есе қысқарды және агроөнеркәсіптік кешен өндірісі жобалары үшін кепіл қарастырылған. Несиелеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін көбейіп, уақыты 2021 жылдың аяғына дейін ұзарды. Несиелеуді арттыру үшін әрбір банктің лимиті де көбейді» деді Дәленов. 

Министрдің айтуынша, «Даму» қоры арқылы 509 жоба субсидияланған. Субсидия алған негізгі салалар – тамақтану, құрылыс материалдары, металл өнімдері, пластмасса, жиһаз және киім. 

«Даму» қоры арқылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша субсидияланған жобалардың несие портфелі 338,6 млрд теңгені құрапты. Соның ішінде несие портфелінің негізгі үлесі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі екен. 

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, енді «Даму» қоры ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне де кепіл бола бастайды. 

«Қарапайым заттар экономикасы» төрт бағыттан тұрады. 400 млрд теңге өңдеуші өнеркәсіпті өркендетуге жұмсалды. Мұнда көрсеткіштер өте жоғары. 326 млрд теңгеге бірнеше жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы секторының дамуы үшін 300 млрд теңге бөлінді. Бұл орайда 139,9 млрд теңгеге қаншама жоба қамтылды. 270 млрд теңге агроөнеркәсіп кешені өндірістерін қолдауға жұмсалды, ал сол сектордағы көрсеткіш 42,6 пайызға жетті» деген еді Мырзахметов. 

Оның айтуынша, осыған дейін кәсіпкерлер кепілге қоятын мүлкі жоқ болғандықтан қаншама қаражаттан қағылды. Сөйтіп, кәсіптерін дөңгелетіп әкете алмады. Енді сол олқылықтың орны толмақ. Сондықтан да «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына елеулі өзгеріс енгізіліп отыр екен. 

«Осыған дейін кепіл мәселесі бойынша проблема болып келді. Үкімет басшысының тапсырмасымен енді кепілді «Даму» қоры береді. Келісім бойынша 1 млрд теңгеге дейінгі несиелерге «Даму» қоры кепіл болады. Қор сондай-ақ 1 млрд теңгеден жоғары жобаның 50 пайызына дейінгі мөлшерде кепілдер ұсынады» деді палата басшысы. 

 
 

Сондай-ақ оқыңыз