Алматылықтар «Бюджетке қатысу» аясында жүзеге асуы тиіс үздік жобаларды өздері таңдады

Жарияланды
Биыл тұрғындар тарапынан 28 576 дауыс берілген

Алматы қаласында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 2021 жылдан бастап 300-ден астам жоба жүзеге асырылмақ. Биыл жоба аясында қалалықтар тарапынан 795 ұсыныс түсіп, оның 448-і дауыс беруге жіберілген. 

Жобаға өтініштер қабылдау 28 тамызда басталған еді. Қала тұрғындары budget.open-almaty.kz порталы арқылы ұсыныстарын жолдады. Солардың арасындағы ең үздік ұсыныстарды тұрғындардың өздері анықтады. Дауыс беру budget.open-almaty.kz порталында ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) пайдалану арқылы онлайн, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен Open Almaty фронт-офисінде қағаз түрінде өткізілген. 

Шаһар тұрғындары берген 28 576 дауыстың 27 476-сы онлайн берілсе, тек 1113 дауыс ғана қағаз түрінде берілген. Бұл деректің өзі-ақ қалалықтардың цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалана бастағанын аңғартса керек. Ал келер жылы іске асатын 343 жобаның 73-і – Алмалы, 61-і – Наурызбай, 54-і – Түрксіб, 49-ы – Бостандық, 34-і – Медеу, 31-і – Алатау, 22-сі – Әуезов, 19-ы – Жетісу ауданына тиесілі. 

Тұрғындардың басым дауысын мына жобалар жеңіп алған: 

  • Бостандық ауданында №3 оқушылар үйінің аумағын абаттандыру (458); 
  • Алатау ауданында «Атлеттер қалашығы» ТК аумағын абаттандыру (424); 
  • Алмалы ауданында Шевченко көшесі, 167 мекенжайындағы ауланы жаңарту және көгалдандыру (387); 
  • Медеу ауданында №168 мектепке өту үшін  Әбілғазы өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен пандусы бар баспалдақ салу (349); 
  • Түрксіб ауданында «Қазақстан жастарына патриоттық тәлім беру» тақырыбына мурал салу (325); 
  • Әуезов ауданындағы Мамыр-1 ықшамауданында балалар ойын алаңын күрделі жөндеу (147); 
  • Наурызбай ауданындағы Тастыбұлақ ықшамауданында жол бойында жабық арық жүйесін орнату (132); 
  • Жетісу ауданындағы Көкжиек ықшамауданында Жекпе-жек орталығын ашу (112). 

«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қағаз түрінде дауыс беру нәтижесін санауға бір күн кетті. Бұл тұрғындар өз ауданын абаттандыру үшін дауыс беруге белсенді қатысқанын білдіреді. Менің ойымша, тұрғындардың пікірін ескере отырып, қаланы дамыту үшін «Бюджетке қатысуды» тұрақты түрде өткізу керек. Тәжірибе көрсеткендей қала тұрғындарының белсенділігі мен жобаға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді»,- дейді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбдішүкіров.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысы Дмитрий Васильевтің  пікірінше, «Бюджетке қатысудың» категорияларын көбейтіп, абаттандырудан бөлек, әлеуметтік нысандарды, демалыс орталықтарын және тағы басқа нысандарды ашу бойынша жобаларды қосу мүмкіндігін қарастыру қажет. 

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын жүзеге асырып, қаланың 8 ауданына жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден бөлді. 2020 жылы жалпы сома 6,4 млрд теңгеге дейін өсті (2019 жылы 4 млрд теңге) – әр ауданға 800 млн теңгеден. Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында Наурызбай және Алатау аудандарына «Бюджетке қатысу» аясында қосымша 500 млн теңгеден бөлу қарастырылған. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсысына 1,3 млрд теңгеден бөлінеді.

Жобаға сәйкес, қала бюджетінен 8 ауданға 500 млн теңге беріледі. Бұл қаражатқа тұрғындардың сұрауы бойынша аулалар абаттандырылып, саябақтар мен скверлер салынады, спорт алаңдарын жасалып, көшелерге жарық орнатылады. Биыл жалғасын тапқан сәтті жобаға жергілікті бюжеттен 6 млрд теңге қарастырлған. Әр ауданға 800 млн-нан беріледі деп жоспарланып отыр.

Жұмыстың жүйелі жүргізілуі мен сапалы өнімнен салынуын қалалық қоғамдық кеңес өкілдері бақылайды. «Бюджетке қатысу» жобасының ерекше тұсы – құрылыс жоспары қала тұрғындарымен кеңесе отырып жасалады. Бұл билік пен бұқара арасында ашық қоғам қалыптасуына үлкен мүмкіндік дейді қоғамдық кеңес мүшелері.
 

 
Сондай-ақ оқыңыз