Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

Жарияланды
Пайыздық дәліз +/-1,5 п.т. деңгейінде сақталады

ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/-1,5 п.т. сақтай отырып, жылдық 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 7,50% болады.

Бас банктің хабарлауынша, қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің теңгерімі ескеріле отырып шешім қабылданды. Проинфляциялық тәуекелдер әлсіз тұрақтандырылған инфляциялық күтулермен, Ресейге қатысты санкциялық риториканың үдеуі аясында қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың артуымен, мұнай сұранысының мейлінше баяу қалпына келуін күтумен және фискалдық және квазифискалдық шаралармен экономикалық белсенділікті одан әрі ынталандыру тәуекелімен көрінеді. Бұл ретте экономикалық белсенділіктің қысқаруына, тұтынушылық сұраныстың баяулауына және әлемдік нарықтардағы азық-түлік тауарлары бағасының күтілетін төмендеуіне байланысты дезинфляциялық факторлардың да ықпалы байқалады.

«Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляциялық процестердің серпінін бақылауды сақтауға және жылдық инфляцияның орта мерзімді кезеңде бірқалыпты баяулауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,– делінген хабарламада. 

Қаржылық реттеушінің мәліметі бойынша, ылдық инфляция болжамға сәйкес қалыптасады. 2020 жылғы тамызда ол жылдық көрсетуде 7% болды. Азық-түлік тауарларының қымбаттауы (10,9%) негізгі үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның (5,5%) және ақылы қызметтер инфляциясының (3,4%) серпіні салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды. Азық-түлік өнімдерінің көп бөлігіне бағаның инерциялық өсуі азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуінің негізгі алғышарты болды. Олардың құрамында ет, нан-тоқаш өнімдері, балық және теңіз өнімдері, жемістердің бағасы қымбаттады. Қант бағасының жылдық төмендеуі азық-түлік инфляциясына тежеуші әсер етуді жалғастыруда. Карантин шараларын қайталап енгізу азық-түлікке жатпайтын инфляцияның бірқалыпты серпініне негіз болды.

Айырбастау бағамы әлсіреуінің ауысуы азық-түлікке жатпайтын тауарларға қатысты бәсеңдеген тұтынушылық сұраныспен, сондай-ақ бензин бағасының баяу өсуімен және дизель отыны бағасының жылдық төмендеуімен өтелді. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің уақытша төмендеуінің әсері 2020 жылғы 2-тоқсанда тоқтады, алайда бұл фактор карантин шараларының қабылдануына байланысты қызметтерге сұраныстың төмендеуімен ішінара өтелді. Жалпы алғанда, 2020 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша жылдық инфляцияның нақты серпіні болжамдық бағаларға сәйкес келеді.
Жылдың соңына дейін жылдық инфляцияның алдыңғы 8,0-8,5%-дық болжамның төменгі шегіне жуық 8,0%-ға дейін үдейтіні күтіледі. 

Инфляциялық процестер тамақ өнімдері бағасының жоғары өсуінің сақталуы және ақылы қызметтер инфляциясының кейбір үдеуі себебінен жеделдейді. Сонымен бірге халықтың нақты ақшалай кірістерінің әлсіз серпіні және әлемдік азық-түлік тауарлары бағасының күтілетін төмендеуі 2020 жылы инфляцияның өсуін шектейтін болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз