Әлемде теңдесі жоқ кәсіп жүргізіп отырған кәсіпкер ханым бизнес құпиясымен бөлісті

Жарияланды
Марал – ШҚО бренді

Шығыс өңірі – туристік мекендерімен танымал. Соның ішінде «Баян» шипажайы 2007 жылдан бері марал өсірумен белсенді айналысып келе жатыр. Қазір шипажайға елімізден бөлек, шетелден келіп демалушылар саны еселеп артқан. Келушілер түрлі ем-шаралар қабылдап, дерттеріне шипа табуда. Kursiv тілшісі шипажай директоры Дариға Исабаевадан марал шаруашылығы жайында сұхбат алды.   

–Дариға ханым,  марал бағып, бастаманы емдік мақсатқа ұластыру идеясы қашан, қалай келді?

–Негізі киелi Алтайда марал бағу бабаларымыздан келе жатқан кәсiп. Мұны облысымыздың бренді десем де артық емес. Егемендiктің алғашқы жылдарында «Ақсу» совхозы жабылып, совхоз иелігіндегі маралдарды қолында мүмкіндігі бар адамдар сатып ала бастады. Сол тұста менiн әкем де сатып алып, кейiн «БАЯН» атты шаруа қожалығын ашып, «Бүркітті шың» деп аталатын тау бөктерiнен жайылымы кең болатындай, стандартқа сай жер алып қоршады. Шаруа қожалығын атам «Баян» деп сіңлімнің есімімен атады. Біртіндеп қожалықтағы мал басы өсе бастады. Кейінірек өзіміз де тау бөктеріне сіңісіп кеттік. Отбасымызбен пантылық ванна, марал мүйiзiнің буын қабылдадық. Марал деген киелі жануар ғой. Сол кезден бастап маралдарға  деген махаббатым оянды. 

–Яғни, кәсіп те сол жылдары көп ұзамай ашылып отыр ғой?

–2006-2007 жылдардан бастап жаз уақыттарында Қатонға келген демалушылар «ваннаға түсіп кетейiк» деп, мүйiз кесудi көруге сұранғандар көбейе бастады. Сол жылы анам әкеме ұсыныс жасап, екеуi Қатон ауылынан пантымен емдеу кешенiн ашты. Мен ол кезде Астанадан Өскеменге көшіп келген кезім. Ата-анамнан осы кешенді басқаруға рұқсат сұрадым. Ол кезде небәрі 28 жастамын. Әйел адам үшін қанша ауыр жұмыс болса да тәуекел еттім. Сол уақыттары денсаулығым да сыр беріп жүр еді. Буын-буындарымның ауырғанын емдеген бұғы мүйiзiнiң күшi ме әлде, туған жерiмнiң маған берген батасы ма, әйтеуір өзіме бір ерекше күш бітті. 

–Бір істі дөңгелетіп жүргізіп кету оңай емес, алғашында қиын соққан болар?

–Әрине. Әуелі Қатон-Қарағай ауылында, «Бүркіт тау» бөктерінде пантымен емдеу шипажайы ашылды. 2010 жылы Өскемен қаласында «Шығыс тур» атты туристiк компания ашып, шипажайға осы компания арқылы жарнама жасадық. «Бүркіт тау» бөктерiнде шаруа қожалықтың жанынан демалушылар сұранысы бойынша ағаш үйлер салынды. 2013 жылы панты өндiру зауытын аштық. Қазіргі таңда 16 түрлі панты өнімдерін шығарамыз. 2015 жылы екi қалада СПА пантымен емдеу кешенi ашылды. Маусым айында сұранысы көп, газга уланған Өскемен қаласында ашылса, желтоқсан айында Астанада ашылды. Екі кешенге де ем-дом алу үшін келушілердің саны көбейе бастады. Кешеннен түскен қаражат маралдардың қысқы жем-шөбіне кетiп отырды. 

–Осы жұмыс барысында қандай жетістіктерге жеттіңіз? 

–Үздіксіз еңбек өз жемісін береді. Былтыр мәдениет және спорт министрлігінен «Туризм саласының үздігі» деген төсбелгi алдым. Марал шаруашылығымен айналысқанның арқасында Қазақстанның ғана емес, көптеген шет елдік азаматтармен таныстым. Жапония, Израиль, Араб Әмірлігі, Литва, Германия, Швейцария, Грузия елдерінен қонақтар жиі келеді. Шынын айтқанда, кәсiптiң қиыншылықтары көп. Алтай – таулы жер, екі ай жаз, қалған мезгілде суық болғандықтан туризмге үш ай белгiленген. Сол үш айда қолдан келгенше жақсы сервис көрсетуге тырысамыз. Мал басын көбейту, оның күтiмi де оңайға түспейдi. Қатон-Қарағай ауданында бүгінде 8 пантымен емдеу сауықтыру кешені мен шипажай бар. Әйелмін деп шаршап қалу өте оңай, бірақ әкемнің жалғасы болып ауылымда қызмет ету деген басты мақсатым  маған күш береді. 

–Марал шаруашылығында қандай да бір шешілмей жатқан мәселелер бар ма?

–Алтайда маралдың табиғи қорегi, шипалы шөбі өте көп. 1000-нан  астам шөп өссе, соның 500-ден астамы – емдік шөп. Ал 25 түрi Қызыл кiтапка енген.  Сондықтан да әлем бойынша Алтай бұғыларының мүйізі жоғары  бағаланады. Қолымыздан келгенін жасап жатырмыз ғой, бірақ бізге де мемлекет тарапынан көмек керек. Мысалы, көршілес Ресей мен Қытайда марал шаруашылығын дамыту үшін арнайы бағдарламалар қабылдаған. Еуропа маралшылары бірігіп ортақ ұйым құрып, өз мүдделерін қорғап, бір-бірімен тәжiрибе, білім алмасуда. Келешекте бiзге де осы тәжiрибе келедi деп үмiттенемiн. 

–Кейбір адамдар марал деген аңды, панты дегенді түсіне бермеуі мүмкін.  Пантымен емдеудің ерекшелігі неде? Қандай дертке шипа?

–Марал – Алтай өңiрiнде өмiр сүретiн жабайы бұғы. Ал, сүйекке қатпаған марал мүйiзi панты деп аталады. Пантыда 80-нен астам, адам ағзасына аса қажетті, биологиялық белсенді заттар бар. Мүйіздерді В және Е топтарына жататын дәрумендердің қоймасы деуге болады. Панта өнімдерінің құрамында  кальций, фосфор, калий, магний, темір, мыс, цинк, 16 түрлi аминқышқылдар бар. Бұл әдіс аллергиялық, артроз, остеохондроз, артрит, ревматизм, тері ауруларына, бүйрек пен бауырға да мың да бір ем. Ал екіншісінде өңірімізде өсетін мыңнан астам емдік шөп қоспасы қолданылады. 
Пантымен емдеудің әсерінен кімнің де болсын ең алдымен ұйқысы қалыпқа келеді. Ұйқы жүйке жүйесiн жақсартады, иммунитетті күшейтедi. Гармондарды қалпына келтiредi, буын ауруларына, яғни: артрит, артроздын қабынбаған кезiнде, денедегi тұзды, шлак пен токсиндердi шығарады, қан айналымын, зат алмасуды жақсартады, аллергияны емдейдi, жоғарғы тыныс алу жолының ауруларына өте жақсы ем. Сонымен қатар, әйел адамдардың бедеулік кезiнде, ер адамдардың бел күш қуатын арттырады. Нұр-Сұлтандағы СПА пантымен емдеу кешенiнде маралдың мүйізінен жасалған дәрі-дәрмектерден басқа, «сорпаға» шомылу, панты ваннасы, панты ингаляциясы, панты және фито бөшкелері, панты майымен массаж жасау, панты маскасы, пантымен орау қолданылады. Пантымен емдеу – әлемде теңдесі жоқ ем-шара. 

 

Сондай-ақ оқыңыз