Қазақстанның бензині кімге керек?

Біздің бензинді сатып алушылардың көш басында Нидерланды тұр

Фото: Shutterstock

Қазақстанның өзге елдерге сатып пайда тауып отырған бірнеше маңызды өнімі бар. Мұнай, газ, уран, ұн деп жалғастыра беруге болады. Соның бірегейі – бензин. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты өндірген бензин ішкі нарықты қамтып, экспорттық әлеуетімізді де арттырып отыр. 

    Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың бес айында Қазақстан 190 мың тонна бензинді экспортқа шығарған. Осыншама өнім 86,2 млн доллар табыс әкелген. Бензин сатып тапқан пайда 2019 жылмен салыстырғанда 45 есе көп екен. Айырмашылық аспан мен жердей. Былтыр біз небәрі 4,9 мың тонна бензин тасымалдап, 1,9 млн доллар қаражат қазынаға түскен. 

    Біздің бензинді тұтынушылардың көш басында Нидерланды елі тұр. Бұл елге жіберілген бүкіл бензин көлемі ТМД елдеріне экспортталған бензин көлемінен асып түскен. Бір ғана Нидерландының өзі 36,3 млн доллар (76,8 мың тонна) табыс сыйлаған. Еуропаға негізінен Атырау мұнай өңдеу зауытының бензині тасымалданады екен. Одан кейін қазақстандық бензинге мұқтаж болып отырған ел – Ауғанстан. Биыл олар 17,6 млн долларға Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндірілген 39,8 мың тонна жанармай сатып алған. 

Біздің өнімге қызығушылық танытқан елдер қатарында Моңғолия да бар. Бұл ел 207,1 мың долларға 481,7 тонна бензинді импорттаған. Ал ТМД елдерінің ішінде бензин бойынша Қазақстанмен ең көп сауда-саттық келісімін жасаған мемлекет – Тәжікстан. Олар 29,1 мың тонна жанармай сатып алу үшін 14,4 млн долларға шығындалған. Сондай-ақ 11 мың тонна бензин Қырғызстанға, 1,2 мың тонна бензин Ресейге жөнелтілген. 

    Министрлік ақпаратына сүйенсек, біздің ел тек автомобиль бензинін ғана саудалап отырған жоқ. 2020 жылдың алғашқы жартысында 15,6 мың тонна дизель отыны мен 363 тонна әуе жанармайы да шетел асқан. Түрлі-түсті мұнай өнімдері Беларусь, Грузия, Ресей, Қырғызстан, Нидерланды, Тәжікстан, Өзбекстан және Ауғанстан елдеріне саудаланған. 

    Осылайша, бензин экспорттық тауарлар ішінде табыс әкелу тұрғысынан ұн, арпа, көмір сияқты өнімдерден асып түсіп отыр. Жалпы, республика бюджетін толтырып отырған 11 тауар тобы бар екен. Олардың басым бөлігі – пайдалы қазбалар. 

    Қош, бензин өзімізді молынан жарылқап, сырт елдердің де кәдесіне жарап тұр екен. Миллиондаған доллар табыс түсіріп жатыр. Әрине, мұның бәрі өндіріс көлемінің еселеп артқанынан. Тағы да сол статистика комитетінің дерегіне сүйенеміз. Биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында елімізде 1 млн 463,6 мың тонна бензин өндірілген. Сөйтіп, былтырмен салыстырғанда өндіріс көлемі 20 пайызға артып шыға келген. Нақты айырмашылық – 241,5 мың тонна. Десе де айлық көрсеткіш бәрібір 2019 жылдың еншісінде екен. Былтыр желтоқсан айында 469,2 мың тонна бензин өндіріліп, бұл бір айдағы рекордтық көрсеткіш болып есептелген. Одан кейінгі төрт ай көлемінде өндіріс тұрақты деңгейде болған. Тиісінше, ішкі нарықтағы бензин бағасы да көктемнен бері біршама арзандаған. Шілде айында АИ-92 маркалы бензин литріне 150,78 теңгеден, АИ-95 литріне 171,5 теңгеден, АИ-98 литріне 189,88 теңгеден сатылды. Ал дизельді отын бағасы 184,43 теңге шамасында. Осылайша, наурыз-сәуір айынан бері бензин бағасы төмендеген. Бірақ былтырғы бензин бағасы биылғыға қарағанда 1,5-3 пайызға арзан еді. Ал дизельді отын биылғыдан қымбат болған. 

    Коронавирус бұл салаға да салқынын тигізбей қоймады. Өндіріс көлемі 2020 жыл едәуір азайған. Мұнай-газ өнеркәсібіндегі ең көп зардап шеккен сегмен те – осы мұнай өңдеу саласы. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта өңдеу көлемі 2,4 пайызға, Павлодар мұнай-химия зауытындағы өндіріс 17 пайызға төмендеген. Бірақ мұның өзі өнеркәсіп ахуалына соншалықты кедергі келтіріп жатпаған сияқты. Өз бензиніміз өзімізге молынан жетеді. Сол себепті, Қазақстан Ресейден жанармай отынын импорттауды да шектеп тастады. Әзірге бұл шектеудің күші 1 қыркүйекке дейін жарамды. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бұл шектеу өндіріс пен тұтыну көлемі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. 

    «Қазір ішкі нарықтағы мұнай өнімдері қорының деңгейі мейлінше жеткілікті көлемде. Ал қосымша импорттық отын қорының келуі отандық мұнай өңдеу өндірісіне кері әсер етуі мүмкін. Яғни, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс көлемінің мәжбүрлі түрде азаюына әкеліп соқтырады. Бұл дизель отыны және авиациялық отын түрлері өндірісінің де күрт төмендеуіне әсер етеді» делінген министрлік хабарламасында. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif