Қашықтағы жұмыспен өткен 25 жыл

Мұндай жұмыстың қандай зияны бар?

Фото: shutterstock.com

Мына суреттегі Сьюзанмен таныс болыңыз. Қашықтан жұмыс істеп келе жатқанына — 25 жыл. 25 жылдан кейінгі сіздің түріңіз де осындай болуы мүмкін. Егер мұндай болудан сақтасын деп іштей айтып үлгерген болсаңыз, алдын алудың амалдарын айтамыз. Сонымен бұл қыз неге тым әбіржіп кеткен? Заманына қарай дамып келе жатқан қашықтан жұмыс істеудің соншалықты зиян болғаны ма?

image-14-07-20-09-50 (2).png

Сьюзанның бейнесін DirectlyApply  HR-агенттігі жасап шығарған. Ондағы мақсат — қашықтан жұмыс істеудің адамға қалай әсер ететінін көрсету. Motive agency&production қызметкерлердің болашақтағы бейнесін зерттеумен айналысады. Мысалы мына жердегі Сьюзанның түріне қараңызшы. Әбден әбіржіп кеткен. Ноутбуктың не смартфонның экранына үңіле бергеннен мойын омыртқасы қисайған. Осынша уақыт қимыл-қозғалыс аз болғасын мойын ауырмай қайтсін? Шамамен елестетіп отырған боларсыз. Бетіне әжім де ерте түскен. Әлбетте, жас ұлғайған сайын әжімнің болуы — заңдылық. Бірақ кейіпкердің әжімі экранға үнемі үңіліп, көзін көп сығырайтқаннан. Негізі күтім жасағанда кей жерлердегі әжімді болдырмаудың да амалдары жоқ емес.

Одан кейінгі проблема — салмақ. Сьюзан шектен тыс семірген. Қозғалыс аз, үйден шықпайды, тіпті орнынан көп тұра бермейді. Ішіп-жемін жұмыс үстелінің жанына үйіп қояды да, шетінен жей береді. Содан салмақ қосылған. Егер сәл болсын спортпен шұғылданғанда салмақты қалыпта ұстауға болар еді. Сьюзанның өңі қашып кетуіне күн көзін көрместен, бөлмеде қамалып отыратыны да әсер еткен. D дәрумені жетіспегеннен бозарып кеткен. Сырт келбетінен бөлек, ішкі жан дүниесі де күйзелісте. Күн демей, түн демей жұмыс істейді. Жан баласын көрмейтін кезі көп. Содан жиі стресс алып тұрады. Компьютердің алдында күн ұзақ отырғаннан көздің қызаратыны тағы бар. 

Көз алдыңызға көріністі елестете алдыңыз ба? Қорқынышты ма? Негізі Сьюзан — пессимистік сценарий. Мұны ойлап тапқандағы мақсат — қорқытып, көңіл-күйді түсіру емес, денсаулықтың маңызы жайлы ойландыру. Осылай ескерту арқылы әлдекімге жақсы ой салса деген мән жатыр. 

Эпидемия басталмай тұрып IWG жасаған зерттеудің нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 80 пайызы егер таңдау жасауға мүмкіндік берілсе, жұмыс кестесі еркін, қашықтан істеуді құп көретінін білдірген. Ендеше, Сьюзан сияқты болмау үшін не істеу керек? Қалай алдын алуға болады? Осыған қатысты бірер кеңес беріп кетсек.  

1.    Режим сақтау. Уақытыңызды дұрыстап жоспарлаңыз. Қай шаруаны күннің қай бөлігінде тындырған дұрыс? Жарты күніңіз ұйқымен, одан түнімен сериал қарап өткізуді әдетке айналдырмаған жөн. Әдетте ұйқы мен фильм қарап отырғанда уақыттың қалай өткені байқалмай қалады. Сөйтіп уақыт өткізіп алып, «мына өмір зулап қайда барады» деп жүрмеңіз. 

2.    Адамдармен араласу, байланыста болу. Қашықтан жұмыс істегенде жетпейтін бір дүние — байланыс. Яғни көзбе-көз көрісу, сөйлесу азаяды. Көбіне телефон арқылы ғана тілдесумен шектеледі. Сондықтан әлеуметтік байланыс қай жағдайда болсын үзілмеуі тиіс. 

3.    Спортпен шұғылдану. Кеңседе жұмыс істеудің бір пайдасы — қаласаңыз да, қаламасаңыз да қадам жасап, физикалық белсенділік болады. Ал онлайн жұмыстың зияны, сәйкесінше — қозғалыстың азаятынында. Бұл денсаулыққа кері әсер ететіндіктен, спортқа көңіл бөлуді ұмытпағайсыз. Белгілі бір уақытты сыртта, таза ауада жүріп қайтуға, таңертең жүгіруге бөлген дұрыс. 

4.    Жұмыс пен жеке өмір арасында баланстың болуы. Негізі үйден жұмыс істеген кезде жұмыс пен жеке өмір теңдігі бұзылады. Сол себепті өзіңіз үшін жұмысқа арналған арнайы уақыт бөлуді ұмытпаңыз. Арасында үзіліс жасап, жақындарыңызға көңіл бөліңіз. Жұмысқа баспен кіріп кеткен жөн емес. Отбасыға арналған уақытта жұмысты ойламаңыз. Сол сияқты міндетіңізді жеке өміріңіз ұмыттырып жібермесін. 

5.    Бос уақыттың бос кетпеуін қадағалау. Мысалы үйде жұмыс істегенде көп нәрседен үнемдейсіз. Қаражаттан бөлек, ең маңыздысы — уақытыңыз молаяды. Жолға кететін 2 сағатта қандай пайдалы іспен айналысуға болады? Соны ойластырыңыз. Жұмыстан шаршап кеткенде көңіл бөлініп, сергіп қалатындай тәсіл тапсаңыз, өзіңізге пайдасы мол болады. Сонымен, Сьюзан болғыңыз келмесе, осы айтқан бес кеңесті жүзеге асырыңыз. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif