Елдегі автобустардың жұмысы автоматтандырылады

Жарияланды
Қоғамдық көлік тасымалдарын дамыту үшін кешенді шаралар әзірленді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің ақпараты бойынша автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі шамамен өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр. (2020 ж. – 1,43 млрд. тонна, 2019 ж. – 1,5 млрд. тонна). Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

Отандық автотасымалдаушылардың халықаралық жүк тасымалдау нарығындағы ұстанымын нығайту мақсатында сатып алынатын ершікті тартқыштарды кәдеге жарату алымынан және алғашқы тіркеу алымынан босату жөнінде шешім қабылданды.

Сондай-ақ, қалалық автобус тасымалдарын дамыту бойынша шаралар кешені әзірленді. Оны іске асыру саладағы проблемалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар:

– ЕАЭО көлік дәліздері жүйелерімен ықпалдастырылған көлік құжаттарын басқару жүйелерін цифрландыру;

– халықаралық жүк тасымалы үшін рұқсат беру жүйесі рәсімдерін автоматтандыру;

– еліміздің автобус паркін жаңарту сияқты жұмыстар жалғасады.

Еске сала кетейік, короновирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында 2020 жылдың 5-19 шілде аралығында облысаралық және қалааралық автобустардың жүруі тоқтатылды.

Карантин енгізілген сәттен бастап ҚХР, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Монғолия автокөліктерінің барлық түрлерімен жолаушылар мен багажды екі жақты тасымалдау, оның ішінде 117 тұрақты бағыт, сондай-ақ транзиттік жолаушылар тасымалы тоқтатылды.
 

Сондай-ақ оқыңыз