«Томирис» дүниежүзін жаулауда

Жарияланды
Әлемнің он мемлекеті отандық фильмнің көрсету құқығын сатып алды

 «Томририс» тарихи драмасы дүниежүзі көрермендерінің жүрегін жаулауда. Ақан Сатаевтың ұлы дала ханшайымы туралы кинотуындысының халықаралық құқықтық дистрибьюторы Arclight Films компаниясы Каннда өткен Marché Du Film кинонарығында жасалған келісім шарттар туралы ақпарат берді. Бұл туралы Шәкен Айманов атындағы  «Қазақфильм» акционерлік қоғамы хабарлады.

Келісімдердің нәтижесінде отандық фильмді көрсету құқығын Италия үшін Blue Swan, Франция үшін SND Films, Испаниядан Art Mood, Жапониядан AT Entertainment, Таяу Шығыстан Gulf Film, Оңтүстік Кореядан Challan, ТМД елдері үшін Paradise/MGN, Сингапурдан Shaw, Румынядан Program 4 Media және Түркия үшін Siyah Bayez Movies компаниялары көрсету құқығын сатып алған. Осы айда Arclight компаниясы «Томиристі» АҚШ-та көрсету құқығы Well Go USA компаниясы сатып алғаны туралы хабарлаған болатын.

Еске салсақ, кинотуынды  біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген.

Сондай-ақ оқыңыз