Теңіз порты арқылы 2,6 млн. тонна жүк тасымалданды

Жарияланды
Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы

2020 жылдың алғашқы 5 айында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 2,6 млн. тоннаға жуық жүк тасымалданды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл ретте жүк автокөлік құралдарын ауыстырып тиеу көлемі 10% артты. Өткен жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 2564 болса, биыл 2824-ке жетті. Сондай-ақ, контейнерлерді ауыстырып тиеу 19% өсіп, 11 712 болды.

Биылғы қаңтар-мамыр айларында Каспий теңізіндегі порттар арасында 1 млн. тонна жүк тасымалданды немесе өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 104% құрады (967 мың тонна).

Бекітілген тәртіпке сәйкес карантиндік кезеңде Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға енгізілген шектеу сақталады. Бірақ, оның шетелдерден қайтып келетін қазақстандық азаматтарға қатысы жоқ.

Бүгінгі таңда Баку – Құрық паромдық қатынасымен 161 адам қайтарылды.

Эпидемияға қарсы қабылданған іс-шаралар шеңберінде порттардың қызметтері санитарлық-карантиндік сала қызметкерлерімен бірлесіп портқа келетін барлық жүк көліктеріне дезинфекция жүргізеді. Порттарда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған карантиндік бөлмелер жабдықталды.

Ішкі су жолдарында навигациялық кезеңді уақытында ашу үшін тиісті іс-шаралар жасалды. Кеме жүрісі навигациялық жағдайдың барлық қажетті құралдарымен қамтамасыз етілген. Навигация басталғаннан бері өзен көлігімен 153 мың тонна түрлі жүк тасымалданды. Бұл 2019 жылдың 5 айындағы көрсеткіштен 8% көп.

Кеме қатынасы шлюздерін күрделі жөндеу шеңберінде жыл басынан бері темір-бетон конструкцияларын жөндеу бойынша жұмыстардың жалпы ауданы 4500 м2 немесе жылдық көлемнің 25% атқарылды.

Қазақстан аумағында енгізілген карантиндік режимге байланысты туындаған қиындықтарды ескере отырып, кеме иелеріне техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын жыл сайынғы куәландыру жүргізуді карантин аяқталғанға дейін кейінге қалдыру ұсынылды.
 

Сондай-ақ оқыңыз