Таныс болыңыз. Тәуекел етіп кәсіп бастап кеткен жандар бизнеске келу тарихымен бөлісті

Жарияланды
Кәсіпкерлерді қолдауға арналған бірнеше тиімді бағдарлама бар

Үкімет соңғы жылдары кіші, орта және шағын бизнеске деген қолдауды күшейтті. Әсіресе, кіші бизнес иелері үшін қаржылық қолдау аса қажет еді. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов кіші және микробизнесті қолдау үшін жаңа бағыттың қолға алынатынын мәлімдеді. 

 «Жаңа бағыт бойынша несиені 6 пайыздық мөлшермен алуға мүмкіндік бар. Қаржы айналымы үшін – 5 млн теңге, ал өндірістік қажеттілік үшін 20 млн теңгеге дейін несие беріледі. Осы арқылы микробизнес өкілдеріне көмек береміз» деген болатын министр. 

Үкіметтің осындай тиімді жобаларын сәтті пайдаланып, кәсіптерін жолға қойып жатқан азаматтар да баршылық. Соның бірі – Гүлнәз Кенжебаева. Біраз жыл бойы қарапайым шаштараз болған жан, қазір сұлулық салонының иесі. Жұмысшыдан жұмыс берушіге айналған кәсіпкер. 

Гүлнәз осыған дейін бірнеше жыл бойы шаштараз болып жұмыс істеген. Бірақ кәсібі жеке меншігінде болмағандықтан жалға берушімен пайызына келісіп, кейде жалақыға жұмыс істеп қана күн көрген. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап «Даму» қоры арқылы несие алып, жеке шаруа бастаған. 

  «Кез-келген бизнестің басты талабы – кәсіптің қыр-сырын тереңнен білу ғой. Мен шаштараз болуды жас кезімнен жақсы меңгергенмін. Әр жыл сайын білмегенімді үйреніп, білімімді арттыра түстім. Соның арқасында сұлулық салонында атқарылуы тиіс жұмыстың біразын меңгерген едім. Мұның қазір пайдасы жақсы тиіп жатыр. Әрі шаш қию – ешқашан тоқтап қалмайтын кәсіп. Күн сайын адамдар келеді. Бір жағынан жылдар бойы тұрақты клиенттер тобы да қалыптасқан» дейді ол. 

Айтуынша, несие алу үшін бастапқыда біраз жүгірген. Алғашқыда «Альфа банк» арқылы алудың сәті түспепті. Кейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Халық банк» арқылы жылына 6 пайыз жеңілдікпен 10 миллион 500 мың теңге несие алған. «Оны бұйыртса 5 жылда төлеп құтыламын. «Дамудың» кәсіпкерлерді қолдап жатқанын жақын достарымнан жиі естуші едім. Бұл – енді бастаған кәсіп иелері үшін үлкен қолдау» дейді кәсіпкер. 

Коронавирус пандемиясы да кәсіпкердің жұмысына кедергісін тигізбей қоймаған. Алайда ТЖ режимі аяқтала салысымен салон жұмысын қайта жандандырдық дейді ол. 

   «Біздің салонда шаш қию, бет әрлеу, кірпік өсіру, қол мен аяқ күтімі қызметтерін ұсынамыз. Басшы болғаныммен өзім де шаш қиып, жұмыс істеймін. Қазір қарамағымда төрт қызметкерім бар. Оларға ай сайын тұрақты жалақы төлеп отырмын. Пандемияға байланысты бір айдай жұмыс тоқтап тұрды. Ол кезде коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп отырдық. Бірақ несие төлеу кішкене қиынырақ тиді. Сол себепті, үш айға кейін қалдыру жеңілдігін пайдаландым. Дегенмен қазір соның орнын толтырып, үздіксіз жұмыс істеп жатырмыз. Өзімнің бір ғана қызым бар. Қазір тұрмыста. Жиен немеремнің құрметіне салонның атауын «Арслан» деп қойдық. Келешекке жоспар көп. Алдағы уақытта салонның алдын кеңейтіп, келушілер үшін ыңғайлы жағдай жасағым келеді» деді Гүлнәз. 

Ендігі уақытта бизнесімді тек жетілдіре бермекпін дейді. Өйткені, бұрынғыдай ғимаратты жалға алмайды. Нысан – өзінікі. Үй мен осы нысан қазір банк кепілдігінде тұр. 

Ал оралдық Меңдіхан Әбілов біраз уақыт облыстағы белгілі құрылыс фирмасында директордың орынбасары болып жұмыс істеген. Кейін жалақыға күн көргенше, жеке кәсіп бастап соның жемісін жеген дұрыс деген байлмға келеді. Сөйтіп, тәуекел етіп несиеге жүгінген. Қазір Меңдіхан мен оның шағын командасы металлдан әртүрлі темір қоршау, есік, темір тор, кіші және үлкен көлемдегі қақпа жасап сатылымға шығарады. 

«Нарықты біраз уақыт зерттей келе бизнестің осы түрін бастап көрейін деп шештім. Әрі құрылыс фирмасында жұмыс істеп азды-көпті тәжірибе де жинадым. Әрине, бизнеске келе сала шаш етектен пайда тауып жатырмын деуге келмейді. Отбасылық шығындар бар, несиені төлеу керек дегендей. Компанияда жүргенде айлық табысым тәуір болатын. Қазір әлдеқайда айырмашылық бар. Дегенмен ең бастысы – алға ұмтылыс. Жеке кәсіп жасасам балалар үшін, ұрпақ үшін жақсы мұра қалдырамын деп ойлаймын. Металл қоршау барлық жерге керек. Сұраныс асып-төгіліп жатыр деуге келмейді. Десе де түрлі кеңселер, мекемелер, қарапайым тұрғындар тапсырыс береді» дейді Меңдіхан. 

Кейіпкеріміз несиені «Сбербанк» арқылы рәсімдепті. Кепілге мүлік қою мәселесі «Даму» қоры арқылы шешімін тапқан. 

Бизнестегі басты нәрсе – тәуекел ету. Сонда ғана мақсатыңа жақындай түсесің. Сондай-ақ бизнесте ешқашан кеш келу деген ұғым болмайды дейді олар. Адам қай жаста да өз мақсатына иек артуы тиіс. Гүлнәз бен Меңдіханның айтқанынан біз осыны түсіндік. Елімізде кіші, орта және шағын, бизнесті қолдауға бағытталған бірнеше әлеуметтік бағдарлама бар. Соны оқып, біліп, кәдесіне асырған азаматтар бизнесте өз жолын тауып жатыр. Біз тиімді бағдарламалар жайлы әркез жариялап, оқырмандарды хабардар етіп жүрміз. Ал кәсіпке құлаш ұрған кейіпкерлер хақында алдағы уақытта тағы жария ететін боламыз. 

Сондай-ақ оқыңыз