Енді көпқабатты үй тұрғындары жер салығын төлемейді

Жарияланды
Үкімет салық заңына қандай өзгерістер енгізді?

Руслан Дәленов жаңа бастама туралы айтты.

Кеше, 24 маусым күні мәжіліс депутаттары салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Жаңа заңда салық жүйесін реформалау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, инвестициялар тартуды ынталандыру, бизнес ортаны дамыту, тарифтік саясат пен монополияға қарсы реттеуді жетілдіру мәселелері қарастырылған. 

Заң аясында көпқабатты тұрғын үй тұрғындарын жер салығынан босату ережесі де жазылыпты. Сонымен қатар салық элементтерін өзгертпей-ақ мүлік пен жер салығын біріктіру туралы ұсыныс та бар. Бұл орайда екі салық үшін бір төлем жасау жеткілікті болмақ. 

    «Қазір бұл екі салық автоматты түрде есептеледі. Ал түбіртекте екі жол көрсетіледі. Тиісінше, екі рет төлеуге тура келеді. Түбіртекте екі комиссия бар, сіз екі жолдың арасында қателесіп кетуіңіз мүмкін. Дербес шот екеуден жүргізіледі, бір жерде артық төлем жасалса, ал бір жерінде шатасып берешек болып қалуы ықтимал. Сондықтан техникалық тұрғыда тура солай жасалады, алайда бәрі бір жолда көрсетіліп тұрады. Бұл қателікті азайтуға, өзіндік құнын төмендетуге, банк комиссиясын мейлінше аз төлеуге мүмкіндік береді», – дейді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. 

Салық заңы аясында жүзеге асуы мүмкін тағы бір өзгеріс бар: Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар қосымша құн салығын төлеуге міндеттелуі мүмкін. Министрдің айтуынша, заңның бұл тармағының қазақстандық салық төлеушілерге еш қатысы жоқ. Яғни, шетелдік интернет-компаниялар есепке тұрып, қосымша құн салығын төлейді. Себебі, халықаралық стандарттар осыны орындауды талап ететін көрінеді. 

    «Шетелдік интернет-компаниялар көрсетіп жатқан қызмет және тауар көлемі бойынша қосымша құн салығын төлеуге дайын. Тек осы кезге дейін бізде ондай талап болған жоқ. Енді соны заң аясында енгізгелі отырмыз. Шетелдік интернет-компаниялар төлеген салықтан түсетін қаржы шамамен 2 млрд теңге көлемінде болады. Егер көрсетілетін қызмет көлемі өссе, онда салық та көбейеді. Біз мұны бақылап отырамыз», – деді Дәленов. 

    Сонымен қатар бұдан былай шетелдік құзіретті органдар еліміздегі салық құпиясы жайлы ақпараттарды тікелей бақылап, біліп отыруы мүмкін. Қазақстанның өзі осындай мүмкіндік бермек. Бұл да осы салық туралы заң аясында қарастырылып отыр деді министр. 

    «Бұл жерде мәселе кез-келген ақпарат туралы емес, тек антидемпинг туралы зерттеу барысы жайлы ақпарат туралы болып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімдерге сәйкес уәкілетті органдар демпингке қарсы тергеу-тексеру жүргізуге және бұл ретте ұсынылған субсидия, яғни, салық жеңілдіктері жайлы ақпарат сұрауға құқылы. Ақпараттардың бұлай берілуі қазір әлем бойынша қолданылады. Егер шетелдік тарапқа ондай деректі бермесек онда олар қазақстандық экспортқа қарсы ірі антидемпингтік баж салығын салуы ықтимал. Сәйкесінше, бұл келісім біздің уәкілетті органдардың да шетелдік өндірушілерге қатысты тергеу-тексеру жүргізіп жеңілдіктер жайлы ақпаратын сұратуына мүмкіндік береді. Келісімшартта құпиялықты қорғау бойынша барлық шаралар қарастырылған», – деді ведомство басшысы. 

Дәленов басқаратын министрлік ұсынған тағы бір өзгеріс – заң аясында елімізде инвестициялық салықтық несие ұсынылуы мүмкін. Ол ұжымдық табыс және мүлік салығы бойынша үш жылға пайызсыз беріледі. Алайда көрсетілген тиісті талаптар орындалмаса өсім жүреді.

 
Сондай-ақ заң аясында көлік салығын төлеу мерзімі осы жылдың 31 желтоқсанынан келер жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз