Еңбек демалысына қатысты 8 сұрақ

Жауабын білмей жүрген болуыңыз әбден мүмкін

Фото:ru.depositphotos.com

   Еңбек демалысына қатысты көкейде жиналған көп сауалыңыз болса, бұл материал сіз үшін. Осы кезге дейін қанша күн демалуға болатынын қалай есептейтінін білмей жүрсеңіз, формулаға салсаңыз болады. Сонымен қатар қашан демалатыныңызды шешу де — өз қолыңызда. Неке қисаңыз болмаса үйіңізде қуанышты не қайғылы жағдай орын алса, қанша күн демала аласыз? Ондайда ақы төлене ме? Кодексте бекітілген Еңбек демалысына қатысты құқығыңызды қарапайым тілде талдап көрдік. Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліп редакция тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, түсіндіреді. 

1.Еңбек демалысы кімдерге беріледі?

   Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын еңбек шартымен жұмыс істеп жүрген кез келген жұмысшы ала алады. Еңбек кодексі бойынша еңбек демалысы 24 күннен аз болмауы тиіс және демалыс кезінде жұмыс орны мен орташа айлық жалақысы сақталады. Ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарда жұмыс істейтіндерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына кем дегенде 6 күннен тұратын қосымша демалыс тағайындалады. Сонымен қатар, еңбек шарты немесе жұмыс берушінің бастамасымен ынталандыру мақсатында ауыр, үздіксіз ұзақ мерзімді, өте маңызды немесе өзге де жұмысты атқарғаны үшін қосымша еңбек демалысы берілуі мүмкін. Жыл сайынғы еңбек демалысы апта соңындағы демалыс күндері мен мейрам күндерін қамтымайды. Яғни, еңбек демалысы күндерін есептеген кезде, ол күндер есепке алынбайды. Жалпы еңбек демалысының ұзақтығын есептеген кезде қосымша демалыс күндері негізгі еңбек демалысы күндерімен бірге есептеледі.

2. Демалыс уақытын таңдауға құқығым бар ма?

    Еңбек демалысы жылдың кез келген уақытында беріледі. Яғни, жұмысшы уақытын өзі таңдай алады. Сонымен бірге еңбек демалысын бөліп алуына да болады. Бірақ кемі 14 күн болуы қажет. Яғни жылдық еңбек демалыс уақытыңыз 24 күнді құраса, бір бөлігі ретінде мысалы, маусым айында 10 күн алып, келесі бөлігі ретінде қыркүйек айында 14 күн алуыңызға болады. 

3. Қанша күн демалатынымды қалай есептейді?

  Мынадай формулада жаттап алуға болады: А/365*Б=тағайындалатын еңбек демалысы күнінің саны. А – еңбек шарты бойынша жұмысшыға тиесілі еңбек демалысының күндері. Б – ақылы еңбек демалысына құқық беретін еңбек өтіліне кіретін күнтізбелік күн саны. Нақтырақ айтсақ, нақты жұмыс істелген уақыт; жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт; жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіз болуына байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт; жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады. Яғни, жұмысқа себепсіз келмеген уақыт, ақысыз демалыс кезі, оқу демалысы секілді кезеңдер еңбек өтіліне кірмейді. Мысалы, азамат А компанияға 03.02.2018 жылы жұмысқа орналасқан. Еңбек шарты бойынша 24 күн ақылы еңбек демалысы мерзімі көрсетілген. Содан кейін 17.06.2018 – 27.06.2018 ж. аралығында 10 күнтізбелік күн мерзіміне ақысыз демалыс алды. Кейін жұмысын жалғастырып, 11.08.2018 ж. ақылы еңбек демалысына шықты. Енді есептейік: 03.02.2018 ж. мен 10.08.2018 ж. аралығы — 190 күн. Бұл күндерден ақысыз еңбек демалысы уақытын – 10 күнді алып тастаймыз, 180 күн. Бұл — еңбек өтіліне кіретін күнтізбелік күн саны. Енді бұл санды формулаға саламыз: 24/365 * 180 = 11 күн. Демек, 03.02.2018 жылдан бастап, 11.08.2018 жылға дейінгі аралықтағы жұмыс істеген уақыт үшін берілетін ақылы демалыс мерзімі 11 күн.
Еңбек демалысы нақты істелген жұмыс уақытын, жұмыскердің жұмыс істемей, алайда оның жұмыс орны мен орташа айлық жалақысы сақталған уақытын, уақытша жұмысқа қабілетсіздігі негізінде жұмыс істемеген уақытын, жұмысқа қайта орналасу алдында нақты жұмыс істемеген уақытын есептей отырып, демалыс графигіне сәйкес беріледі. Кесте жұмыс берушінің қызметкерлерімен келісе отырып бекітіледі. Жыл сайынғы еңбек демалысының кезегі осы графиктің немесе тараптардың келісімі негізінде реттеледі. Демалыс графигі жұмыс беруші тарапынан өндірістік себептерге байланысты өзгертілген болса, жұмыс беруші жұмыскерді бұл туралы екі апта алдын-ала ескертуі қажет.

 4. Жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы деген не?

    Жұмыс беруші мен жұмысшының өзара келісімі негізінде айлық жалақысы сақталмайтын демалыс түрі берілуі мүмкін. Демалыстың мұндай түрінің шарттары мен ұзақтығы да тараптардың келісуі негізінде бекітіледі. Алайда, жұмысшы неке қиғанда, баласы дүниеге келгенде, жақын туыстарының бірі қайтыс болған кезде немесе еңбек шартында көзделген өзге де негіздер бойынша жұмыс беруші 5 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімде айлық жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

 5. Еңбек демалысына төленетін ақы қашан түсуі керек?

   Демалыс мерзімінің басталуына 3 жұмыс күні қалғанға дейін, ал ол демалыс кезектен тыс  берілген жағдайда, оның басталуынан 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс.

6. Демалыс алмай жұмыс істей берсем бола ма?

Жұмыс берушіге Еңбек кодексінде жұмысшыға 2 жыл қатарынан толық немесе ішінара пайдаланылмаған еңбек демалысын бермеуге тыйым салынған. Бұдан түсінетініміз, 2 жылдан артық үздіксіз жұмыс істеуге болмайды. 

 7. Жұмысты жалғастырып, тек ақысын алса қалай болады?

   Кодексте демалысқа шықпай еңбек демалысына төленетін ақыны алудың тек екі негізі көрсетілген. Олар: жұмысшы жұмыстан шыққан кезде және жұмысшыны өндірістік себептермен жұмыс беруші еңбек демалысынан қайтарып алған кезде. Басқа жағдайларда еңбек демалысына шығуды еңбек демалысына төленетін ақымен алмастыру шарттары көзделмеген. Демек, басқа жағдайларда бұған жол берілмейді.

 8. Жұмыстан шығарда пайдаланылмаған күндерді не істейді?

Жұмыстан шығарда еңбек демалысының пайдаланылмаған күндерін есептей отырып, өтемақы жұмыскердің еңбек шартына сәйкес орташа айлық жалақысымен есептеледі. Еңбек шартының тоқтатылуымен жұмыскерге тиесілі төленуі керек сумманы жұмыс беруші шарт тоқтатылғаннан үш жұмыс күні өткенге дейін төлеуі керек.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif