Батырбек Айтжанов, профессор: Қазіргі пневмонияны коронавирус таратып жатыр

Жарияланды
Маман адамдарды сақ болуға шақырды

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенсек, маусым айында пневмониямен ауырғандар саны 6 есеге бір-ақ өскен. 18 маусымға дейін 650 адамнан осы індет табылыпты. Ауырғандар саны күн санап көбеюде. Түркістан облысындағы ахуал да адам шошырлық. Мұнда да науқастарға төсек жетіспей, дәрігерлер бірнеше сағат үзіліссіз жұмыс істеуде. Осыған орай дәрігер-маман, ҚазҰАУ профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Батырбек Айтжановпен аз-кем сұхбаттастық.  

– Соңғы 2-3 күнде елімізде пневмония індеті қатты өршіп жатыр. Коронавирус пен екеуінің ұқсастығы қандай?

– Негізі коронавирустің өзі «шектен шыққан пневмония» деп айтылған ғой о баста. Коронавирус адамның үш жерін зақымдайды: тыныс алу жолдарын, ас қорыту жүйесін және жүйке жүйесін. Солардың ішінде микробтардың өсіп-өнуіне қолайлы жері – тыныс алу жолдары.  Яғни, бұл көбіне ауа тамшылары – түшкіргенде, жөтелгенде адамнан адамға тез жұғады. Олар да өсіп-өнетін, көбейетін жер іздейді ғой. Әуелі вирус мұрынға барады, мұрыннан альбиолаға, одан әрі қарай өкпеге түседі. Өкпе – вирустардың өсіп-өнуіне өте ыңғайлы: оттегі келіп тұр, ол жердің тіні ұлпа, жұмсақ. Көбейгеннен кейін токсиндерін, уытты заттарын бөледі, сөйтіп некрозға, одан әрі пневмонияға алып келеді. Ақырында екі бірдей өкпені жойып жіберуі мүмкін. Қанмен бірге әрі қарай өтіп кетсе ішек жолдарын да зақымдайды. Мұндай кезде адам адам дәм мен иісті де сезбей қалады. Яғни, вирус жүйке жүйесінің эпителяларын да өлтіріп жатыр деген сөз. Негізі пневмонияны мироорганизмнің үш түрі таратады: бактериялар, вирустар және саңырауқұлақтар. Бұрын бактериялар таратқан кезде біз түрлі антибиотиктер қолданып, емделіп жүрдік. Оны пенициллин, басқа да заттармен жылдам емдейтін. Ал мына пневмонияны коронавирус таратып жатыр. Бактерияларды жәй микроскоппен қарап, көрсең, вирустарды үлкен электронды микроскоп арқылы қарап, әрең байқайсың. Вирустар өте ұсақ болған соң тез өніп, тез тарайды. Тамақ жыбырлай бастаса вирус тамаққа барды деген сөз. Әрі қарай жұтқыншаққа түсіп, тереңдей бермек. Мұны емдеу жолының бірі кәдімгі ас содасын пайдалану. Жалпы, вирустар 56-60 градус ыстыққа шыдай алмай, өліп кетеді. Сондықтан бір литр суға бір ас қасық соданы салып ингаляция жасаса әлгі сода вирустің майлы қабығын ерітіп, оны өлтіреді. Вирусті пневмонияның күші жоғары болғандықтан анау-мынау антибиотиктің қауқары жете бермейді. 

– Ақтөбе мен Түркістанда пневмониямен ауырып жатқан адамдар коронавирусқа тест тапсырса нәтижелері теріс болып шығып жатыр. Мұны қалай түсінуге болады?

– Ол жақта қандай диагностика қолданылып жатқанын білмейміз ғой. Жалпы, Covid-19-дың түрі өте көп. Қырық шақты түрі бар шығар. Түсінікті тілмен айтар болсақ, А, В, С деп бөліне береді. Әр түрінің өзіне ғана тән белгілері болады. Диагноз жасайтындар А вирусы бар ма, жоқ па дегенді анықтау үшін сол А түрінің микробын алып тест жасайды. Сосын ол тест адам организміндегі вирустің А түрін ғана қабылдап (вирустар бір-бірін тез тауып алады), В түрін қабылдамайды. Сөйтіп, табылған вирус негізінде диагноз жасайды. Пневмонияға шалдыққан адамдар тест тапсырса нәтижелері теріс болып (коронавирус жоқ болып) шығып жатқаны содан. Бәлкім, ол адамның бойында В түрінің немесе С түрінің коронавирусі бар шығар. Вирус мутацияға тез бейімделіп жатыр. Адам организмінің өзі мутагенді фактор ретінде бөлінеді. Негізі мутациядан қорықпау керек. Вирус мықты организмге түссе дамуын тоқтатып, зақымдау қасиетін жоғалтады. Тек иммунитеті әлсіз организмде олар өсіп, өніп, тарала түседі. Бұрыннан пневмониясы бар, жүрек ауруы, қант диабеті бар адамдар ерекше сақтануы керек. Олар әлсіз болады. Сондықтан барынша сақтық шараларын сақтап, күтініп, адамдар көп шоғырланған жерден аулағырақ болған жөн. 

– Пневмонияның дәл Ақтөбе мен Түркістанда қатты асқынуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Аталған өңірлерде пневмонияның күрт көбею себебі – ол жақтағы халықтың тығыз орналасуынан және қазақшылыққа көп салынуынан. Елде ТЖ аяқтала салысымен халық қайтадан той-жиын жасап, өлім-жітім рәсімдеріне де көбірек жинала бастады. Соның салдарынан адамдар бір-біріне вирус таратып жатыр. Оны бастапқыда өздері де аңғармайды. Әр адам жауапкершілікті өзінен бастағаны дұрыс. Егер бойынан ауруға тән симптомдар байқаса онда өзін бактериялы қару деп санап, басқаларға зияным тиеді деп, оқшауланғаны жөн. Әр адам солай істесе ғана дертті жеңе аламыз. Мұны әлі күнге тұмау деп ойлап, бейқам жүрген жандардың қатары әлі көп. Осы бейқамдық ахуалды қиындатып жатыр. 

– Рақмет!
 

Сондай-ақ оқыңыз