Айдыны шалқар Алакөл. Еліміздегі ең тартымды нысан туристерге құшағын ашты

Жарияланды
Әзірге 14 демалыс базасына рұқсат берілген

Қазақстандағы ең әлеуетті әрі тартымды туристік нысан саналатын Алакөл аймағы биыл да демалушыларды қабылдайды. Бұл туралы облыстық басылым ақпарат таратқан. Оның дерегінше, Алакөл жағалауындағы төрт демалыс базасы пандемия кезінде жұмысын жалғастыруға рұқсат алыпты. 
    Құрамына сол демалыс үйлерінің иелерінің өзі де кіретін арнайы мониторингтік топ өлкедегі туризм нысандарын тексеріп, коронавирус кезінде туристерге қызмет көрсетуге қаншалықты дайын екенін анықтаған. Соның нәтижесінде ішінара дайын деп танылған 60 демалыс базасына әлі де дайындық керек екені айқындалған. Олар әлі де санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселесінде жетілуі керек. ал 14 база толық дайын екені жайлы құжат алған. Олар базаның 50 пайызы толатындай деңгейде ғана туристер қабылдай алады. (Еске салсақ, былтыр Алакөлдегі жағалау аймағы мен Арбатта бір сәтте 12 мың адам демалған). Жұмыстарын әдетте 20 маусымнан кейін бастайтын 101 демалыс үйі іске әлі кіріспеген.

 
    «Базаларды ашпас бұрын біз алгоритмге сәйкес дезинфекцияға қажетті құралдар, антисептик, қолғап, маска, бас киім және дезинфекциялаушы кілемшелер сатып алдық. Келушілердің өзін-өзі қорғауы, қауіпсіздік талаптарын сақтауы жайлы ескертпелер әзірледік. Біздің бірінші кезектегі міндетіміз – адамдардың денсаулығын сақтау. Біз олардың еркін әрі алаңсыз демалғанын қалаймыз» дейді «Рассвет» демалыс базасының әкімшісі Татьяна Калугина. 

    Осыған дейін 13 маусымнан бастап Алакөлдің туристер үшін ашық екені жария етілген. Бұл жайлы Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалыммұрат Жүкел ресми түрде хабарлаған еді.

 
    «Мұнда жұмыс қызу. Ел шомылу маусымына дайындалуда. Ақши ауылдық амбулаториясына жылжымалы лаборатория орнатылды. Алдында хабарлағанымыздай Алакөлдің Алматы облысына тиесілі жағалауына келген қонақтарға ПЦР анализдерінің құжаттамасын алып келу қажет емес. Бұл – қауіпсіздік шараларын бәсеңдету емес, әрине. Әр демалыс орыны жылу өлшеуіш құралмен жабдықталған. Тексеру қатаң. Ал, егер індет белгісі анықталған жағдайда күдікті амбулаторияға жатқызылып, одан осы жерде тегін анализ алынады» деп жазған әлеуметтік желідегі парақшасында. 

    Бұған дейін облыс әкімі Даниал Ахметов Қабанбай ауылдық ауруханасында 12 орынға лайықталған стационар ашылғанын, ол жерде 2 жасанды тыныс алдыру аппараттары қойылатынын айтқан.  
    Айтпақшы, 13 маусымнан бастап Алматы облысының ведомствоаралық комиссиясының шешімімен Қапшағай жағалауы да қонақтарын қабылдай бастамақ. Арнайы жұмыс тобы жағажайды тексеріп, рұқсат берген. Бүгіннен бастап мобилді бекеттер алынып, туристерге жол ашылмақ. 

    Еске салсақ, Алакөл аймағының туристік әлеуеті жыл санап өсіп келе жатыр. 2018 жылы мұнда 1 млн адам демалуға келсе, 2019 жылы келушілер саны 1,3 млн-ға жеткен. Облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасы Алакөлдің келушілер саны бойынша Қазақстандағы үздік жағалау екенін айтады. Соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен 6 млрд теңге бөлініп, ол қаржы Үржар ауданындағы жолды жөндеуге, теміржол және әуе байланысын субсидиялауға және арнайы техникалар сатып алуға жұмсалған. Ал алдағы төрт жылда жалпы құны 30 млрд теңге болатын 6 инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде – Үржар ауылы әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта жөндеуден өткізу, су құбыры жүйесін реттеу, су тарту, жағалауды бекіту және электр желілерін жүргізу шаралары бар.

Сондай-ақ оқыңыз