Армениядан әкелінген автомобильдерді қалай тіркеуге болатыны анықталды

Баспасөз мәслихатында егжей-тегжейлі түсіндірілді

Фото:pixabay.com

Бүгін, 16 маусым күні Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, мамандар Армениядан әкелінген автокөліктерді қалай тіркеуге қоюға болатынын түсіндірді. 

  «Ішкі істер министрлігі осы жылдың 1 маусымынан бастап азаматтарымыздың Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу бойынша жұмыс жүргізуде. Алғашқы екі аптада 2000-нан астам автокөлік тіркелді. Тіркеудің басым бөлігі елдің батыс аймақтарында – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарына тиесілі. Тіркеу рәсімі өте қарапайым және көп уақытты қажет етпейді» дейді ҚР ИСМ Көліктік реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов. 

Оның айтуынша, Армениядан әкелінген көлік иелері жол қозғалыс ережесін бұзған жағдайда сол сәтте көлікті басқарған адам жауапқа тартылады. 

  «Егер иесі көлікті өз атына тіркеп, автомобилді сақтандыру бойынша басқа адамға сатқан жағдайда кім айыпқа тартылады?» деген сұрақ жиі қойылады. Ондай жағдайда сол сәтте көлікті басқарған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ол адамның көлікті басқаруы көлік иесінің түсініктеме беруі, сақтандыру полисі мәліметі және құқық бұзушылық видео жазбасы арқылы расталады» деді ол. 

   Ал әкелінген көлік Армения Республикасында берілген техникалық паспортта көрсетілген автомобиль иесі болып саналатын азаматтың атына тіркелмек. Көлікті тіркеу бағасы – 11 946 теңге. Оның ішінде тіркеу алымы – 695 теңге (0,25 АЕК), техпаспорт үшін баж салығы – 3 473 теңге (1,25 АЕК), мемлекеттік нөмір үшін – 7 778 теңге (2,8 АЕК). 

   «Тіркеу процедурасы өте қарапайым, азаматтардың уақытын алмайды. Транспортқа қойылатын талап пен шарттар жеңілдетілген. 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армения өкілетті органдары арқылы Қазақстан азаматының атына рәсімделген автомобилдер тіркеледі» дейді ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов. 

   Түсіповтың сөзінше, көлікті сақтандыру полисі арқылы басқару – азаматтың көлікке заңды иегер болуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан ресми түрде тіркеу қажет. Сондай-ақ Серік Түсіпов оң жақ рулді автокөліктерді тіркеу Қазақстанда қайта қолға алынбайтынын да айтты. 

  «Оң жақ рулді көліктерді тіркеуге тыйым салынған. Бұл «Жол қозғалысы туралы» заңда да, Кедендік одақтың техникалық регламенті мен үкімет қаулысында да атап көрсетілген» деді Түсіпов. 

Ал Армениядан әкелінген және сол жақ рулді етіп ауыстырылған оң жақ рулді көліктер Қазақстанда қауіпсіздік сертификатын алуы тиіс. Ондай сертификаттар арнайы лабораторияларда берілмек. ҚМ МКК Өндірістік емес төлемдер және арнайы салық режимдерін басқару департаменті директорының міндетін атқарушы Дәулет Жарылғасыновтың айтуынша, көлік құралын тіркеген жағдайда кедендік төлемдерді, механикалық көлік құралдарын алғашқы тіркеу үшін алымды және кәдеге жарату алымын төлеу қажеттілігі жоқ. 

  "Қазақстан аумағында тіркелген сәттен бастап автокөлікке салық төленеді. Себебі салық заңнамасына сәйкес жеке меншік құқығы бар жеке тұлғалар көлік салығын төлеушілер болып табылады, бұл ретте салық салу объектілеріне ҚР-да тіркелген және (немесе) есепте тұрған автокөлік құралдары жатады» деді Дәулет Жарылғасынов. 

Енді Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеуді жүзеге асыру ыңғайлы болу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары жексенбі күні сағат 13:00-ге дейін жұмыс істейді. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif