Алматы облысында “қарасора” плантациясы анықталды

Жарияланды
Салмағы 4 тоннадан асатын есірткі шөбі жойылды

Алматы облысында ірі есірткі иесі ұсталып, бір жарым гектар марихуана плантациясы жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

«Қарасора-2020» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Алматы облысының есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қапшағай қаласының 46 жастағы тұрғынын ұстады. 
Сот-химиялық сараптамасына сәйкес «кептірілген марихуана» деп танылған, салмағы 10 кг-нан асатын өсімдік тектес заты бар төрт полимерлік қап, сондай-ақ, салмағы 35 кг-нан асатын 845 түп «қарасора» тұқымдас өсімдігі табылып, тәркіленді. 

Күдіктінің айтуы бойынша, ол тәркіленген есірткі затын жеке мақсатта пайдалану үшін Қапшағай қаласына жақын маңнан жинап алған. Аталған орынға жеткен жедел-тергеу тобы шамамен бір жарым гектар алқапты алып жатқан «қарасора» плантациясын тауып, жойды. 

Шабылған массаның жалпы салмағы төрт тоннадан асқан. 

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша тіркелді. Есірткі сатушыға үш жылдан жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
 

Сондай-ақ оқыңыз