Үкімет 5,9 трлн теңгені қайда жұмсайды? Министрлер жауабын берді

42 500 теңгеге өтініштер қабылдау тоқтатылады

Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде халықты жұмыспен қамту және елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бағытындағы дағдарысқа қарсы шаралардың қалай жүзеге асып жатқаны жайында брифинг өтті. Баспасөз жиынына қатысқан үкімет мүшелері бюджет қаржысының қалай жұмсалатынын айтты. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, Үкімет елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру үшін 5,9 триллион теңге бөлген.

«Бұл қаражат республикалық бюджет есебінен бөлінген 3,4 трлн теңге және бюджеттен тыс қаражат есебінен бөлінген 2,5 трлн теңгеден құралған.  Негізінен шығындар халықты жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, ай сайынғы кірістерді жоғалтуына байланысты төлемдерге, әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй құрылысына және мемлекет басшысының басқа да тапсырмалары бойынша жұмсалады. Атап айтқанда жұмыспен қамтудың жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге (республикалық бюджет – 300 миллиард, бюджеттен тыс қаражат - 700 млрд теңге) қарастырылған. Осы қаражаттың арқасында өңірлерде инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және 255 мың жұмыс орны құрылады. Айналым капиталы жылдық 8 пайызбен жеңілдікпен және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жылдық 6 пайызбен несие беру үшін бюджеттен тыс қаражаттан 1 трлн теңге қарастырылған. 2 ай ішінде 4,5 миллион адам 42 500 әлеуметтік төлем алды. Бұл мақсатта мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 380 млрд теңге бөлінген. Тұрғын ұй құрылысын 15 млн шаршы метрге жеткізу үшін қосымша 390 млрд теңге бюджеттен тыс көзден тартылады. Республикалық бюджеттің салық кірістерінің төмендеуін өтеуге және тиісті мемлекеттік барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 1,7 трлн теңге бөлінеді. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес субъектілері  мен ірі бизнес өкілдерінің еңбекақы төлеу бойынша салықтар мен алымдарды төлеуден босатуға байланысты жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеуге 237 млрд теңге қарастырылған. 313 млрд теңге әлеуметтік төлемдерге, (зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек) 10 пайызға дейін қосымша индекстеуге, стипендия көлемін арттыруға, тұрғындардың коммуналдық қызметтерінің ақысын төлеуге жұмсалады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы-2025», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларын кеңейтуге 240 млрд теңге қарастырылған. Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 125 млрд теңге бөлініп отыр» деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ министр «коронавируспен күресу үшін Қазақстан 13,5 млрд доллар бөлді» деген ақпарат дұрыс емес» дейді ол. 
    

"Коронавируспен күрес үшін республикалық бюджеттен 125 млрд теңге бөлінген. Оған дейін үкімет резервінен 25 млрд теңге бөлінген еді. Қосындысы – 150 млрд теңге. Долларға ауыстырғанда 350 млн доллар. Бұл қаржы бюджеттен бөлінген 5,9 трлн теңгенің ішіне кіреді. Бұл бүкіл жыл бойына есептелген қаржы» деді министр брифингте. 

25 млрд теңге былай жұмсалмақ: 
•    40,6 млрд теңге – карантиндік шараларға атсалысып жатқан денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін ынталандыруға; 
•    19,5 млрд теңге – медициналық ұйымдардың медициналық қызметтері үшін төлем, коронавирусқа шалдыққан және шалдығуы мүмкін деп күдікке ілінген азаматтарды емдеу және оқшаулауға; 
•    14,8 млрд теңге – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы үш модульді кешен құрылысына; 
•    30,8 млрд теңге – төтенше жағдай кезінде халықтың жекелеген категорияларына азық-түлік және тұрмыстық тауарлар ұсынуға; Олар – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектер, тіркелген жұмыссыздар, мүгедек баланы бағушылар. 
•    8,1 млрд теңге – медицина, ішкі істер органы қызметкерлеріне, Ұлттық Гвардия әскерилеріне бір қызметтік еңбекақы мөлшерінде сыйақы беруге (66,3 мың адам); 
•    4 млрд теңге – ведомство аралық байланыс және ақпараттық жүйе жұмысын үйлестіруге; 
•    1,3 млрд теңге – блок-бекеттердегі палаткаларды жабдықтауға және қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге; 
•    225 млн теңге – тепловизорлар алуға; 
•    200 млн теңге – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақ. 
Министрдің айтуынша, осы жылы бюджетке 11,8 трлн теңге түседі деп жоспарланған. 

«Біз сәуір айында республикалық бюджетті қайта қарадық, соның ішінде ЖІӨ 4,8 трлн теңгеге және 69,7 трлн теңгеге дейін төмендеген. Мұнай бағасы жыл соңына дейін 55 доллардан 20 долларға дейін түседі. Доллар курсының орташа жылдық бағамы 440 теңгеге дейін ұлғайтылды және инфляция дәлізі 9-11 пайыз аралығында болмақ. Шығындар – 14,3 трлн теңге, бюджет тапшылығы – 2,4 трлн теңге. Әрине, бұл консервативті сценарий – ең нашар жағдайға дайын болып, бірақ ең жақсысынан үміттенеміз. Бюджетті нақтылаудың негізгі міндеті – елдегі жұмыспен қамтуды, халықтың табысын арттыруды және бизнесті қолдау. Біз елдегі экономикалық, эпидемиялық жағдайға мониторинг жасап, макроэкономикалық көрсеткіштерге ұдайы анализ жасап отырамыз. 9 айдың қорытындысы бойынша күзде бюджетті нақтылаудың қажеті бар-жоғы да анықталады. Бәрін уақыт көрсетеді» деді Смайылов. 

    Ал ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 1 трлн теңге қарастырылғанын мәлімдеді

 «600 млрд теңге Ұлттық Банк арқылы (жеңілдетілген несие бағдарламасы) беріледі. Несие мөлшерлемесі – 8 пайыз. 400 млрд теңге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы бөлінді. Бұл жерде мемлекет субсидия беретін болғандықтан 6 пайызбен беріледі» деді министр. 

    Брифингке қатысқан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов енді 42 500 теңге төлеу жалғаспайтынын айтты. 

«Осы кезге дейін 4 миллион 539 мың адамға 42 500 теңге төленді. Төтенше жағдайдың бірінші айында, яғни 16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар саны – 3 млн 735 мың. Осы адамдар екінші айға да төлемдерін алуға құқылы. Мамыр айының басынан бастап ол төлемдерді іске асыра бастадық. 5-6 мамыр кезінде 2 миллионға жуық адамның шешімдерін рәсімдеп, 99 млрд теңгені банктерге жібердік. Біраз азаматтар алып үлгерді. Одан кейін мереке күндері басталды. Ол кезде банк жұмыс істемейді. Енді қалған азаматтар бүгін алады. 
    11 мамыр күні Төтенше жағдай режимі аяқталды. Сондықтан 42 500 теңгеге жаңадан беріліп жатқан өтініштерді қабылдауды тоқтатамыз. Бірақ 11 мамырға дейін берілген өтініштер міндетті түрде қаралып, талапқа сай келсе, тағайындалып, төленетін болады» деді министр. 

Министр төтенше жағдай режимінен соң жұмыссыздық өсуіне байланысты пікірімен де бөлісті. Айтуынша, еңбек нарығындағы жағдайдың реттелуі – карантин режимінің жеңілдетіліп, кәсіпорындардың қайта жұмыс бастауына тікелей тәуелді. 

«Қалпына келу процесі өте қиын тиеді. Министрлік деңгейінде болжамдар жасадық. Біздің есептеуімізше, егер карантиннің жеңілдетілу уақыты маусым-шілде айларына сәйкес келсе онда жұмыспен қамтамасыз етудің қалыпқа келуі осы жылдың 4 тоқсанында басталмақ. Жыл соңында жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайызға жетеді. ТЖ-ға дейін бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған еді. 9 мемлекеттік бағдарламаны, олардың потенциалын есепке ала отырып біз осы жылы 1 млн 200 мың адамды жұмыспен қамти аламыз» деді Нұрымбетов. 

Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бүгін президент жариялаған «5-10-20» бағдарламасы үшін үкіметтен 390 млрд теңге бөлінетінін жария етті. Оның 180 миллиардын Ұлттық Банк «Бәйтерек» АҚ арқылы өңірлерге таратпақ. Жылдың аяғына дейін 180 миллиард теңгеге тұрғын үй құрылыстары толығымен бітеді деп жоспарланған. «Ұлттық Банк қосымша 210 миллион теңгені «Бәйтерекке» бөлейін деп отыр. Ол бүгін айтылған «5-10-20» пилоттық жобасын қаржыландыру үшін бөлінбек» деді Қайырбек Өскенбаев. Бұл ақша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үлескерлеріне 5 пайыздан берілетін болады. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif