«Теңіз» кен орны жабылуы мүмкін. Бас санитар дәрігер індеттің неліктен көп таралып жатқанының негізгі ҮШ СЕБЕБІН атады

Жарияланды
Карантин режимі жеңілдетіледі

Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова әлемде коронавирустік инфекция бойынша сырқаттану жағдайы әлі де тұрақсыз екенін айтты. 

Қазірге дейін әлем бойынша 5 миллион адам ауырып, 324 мың адам қайтыс болған. Қазақстанда 6969 жағдай тіркелді. Күнделікті емделіп шыққан адамдар саны артып жатыр. Барлығы 3649 адам жазылып шықты. Соңғы тәулікте елде 218 жаңа жағдай тіркелді. Өсу қарқыны 3 пайызды құрайды.

«Оның ішінде 25-і ауырған адаммен байланыста болғандар, 28-і скрининг арқылы анықталды, 21-і ауруханаға өз бетімен жүгінген, 17-і ауруханаға әкелінген. Соңғы бір апта ішінде індет көлемі 2 пайыздан 5 пайызға көтерілді»6- деді Бас санитар дәрігер.

 Оның айтуынша, соңғы күндерде індеттің кең таралуының бірнеше себебі бар. 

«Бұл бірінші кезекте коронавирустік инфекцияны тестілеу санының артуымен байланысты. Елімізде коронавирус инфекциясы алғаш тіркелген уақыттан бері 559 мың тестілеу жасалған. Наурыз айымен салыстырғанда тәулігіне тест жасау көлемі 6 мыңнан 23 мыңға дейін көбейген. Бұл скрининг арқылы науқастарды анықтауға мүмкіндік берді. Сәуір, мамыр айларында ауру жұқтырғандардың 66 пайызы, ал соңғы бір аптада 80 пайызға жуығы скрининг арқылы белгілі болған. Індеттің таралуының екінші себебі – ұжым ішінде ауру санының көбеюі. Қазіргі таңда «Теңіз» мұнай кен орнында 935 жағдай тіркеліп отыр. Шымкентте де «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-да қызметкерлер арасында жаппай жұқтыру анықталды. Қызметкерлер арасында – 101, мердігер ұйымдарда – 23, үй жағдайында 69 жағдай тіркелген. Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» компаниясы кеніштерінің бірінде 34 жағдай тіркелді. «Теңіз» кен орнындағы індеттің ұлғаюын ескере отырып Атырау облысына үкіметтік комиссия жіберілді. Соның нәтижесінде жұмысты жүргізу кестесі мен жоспары бекітілді. Дәл қазір осы жаңа тәртіптің орындалуын қатаң бақылау керек. Олай болмаған жағдайда бұл аурулар санының өсуіне, оқшауланудың көбеюіне, тіпті мекеменің жабылуына әкеліп соғады. Үшінші себеп – коронавирус инфекциясының симптомдары бар науқастардың өздері жиі хабарласа бастады. Ондай адамдар саны бір аптада 40 пайызға артты. Өздері хабарласатын адамдар саны жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстары алдыңғы қатарда»,– деді Айжан Есмағамбетова.

Бас санитар дәрігер адамдар карантинді аяқталды деп санап, бұрынғы өмірге жылдам қайтып оралғанын, нәтижесінде санитарлық талаптар сақталмай жұқтыру саны көбейіп жатқанын айтты. 

«Өкінішке қарай, көп адам әлі індет қаупін сезінбей жүр. Бұл аурудың организмге оңай тимейтін, қаупі өте жоғары, әсіресе аға буын адамдар үшін аса қатерлі індет екенін айтқым келеді. Ауру себебіне анализ жасау кезінде біз індетті жұқтыратын негізгі екі жол бар екенін анықтадық. Біріншісі – бекітілген санитарлық талаптар сақталмайтын (маска кию, қашықтық сақтау) еңбек ұжымдарындағы жұқтыру. Екіншісі – еңбек ұжымдарынан тысқары әлеуметтік байланыс. Біздер қонаққа барамыз, қонақ шақырамыз және мамандар айтып жатқан қарапайым гигиеналық талаптарды орындамаймыз. Мәселен, Қарағанды облысында бір жағдай 8 ауру ошағының туындауына соқтырды. Ұжымда 22, үй ошағында 11 адам ауырды. Түркістан облысында да 1 аурудың кесірінен 20 адам індет жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында бір отбасының 5 мүшесі түгел ауырған. Екеуі – үлкен жастағы азаматтар. Науқастың ата-анасы. Сондай-ақ ауызашарға жиналған адамдар да ауру таратып жатыр»,–деген Айжан Есмағамбетова: 

•    ТЖ режимінің тоқтатылуы – карантин режимінің тоқтауын білдірмейтінін; 
•    Вирустың таралуын тоқтату өзімізге байланысты екенін; 
•    Алдағы уақытта жақындарымыз бен ел экономикасына залалын келтірмеу жолдарын қарастыра отыра карантин режимі жеңілдетілетінін; 
•    Мекемелердің жұмысын бастауы мен карантин талаптарының орындалуы қатар жүргізілетінін және бір-біріне кедергі келтірмеуі керек екенін атап айтты.  
 

Сондай-ақ оқыңыз