«Бұл жолы аймақтарға көбірек көңіл бөлу керек»

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповпен сұхбат

Фото: kapital.kz

Президент тапсырмасымен «5-10-20» ипотекалық бағдарламасы іске қосылатын болды. Баспаналы болатындардың саны өскені қай жағынан да тиімді. Құрылысшыларға — жұмыс,  компанияларға — тапсырыс, халыққа үй табылады. Жаңа жобаға бөлініп отырған бюджет — 390 млрд теңге. Үйдің жалпы құнының 10 пайызын құйып, 20 жылға 5 пайыздық мөлшерлемемен пәтер кілтін алу кризис кезінде оңай бола ма? Бұл бағдарлама жайлы мамандар не дейді? Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповпен сұхбаттасқан едік. 

— Кризис қарсаңында қолға алынған бағдарламаның әсері қандай болады?

— Қазақстандықтардың қолы жететін, көпшіліктің алуға мүмкіндігі болатын баспанамен қамтамасыз ету бүгінде өте маңызды. «5-10-20» бағдарламасы еліміздің жылжымайтын мүлік нарығының дамуына жағымды әсер береді. Яғни бұдан барынша мультипликатив эффект болады. Экономикалық ахуал қазіргідей ауыр сәтте Қазақстанға дәл осындай бағдарлама керек еді. Сондықтан дер кезінде қолға алынып отыр.

— Ендеше, «5-10-20» арқасында не өзгереді?

— Жылжымайтын мүлік саласындағы процестердің бойына қан жүгіртіп, тірілтеді. Эконом класстағы, яғни 4-санаттағы үй тұрғызуға қатысатын құрылыс индустриясын стагнациядан шығарады. Бағдарламаға қатысушылардың саны да артып, кеңейе түседі. Бұл жерде маңыздысы бағдарламаның шаршы метрі бағасы бойынша барынша қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ, үй сапалы тұрғызылып, уақытында салынып біткені жөн. Осы ретте мемлекет баспананың шаршы метріне баға белгілеуге келгенде бақылап, реттеуі керек. Себебі үй салушы компаниялар бағаны тым қымбаттатып жібермес үшін қадағаланғаны дұрыс. Бағдарлама енгізілген соң жылжымайтын мүлік нарығының тұтынушылары ең минимал субсидияланған несие мөлшерлемесімен үй сатып ала алады. Жылдық мөлшерлеменің 5 пайыз болғаны қазақстандықтар үшін қазіргі таңда ең қолайлы нұсқа болып отыр. Баспанамен қамтуға мемлекет қолдау білдіретін бағдарламада аймақтарды дамытуға ерешке көңіл бөлу керегін айтқым келеді. Мегаполистерден бөлек аймақтарды, қала сырты мен моноқалаларды дамытуға күш салу керек. Қазақстандықтар сол тұратын  жерлерінде табыс тапқаны дұрыс. Сол кезде миграциялық процесс азаяды. Сондықтан бөлінген қаражаттың негізгі бөлігін облыс орталықтарына субсидиялау қажет деп ойлаймыз. 

— «7-20-25» бағдарламасында ескерілмеген тұстарына келсек, бұл жолы есте ұстау қажет шарттар қандай?

— Жаңа бағдарламаның артықшылықтарын тізіп көрейік. Несиелендірудің субсидиялық мөлшерлемесі 5 пайыз болып төмендеді. Пәтер алу үшін оның 10 пайызын салу керек, яғни алғашқы салым да азайды. Бұл жолы алғашқы жарнаның орнына «7-20-25»-те бекітілген азаматтар категориясы үшін дотациялық сертификаттар мен үшінші тұлғалардың жылжымайтын мүлік объектілерін салуға болатындай ету мәселесін қарастыру керек. Бағдарлама қатысушысының төлем қабілетін отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жинақталған табысы бойынша растауға мүмкіндік болса дейміз. Эконом-класстағы үйлердің шаршы метріне бекітілетін бағаны аймаққа байланысты мемлекет реттегені жөн. Осы «5-10-25» арқылы алынатын үйлердің сапалы болуын қадағалау қажет. 

— Экономикалық ахуал нашарлайтын тұста ипотека алушылар азая ма? Қандай болжам жасауға болады?

— Қазақстан тұрғындарының табысы азайса, ипотекалық несие арқылы үй алатындар әрине сәйкесінше азаяды. Мұндай тенденция шамамен, 2020 жылдың күзіне дейін болады. «5-10-20» бағдарламасының қатысушыларының басым бөлігі оның шарттарының енгізілуін, қолданысқа берілуін күтеді. Сөйтіп аталған бағдарламаның белсенділігі осы жылдың қазан айына қарай біліне бастайды. 

— Нарықта үйдің бағасы қалай өзгеруі мүмкін? 

— Біз жасап отырған болжам бойынша, 4-санаттағы жаңа үйлердің бағасы өспеуі тиіс. Өйткені қымбаттаса, сатып алушыларын жоғалтып алуы мүмкін. Бірінші кезекте үй салушылар пәтерін өткізуді ойлайтыны анық. 

— Сұхбатыңызға рақмет!

Осыған дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғысы келгендер пәтер таппай қиналған. 20 пайызын жинағанымен, жаңа салынған үйлерден ғана берілетін шарты бар. Тіпті бұрын иесі болмаған, жаңа пәтер тапқан күннің өзінде оны салған компания бағдарлама қатысушысы болмай шыққан кездер аз емес. Ал барлық кезеңнен өтіп, пәтер кілтін қолына алғандар болса, көршілердің түшкіргеніне дейін еститіндерін айтып, үй сапасы сын көтермейді деп шағынған. Бұл жолы қалай болары алда белгілі болады.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif