Биыл «Құдай» деген фильм түсіріледі

Жарияланды
Осы жылы түсірілетін фильмдердің тізімі бекітілді

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жетекшілігімен мемлекет тарапынан қаржыландырылатын фильмдер тізімін бекітуге арналған ведомствоаралық комиссияның онлайн форматтағы қорытынды отырысы болды,-деп хабарлайды аталмыш министрліктің телеграм арнасы.

Бұл басқосу Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған екінші питчинг нәтижесінде өтіп отыр. Жалпы питчингке түскен 223 өтініштің ішінен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Кеңесі 88 жобаны мақұлдап, алғаш рет онлайнда өтіп жатқан  қорғауға жіберді.

Кеңес мүшелері кинематографистер жұмысының жан-жақтылығы мен жанрлар алуандығын тілге тиек етті.

Екінші питчингке даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы «13-й непобедимый», «Штурмовик 13», Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Әди Шәріповке, танымал «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналған туындылар мен драмеди (трагикомедияның телевизияға бейімделген нұсқасы) форматындағы «Билет из рая», «Адам и Алма» лирикалық комедиясы, «Аға», «Құдай» сынды өзге де фильмдер ұсынылған.

Аталған жобалардың 22-сі көркемдік, 18-і деректі, 8-і авторлық, 6-ы анимация, 9-ы қысқаметражды, 14-і тұсаукесер, 5-еуі халықаралық бірлескен, 3-еуі Абай  Құнанбайұлына арналған. Сонымен қоса «Алыстағы ағайын» деректі фильмдер конкурсы бойынша 3 туынды бар. Қазір бұл жобаның барлығы ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберілді.

Айта кетейік, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын фильмдер тізімін бекітуге арналған ведомствоаралық комиссия жобаларды ҚР Заң нормалары мен мемлекеттік мүддеге қайшы келмеуін негізге алады. Сонымен қатар комиссия жоба өндірісін асыра бағалауды болдырмас үшін жоспарланған қаржы соммасын да қайта қарайды.  

Ведомствоаралық комиссия құрамына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Парламент депутаттары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, ҚР Білім және ғылым вице-министрі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары мен өзге де мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін 10 адам кіреді.

Қазақстан Республикасының «Кинематография туралы» заңына сәйкес мемлекеттен қаржы бөлінетін фильмдер киножобаларды іріктеу арқылы жүргізіледі. Ал шешімді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Кеңесінің қорытындысы мен Ұлттық фильмдерді қаржылық қолдау бойынша ведомствоаралық комиссияның ұсынысымен жауапты мекеме қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыз