42 500 теңгені екінші рет кімдер алады? Министрлік түсініктеме берді

Жарияланды
3 миллионға жуық адамның өтініші кері қайтарылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін 42 500 теңгенің екінші төлемін кімдердің алатынын түсіндірді. 

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, төлем жіберудің алғашқы айы – 16 наурыз бен 15 сәуір аралығы. Екінші ай 16 сәуір мен 11 мамыр аралығында есептелмек. Еске салсақ, елімізде төтенше жағдай режимі 16 наурызда енгізілген болатын. 

    «16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар ережеде жазылған шартқа сәйкес екінші рет 42 500 теңге ала алады» деп хабарланған министрлік мәлімдемесінде. Бұған дейін ведомство жәрдемақыны алу үшін екінші рет өтініш берудің қажет емес екенін, төлем автоматты түрде түсетінін айтқан болатын. 

    Қазірге дейін 5,9 миллион азамат әлеуметтік көмекті алуға өтініш білдірген. Алайда олардың 3 миллионға жуығының өтініші түрлі себептер бойынша кері қайтарылған. Ал 164 мыңнан астам қазақстандық 42 500 теңгені қайтадан мемлекетке қайтарып берген. Әлеуметтік төлем туралы egov.kz және 42500.enbek.kz сайттары арқылы ақпарат алуға болады. 

    7 мамыр күні министрлік 2,1 млн қазақстандықтың төтенше жағдай режимі кезеңінде табысынан айырылуына байланысты екінші рет 42 500 теңге әлеуметтік төлемін алғанын хабарлады. 

«Осы бағытта жұмыс жалғасуда. Бұған дейін хабарлағандай, төлемді есептеу үшін алғашқы ай ретінде 16 наурыздан бастап 15 сәуір аралығы алынады. Қазіргі төтенше жағдай бойынша екінші ай 16 сәуірден 11 мамырға дейін. Естеріңізге сала кетейік, «42 500 теңге» төлемі енгізілген сәттен бастап оны 4,5 млн адам алды» делінген министрлік хабарламасында.  

Әлеуметтік желіде 42 500 теңгені алу бойынша наразы пікір білдіргендердің қарасы көп. Олар министр мен вице-министрдің парақшасына кіріп, шағымдарын қалдырған. 

«Маған алғашқы 42 500 теңге 2 сәуір күні түсті. Ал бүгін 6 мамыр. Екінші төлем әлі түскен жоқ. Алда мереке күндері. 11 мамыр күні төтенше жағдай режимі аяқталады. Бізге төлене ме, жоқ па»? деп жазады Зейнеп Базарбайқызы. 

«Мен – студентпін. Кафеде жұмыс істеймін. Яғни, өз-өзімді жұмыспен қамтушымын. ТЖ кезінде табысымнан айырылдым. Бірыңғай жиынтық төлем жасап, үш күннен соң өтініш бердім. ТЖ-ға байланысты табысыңызды растамадыңыз деп өтінішім кері қайтарылды. Екінші рет өтініш сайт арқылы да, бот арқылы да қабылданбай жатыр. Естігенім бойынша, мен сияқты көп студенттің өтініші кері қайтарылған. Шағымымды қарастыруыңызды сұраймын» деп жазған Айнұр Ертаева. 

Мұндай шағымдар тізбегі көп. Бірақ министрлік басшысы да, вице-министр де оның бірде-біріне жауап бермеген. 

Министрлік таратқан ақпарға сенсек, 5 мамырдағы жағдай бойынша 42 500 теңге төлеміне 8 млн 32 мың адам өтініш берген. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 478 мың теңге әлеуметтік төлем тағайындалыпты. Жәрдемақы ең көп тағайындалған өңір – Алматы облысы. 646,9 мың адам. Одан кейін Түркістан облысы мен (528,9 мың адам) Алматы қаласы (433,7 мың адам) орналасқан. 

«Мақұлдағаннан кейін шоттарға ақша жіберілгендігі туралы сұрақтар көптеп келіп түсуде. Нақты ЖСН-і бойынша тексеруді жиі сұрауда. Сондықтан, әрбір адам өзіне ақша жіберілгенін және қайда жібергенін білу үшін, біз цифрлық командамызбен соңғы күндер ішінде бірқатар интеграция мен техникалық жұмыстарды жүргіздік. Енді egov.kz және 42500.enbek.kz-тегі мәртебеде (статуста) ақша жіберілгенін және қандай банкке жіберілгенін көруге болады? Егер өтінім мақұлданса және ақша жіберілсе, мәртебесі 5 қадамды жасыл түспен көрсетеді, ал төменгі жағында 42500 теңге қандай банкке жіберілгені жазылады. Бұл жағдайда, егер картада түсімдер жоқ болса, банкке хабарласуыңызға болады. Егер өтінім мақұлданған болса, бірақ шот нөмірінде қате болса, мәртебеде 5 қадамды сары түспен көрсетеді, төменде дұрыс шот нөмірін алу үшін не істеу керек туралы ақпарат көрсетіледі. Мұндай қателіктердің бір бөлігін біз өзіміз анықтаймыз, бірақ бір бөлігін көре алмаймыз және банктер ақшаны қайтарады. Сонда біздің базамыз арқылы немесе СМС арқылы басқа шоттарды іздеуге тура келеді» деп жазған болатын бұған дейін Нариман Мұқышев Фейсбуктегі парақшасында. 

Министрлік мынадай себептер бойынша 42 500 теңгені төлеуден бас тарттық дейді: 
•    Өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
•    Банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
•    Өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
•    Өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
•    Өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
•    Өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
 

Сондай-ақ оқыңыз