Төтенше жағдай Қазақстанға не үйретіп жатыр?

Коронавирус пандемиясы көптеген саладағы қордаланған мәселелердің бетін ашты

Фото:shutterstock.com

Дәп қазір еліміздегі төтенше жағдай қазақстандықтардың сабыр, төзім, кәсібилік, денсаулық, сауатына һәм мемлекеттің экономикалық, цифрлық әлеуетіне де сынақ болып келді. Күн сайын сан түрлі ереже (заң) мен әлеуметтік түсінбеушілік пайда болып жатыр. 

Жаңа жылдың алдында Қытайдың Ухань қаласын коронавирус дерті жайлай бастағанда біз тіпті бейқам едік. (Сол бейқамдықтан әлі де толық арыла алмай жүрміз, шыны керек). Рас, жалғыз Қазақстан емес, әлемнің көптеген елі ауыр дерттің өз шекарасынан аттамасына бек сенімді болған сыңайлы (Сол сенімін әлі күнге жоғалтпаған Беларусь, Тәжікстан сияқты елдер де бар). Біз де сол қатарда болдық. Бертінге дейін бармақ басын қимылдатқанымызға күмән көп. Жағдайдың ауырлығы сезіліп, көршілерімізді дерт шала бастағанда да «сабырлы» қалпымыздан танбадық.

Шамамен наурыз айының ортасына қарай елімізде коронавирустың пайда болатыны белгілі болды. Оны ведомство ресми хабарлады да. Бірақ солай болатынын біле тұра, мемлекет шекараны жаппады. Науқастар мен вирус жұқтырғандарды қабылдайтын бөлек аурухана салу туралы шара қабылдаған жоқ. Ақыры қанынан коронавирус табылған отандастарымызды жаппай жұқпалы аурулар ауруханасына әкеліп жатқыза бастады. Бұл сөзсіз, вирустың таралу қаупін арттырмаса, кемітпейтіні анық еді. Ал коронавирусқа арналған жеке госпиталь (280 орынға лайықталған) салу шарасы тек төтенше жағдайдың 20-күнінде (4 сәуір) басталды. Құрылысты отандық Bi Group компаниясы жүргізбек. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, үш медициналық модулді нысан құрылысына 14,8 млрд теңге бөлінген. Мұндай нысан құрылысы Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де басталмақ. Егер осы істі ақпанның соңы, тым құрығанда наурыздың басында бастап кеп жібергенде, қаралы статистика қазіргіден әлдеқайда төмен болар ма еді. 

    Білім министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің интернет жүйесі нашар екенін айтты. Осылайша, әшейінде шенеуніктердің аузынан аса бір қуанышпен шығатын «цифрлық даму», «цифрлану», «онлайн білім беру» сияқты сөздердің салмағы тым жеңіл болғаны аңдалып қалды. Сөйтіп, 6 сәуірден бастап республика бойынша мектеп оқушыларына білім беру жүйесі тек телеарна шеңберінде ғана жүзеге асатын болды. 

    «Бүкіл ел аумағында онлайн-стриминг арқылы байланысқа шығу мүмкін емес екеніне көзіміз жетті. Көп ата-ана интернетке қосыла алмады. 2,5 миллион баланы тікелей эфирге шығарып, онлайн оқытуға елдегі интернет күшінің жетпейтіндігін аңғардық. Сондықтан балаларымыз сапалы білім алу үшін онлайн жүйені қолдануды доғардық. Біз енді басқа механизмдерге жүгінеміз»,– деген еді министр.

Білім саласында былай да проблема шаш етектен еді. Енді оған онлайн жүйе келіп қосылды. Осыған дейін талай айтылған, бірақ әлі бір ретке түспеген – оқулықтағы қателер, ұстаз біліктілігі, оқушылар тәртібі, мектептегі этика мен қағазбастылық сияқты түйткілдер автоматты түрде шетке ысырылды. Осы орайда саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев әлеуметтік желіде жазба қалдырды. 

«Білім және ғылым министрлігін екіге бөлуді ұсындым. Бір министрлік: бала-бақша, мектеп, колледжерге, екінші министрлік: ЖОО және ғылымға жауапты болуы тиіс. Себебі Еуропа түгіл, Ресей де солай істеді. Бұл сән емес, заман талабы, маман даярлау мен ғылым үлкен индустрияға айналды, жолға қойсаң, миллиардтар әкеледі. Ғылымға бизнестің ақшасын тартатын министр балабақша тазалығымен, оқулықтың қатесімен күреспеу керек. Ол уақыт өтті. Ал универ мен ғылым біріксе, осындай қысылтаяң кезде Кембридж универі секілді коронавирусты 90 минутта анықтайтын Samba II дейтін тест ойлап табады. Оңтүстік Корея ондай тестты 1 аптада шығарды. 3 күннен соң жаппай өндіре бастады.Сонау 2008 жылы президент айтқан парасатты экономика, ғылымға негізделген экономика деген осы еді. Бірақ ол ұғым архивте қалды» деп жазады ол өз парақшасында. 

Қызып тұрған даудың ең ірісі – 42 500. Жәрдемақыдан үміттілер әуелі eGov порталынан электронды кілт алып, сосын 42 500 теңге алуға өтініш жіберіп әлек. Тіркелу, расын айтқанда – қиямет-қайым. Жолы оңай, бірақ интернет әлсіз. Интернет жүйткіген кейбір сәттерде портал көп қысымды көтере алмай қала береді. Әрі-бері шұқылап түсіне алмағандар Бірыңғай жиынтық төлем төлеудің жолын іздеген. Ақыры мемлекет беріп жатыр екен, біз де қарпып қалайық деп көп адам өтініш қалдырыпты. Тексерсе, олардың көбі тап осы жәрдемақыны алуға құқылы емес болып шыққан. Яғни, наурыз айында жалақы алған азаматтарға бұл жәрдемақы төленбейді. 

«Тексеру нәтижесінде 2000-ға жуық адамның қаңтар, ақпан, наурыз айларында 500 мың, тіпті одан да көп жалақы алғанын білдік. Бірақ олар қазіргі жағдайда мемлекеттен көмек алуға құқылымыз деп, өтініш тастаған. Алайда бұл моральдық тұрғыда дұрыс емес деп санаймын. Осы 2000 азаматтың алдында кешірім сұраймын, бірақ біз оларға бұл жәрдемақыны төлей алмаймыз»,– депті министр Біржан Нұрымбетов. 

Бірақ жәрдемақыны алу үшін банктегі есепшотыңды ұсыну керек. Сөйтсек, ол дегеніңіз жарты қазақстандықта жоқ болып шықты. Кешелі-бері банк бөлімшелерінің алды толған адам. Естігенімізді емес, көргенімізді-ақ қайтайық: бір ғана Қаскелең қаласындағы «Халық банк» пен оған қарама-қарсы Kaspi банк бөлімшелерінің алдында жүз қаралы адам кезекте тұрды (06.04.20). Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов банктерге азаматтар өтінішін онлайн қабылдап, картаны үйлеріне жеткізіп беруін сұрады. Кеш емес пе? Кешеден бері әр банктің алдында арысы – жүз шақты, берісі – 30-40 адам жиылды. Мұндай көрініс өңірлерде де қайталанған. Халық телеарнадан жиі айтылып жатқан «Үйде болыңызды» елемей отыр ма, әлде аштан қалмаудың қамы деп, бастарын тәуекелге тігіп көше кезіп кетті ме? Мемлекет дұрыс түсіндірмеді ме, әлде азаматтардың сауаты төмен бе? Жалпы, осыншам адамда неге әлі күнге есепшот жоқ? Сонда олар мүлде ресми жұмыс істемеген бе? Карантин осыған дейін құлақ етімізді жеген «пәленбай жұмыс орны ашылды», «Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті» деген жаңалықтардың бетпердесін сыпырып түсірген сыңайлы. 

Тізе берсек, түйткіл көп. Карантин де бітер, бұлтқа жасырынған күн де ашылар. Сол кезде біз қолға алуға тиіс жұмыстардың ішіндегі ең маңыздысы – жұмыссыздықты шешу болуы тиіс сияқты. Себебі, адамның ресми жұмыспен айналысуы, соған сай жақсы жалақы алуы – оның жалған ақпаратқа сенбейтін сауатты болуына мүмкіндік бермек. Ол үшін әлбетте мемлекет лайықты жағдай жасау керек. Батыс «дағдарыстың бір аты – мүмкіндік» деп бекер айтпаса керек. Тап қазіргі карантин: 
•    Орта және шағын бизнесті гүлдендіретін; 
•    Кәсіпкерлерге мүмкіндік сыйлайтын; 
•    Онлайн жұмыс сапасын арттыруға жол ашатын; 
•    Қолда бар аз қаржымен-ақ көп нәрсе тындыруға үйрететін; 
•    Кез-келген әлеуметтік төлем бойынша нақты, түсінікті, ыңғайлы ортақ ресурс (сайт) жасап қоятын; 
•    Банктерді онлайн жұмыс істеуге үйрететін;  
•    Денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерді кешенді түрде шеше алатын; 
•    Ғылымға көңілмен қатар қаржы бөлетін; 
•    Қай салада да сөзден іске көшетін мүмкіндік болса игі. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif