Тоқаев айтқан индексация. Зейнетақы мен жәрдемақы қаншаға көбейеді?

БЖЗҚ зейнетақы төлемдерінің есебі баяғыдай қала беретінін айтады

Фото: shutterstock.com

Осыдан бір апта бұрын халыққа арнап елдегі төтенше жағдайға байланысты экономикалық ахуал жайында мәлімдеме жасаған президент Тоқаев халықтың материалдық жағдайын құлдыратпас үшін, қазынадан миллиардтаған қаржы бөлінетінін айтты. 

Біз бүгін мемлекет басшысының зейнетақы мен жәрдемақыға қатысты сөзін ғана бөліп алып, қысқаша түсініктеме бере кетсек дейміз. Үндеуде президент: «Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді» деді. 

Алдымен индексациялау дегеніміз не, соған тоқталайық. Индексация сөзі латын тілінен аударғанда «тізім» деген мағынаны береді. Яғни, экономикада бұл ұғым – инфляциядан қорғану құралы дегенді аңғартады. Әлемдік тәжірибеде индексацияның екі түрі бар. Алғашқы нұсқа (автоматты) бойынша еңбек төлемдері мен басқа да табыстар баға өсіміне пропорционалды түрде артады. Ал екінші, жартылай автоматты нұсқа негізінен ЕуроОдақ елдерінде қолданысқа ие. Ол бойынша жұмыс беруші, кәсіподақ, мемлекеттік орган өкілдерімен келіссөз жүргізіліп, соның нәтижесі бойынша ұжымдық келісімшарт жасау үшін әлеуметтік төлемнің төменгі шегі белгіленеді. 

Президент айтқан: 
•    Зейнеткерлер; 
•    Мемлекеттік жәрдемақы алушылар; 
•    Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындардың еліміз бойынша саны қанша?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзіне сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 2 миллионнан астам адам зейнет жасына жеткен. Ал 2018 жылдың дерегі бойынша 587 мың қазақстандық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алған. Бұл цифр туралы экс-министр Мәдина Әбілқасымова екі жыл бұрын Үкімет отырысында айтқан. Мемлекеттік жәрдемақыны:

•    Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері; 
•    Мүгедектер; 
•    Еңбек ардагерлері; 
•    Қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасылары; 
•    Көпбалалы аналар; 
•    18 жасқа дейінгі және ол жастан асқан мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар алады. 

Мемлекеттік жәрдемақы 10 мың отбасыға тағайындалған. Оның мөлшері әр санатта әртүрлі.

2019 жылдың тамыз айындағы дерек бойынша 1,8 млн қазақстандық Атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қаңтар айында КТК телеарнасына берген сұхбатында бұл көмекті алушылар санының 2 миллион 400 адамға жеткенін айтады. 

Енді осы төлемдердің барлығына 10 пайыз үстеме ақша қосылады. Бұл үшін ел бюджетінен 200 миллиард теңге бөлініп отыр. Осыған орай экономист Оразбек Мырзақұл пікір білдірді. 

«Бұл бастама халықтың жағдайын жақсарту үшін емес, халықтың жағдайын қазіргі деңгейінде ұстап тұру үшін жасалып жатыр. Себебі, индексация дегеніміздің өзі – азаматтардың төлем қабілетін, табысын қорғау мақсатында жасалатын әрекет. Осылайша, мемлекет белгілі бір әлеуметтік топтағы адамдардың табысын сақтауға жұмыс істеп жатыр. Бұл мақсатта бюджеттен 200 млрд теңге бөлінеді деді. Яғни, 200 млрд теңге – сәуір айынан бастап жыл аяғына дейінгі индексацияға кететін шығындардың жалпы мөлшері» дейді ол. 

Сарапшының айтуынша, егер алдағы уақытта инфляция көлемі тағы өсіп жатса да индексация болмайды. Себебі, индексация бір жылда бір рет қана жасалады.

Наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция деңгейі 6,4 пайызды құрады. Бұл дегеніңіз, инфляция қаржылық қадағалаушының (Ұлттық банк) дәлізінен шығып кетті дегенді білдіреді. Статистика комитетінің мәліметінше, былтырдан бері азық-түлік тауарлары 9,3, азық-түлік емес тауарлар 5,5, ал қызметтер 3,5 пайызға қымбаттап кеткен. 
    
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) баспасөз қызметінің дерегінше, зейнетақы төлемдерінің есебі бұрынғыдай қала бермек. 

"Пезиденттің зейнетақы мен жәрдемақыларды 10 пайыз мөлшерінде индекстеу туралы тапсырмасы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін төлемдерге қатысты екендігіне назарыңызды аударамыз. Демек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013 ж. № 1042 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын басшылыққа ала отырып реттелген БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін кесте бойынша беру тәртібі бұрынғы қалпында қалады. Ең төменгі күнкөріс шамасы мен ең төмен зейнетақы мөлшері заңнамалық деңгейде қайта қарастырылған жағдайда тиісінше, ең төменгі төлем мен БЖЗҚ-дан берілетін біржолғы төлем мөлшері де көбейеді делінген хабарламада. 
    
Маманның сөзінше, бұл мәлімдемені дұрыс түсіну керек. 

«Жалпы, БЖЗҚ-дағы қаржы қоры қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын – міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралады. Бұл екеуі екі бөлек нәрсе. Демек, зейнетақы қорынан төленетін төлемдер баяғы деңгейде қала береді. Бірақ үстіндегі 10 пайыздық үстеме қаржы республикалық бюджет есебінен қосылады.

Еске сала кетейік, дәл қазір Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі іске қосылып, ол – базалық, міндетті және ерікті деп үшке бөлінген. Соған орай: 
•    Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (бірінші деңгей) – республикалық бюджеттен; 
•    Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – республикалық бюджеттен және жинақтаушы зейнетақы қорынан; 
•    Ерікті төлем – ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленеді. 

БЖЗҚ осы ерекшеліктерді алға тартып отыр. 

Еске сала кетейік, министрлік индексацияланған зейнетақы мен жәрдемақылардың 1 мамырдан бастап берілетінін ресми жария етті. 
 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif